Ауылда еңбекке қабілетті әйелдер санының өсімі 0 %

7023

Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері зерттелді. 

Ауылда еңбекке қабілетті әйелдер санының өсімі 0 %

Қазақстан ауылдарында тұратын әйелдердің жай-күйіне қатысты ақпараттар БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде сирек айтылады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін, Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (AERC) зерттеушілері ауыл әйелінің тұрмыс-тіршілігімен танысып, еліміздің ауылдарындағы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін зерделеді.

Зерттеу жұмысы Қазақстандағы "ауыл әйелдерінің жағдайы қалада тұратын әйелдер мен ауылдағы ер адамдарға қарағанда осал" деген болжамға сүйеніп жүргізілген. Осындай гипотеза жасалуына ауыл тұрғындарының табысының төмендігі, жұмысқа орналасу мүмкіндігінің шектеулігі, әлеуметтік қызметтер мен инфрақұрылымның төмендігі, үйде қосымша шаруашылықтың болуы және көптеген отбасының үлкен болып келуі әсер еткен.

63 жастан асқан әйелдер саны ерлерден екі есе көп

Өткен жылдың басында Қазақстан халқының саны 18,2 млн адамға жеткен. Оның 8,8 миллионы (48,4%) ер адам болса, әйелдер 9,4 миллион (51,6%). Жалпы статистикалық мәліметтер елімізде әйелдердің көбірек екенін көрсетеді. Дегенмен жас ерекшелігіне мән берер болсақ, 0 жастан 62 жасқа дейінгі ер-азаматтар саны басым. Ал 63 жастан асқан адамдар арасында әйелдер ерлерден екі есе көп екені анықталған. 

Еңбекке қабілетті әйелдер санының өсімі 0%.

Зерттеу нәтижесі ауыл тұрғындарының қалаға көшіп жатқанын көрсетті. 2009–2018 жылдар аралығында ауылда 15-64 жас аралығындағы еңбекке қабілетті әйелдер санының өсімі 0%-ды көрсеткен. Ауылдық жерлерден білікті кадрлардың кетуі ауылдағы еңбек өнімділігінің төмендеуі мен өмір сүру деңгейінің нашарлауына әкеп соқтыруы мүмкін. Ал қалаларда инфрақұрылым, құрылыс және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қысым түсуде.

Азық-түлікке ауыл тұрғындары көбірек қаржы жұмсайды

Ауылда тұратын адамдар мал ұстап, бақша өсіргенімен, азық-түлікке қала тұрғындарынан қарағанда көбірек қаржы жұмсайды екен. 2017 жылы қала тұрғындары табысының 45,1%-ын ас ішуге жұмсаса, ауылдықтар тамаққа табысының 49,5%-ын шығындаған. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан азаматтарының басым көпшілігі табысының жартысына азық-түлік алады. Тіптен еліміздің 16% тұрғыны тапқан-таянғанының барлығына дерлік тамақ сатып алады.

Ал дамыған елдерде табыстың 15-20% ғана азық-түлікке жұмсалады деген мәлімет бар. Елімізде азық-түлік бағасының қымбаттауы да тоқтамауда. Биылғы жылдың қараша айының соңына дейінгі жағдай бойынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 10,1%-ға өскен. Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті азық-түлік бағасын тұрақтандыруда әртүрлі шара қолданып жатқанын айтуда.

"Бағаларды төмендету үшін саланы дамытуға жауап беретін мемлекеттік органдардың тауар нарығын толтыру, нарық субъектілерінің саны мен өндіру көлемін ұлғайту, мемлекеттік қолдау шараларын қабылдау тұрғысында әрекет ету қажет. Бағалардың өсуінің объективті факторлары аясында нарық субъектілері өзінің үстем жағдайын теріс пайдаланып, бағаларды негізсіз көтере алады", – дейді комитет басшысы Рустам Ахметов.

Жұмыстың жоқтығынан жұмыссыз жүр

AERC зерттеуі көрсеткендей, жұмыссыздық мәселесінда ауыл мен қала әйелдерінің арасында айтарлықтай айырмашылық байқалмайды. Қалада тұратын барлық әйелдердің 5,2%-ы жұмыссыз жүрсе, ауылда бұл көрсеткіш 5,7%. Ер адамдарға қарағанда төмен жалақы алдан басқа әйелдерге жұмыс табу да қиынырақ. Бұл жағдай оларды атаулы әлеуметтік көмек алуға көбірек жүгінуіне мәжбүр етуде. Жұмыссыз жүруінің себебі ретінде ауыл әйелдері жұмыс таба алмайтындығын айтады.

"Ауылдағы еңбекке қабілетті жастағы әйелдердің саны азаюда, әрі олар  экономикалық өмірге белсенді қатыспайды. Әйелдер көбінесе мемлекеттік қызмет, білім беру, денсаулық сақтау және сауда саласында жұмыс істейді. Сол себепті әйелдердің жалақысы ерлерден 30% төменірек. Ауылдық жерлердегі инфрақұрылымның дамуы әйелдер бизнесін жандандыру үшін шешуші фактор. Сонымен қатар, Қазақстанда гендерлік теңдік саясатының басымдығы төмен, атқарушы билік деңгейінде мәселелерді жете түсінбеушілік бар", – дейді AERC ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу