Ауыл әйелдері әлеуметтік осал топқа жата ма?

5044

Әйелдер экономиканы өркендетеді.  

Ауыл әйелдері әлеуметтік осал топқа жата ма?

Соңғы жылдары әйелдер құқының қорғалуы және олардың кәсіпкерлікпен айналысуы мәселесі жиі көтерілуде. Көпбалалы аналар саяси өзгерістердің қозғаушы күші ретінде қоғамға әсер ете алатынын көрсетіп жатыр. Қазіргі ауыл әйелінің тұрмысы қандай? Қандай кәсіппен айналысады? Не толғандырады? Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы (AERC) мамандары ауыл-аймақты аралап, әйелдердің тұрмыс-тіршілігін зерттеп қайтты.

AERC директоры Жәнібек Айғазиннің айтуынша, ауыл әйелдері әлеуметтік тұрғыда ең осал топқа жатады.

"Біріккен ұлттар ұйымы 2018 жылы зерттеу жүргізіп, ауыл әйелдерін әлеуметтік тұрғыда ең осал топ екенін анықтаған. Ауылда және қалада тұратын әйелдер мен ер адамдарды әлеуметтік төрт топқа бөліп қарастырсақ, ауыл әйелдері ең әлсіз болып есептеледі. Әрине, ауылда үй шаруашылығына қарау керек, табыс аз, ал негізгі ресурстар алыста. Осылардың барлығы теңсіздікке әкелуде", – дейді Жәнібек Айғазин.

Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеевтің айтуынша, осындай зерттеулер жүргізу маңызды.

"Ауыл әйелдерінің жай-күйін бір-екі зерттеумен ғана толық білу мүмкін емес. Басты мақсатымыз – осы салада ақпарат жинау. Өйткені ауыл әйелдерінің тұрмысы жайында ақпарат аз. Осы зерттеу материалдары Президенттен бастап, Премьер-Министр, вице-премьерлерге, барлық министр мен депутатқа жолданады. Бұл еңбек еліміздегі әйелдерге қатысты дұрыс саясат жүргізілуге қызмет ететін ақпататтық база болатындығына сенімдімін", – дейді орталықтың ғылыми жетекшісі.

"Қазақстанда көптеген елдердегідей әйелдер саны басым. Олар мектепте, университетте ерлерден қарағанда жақсырақ оқиды. Алайда қоғамдық өмірге келгенде, әртүрлі себептерге байланысты жоспарларын соңына дейін орындай алмай жатады. Сол себепті Қазақстанда әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланар болсақ, елдегі экономикалық өркендеу де жоғарырақ болады", – дей отырып ғалым ауыл әйелдеріне қатысты жинаған мәліметтерін жариялады.  

Дереккөз: AERC

Зерттеушілер ұсынған мәліметтердің барлығы жағымды деуге келмейді. Соның ішінде, отбасында орын алатын зорлық-зомбылық та, әйелдерге әлімжеттілік жасау да ауылдық жерлерде аз емес. Тіпті, елдегі әйелдердің 15%-дан астамы кей жағдайларда күш көрсеткенді орынды санайды екен. Ал ауылдық жерлерде әйелдердің 21%-ы осыған келіседі. Жалпы, 2018 жылы Қазақстанда орын алған барлық қылмыстың 38%-ы әйелдерге қарсы жасалған.

 

Дереккөз: AERC

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу