Жамбыл облысындағы 19 мыңға жуық шаруа қожалығының төрттен бірін әйелдер басқарады

1756

Жамбыл облысында 1 миллионнан астам халық тұрса, оның 60 пайызы ауылда тұрады. Ал оның жартысы – әйелдер.

Жамбыл облысындағы 19 мыңға жуық шаруа қожалығының төрттен бірін әйелдер басқарады

Өңірдегі бұрымдылардың 29-ы аудандық мәслихат депутаттары, 20415-і – ұстаз, 785-і – дәрігер, 1000-ға жуығы мемлекеттік қызметкерлер екен. Сондай-ақ облыстағы 19 мыңға жуық шаруа қожалығының төрттен бірі әйелдердің жетекшілігінде. Қазір олар ауылда тұрып-ақ табыс табуға болатынын жақсы біледі.

Бұл мәліметтер Тараз қаласында өткен ауыл әйелдерінің форумында белгілі болды.

"Биылғы жылы 393 әйел "Бастау-Бизнес" жобасымен кәсіп ашудың қыр-сырын оқып-үйренсе, мемлекеттік бағдарлама бойынша 111 әйел шағын несие, 46 әйел қайтарымсыз грант алды. Ал "Еңбек" бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан нәзік жандылардың саны 9725-ті құрады. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары тарапынан үй іргесіндегі жеке қосалқы шаруашылықты тиімді пайдалануға қатысты жобалар жинақталып, есебі шығарылды. Бүгінде жалпы құны 497,7 млн теңгені құрайтын 9 кәсіпорынның бизнес-жоспары екінші деңгейлі банктер тарапынан мақұлданды. Оның ішінде әйел азаматшалар басқарып отырған балабақша құрылысымен айналысатын "Жұмабекова", құс етінен өнімдер өндіретін "Бахадырқызы Мадина" жеке кәсіпкерлік нысандары бар", – деді жиында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев.

Аймақтағы демографиялық өсімді арттырудағы әйелдердің рөлі де аса маңызды. Биылғы жылдың 7 айының өзінде мұнда 14678  нәресте дүниеге келді. Бүгінде облыста 44100 көпбалалы отбасы, 4416 "Алтын" және  9112 "Күміс алқа" иегерлері бар.

Бұған дейін ауыл әйелдерінің форумы еліміздің төрт облысында өткен. Былтыр бірінші рет ұйымдастырылған республикалық Қазақстан ауыл әйелдерінің форумының өтуіне тікелей бастамашы болған Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсинаның сөзінше, бұл шараға 150 жамбылдық әйел қатысуда. "Жұмысты ең төменгі сатыдан бастаған нәзікжандыдар үшін гранттар бөлу мәселесі де бар. Оған жергілікті әкімдіктердің және меценаттардың да көмегі керек. Жалпы, "Жасыл экономиканы және G-Global-ды дамыту Коалициясы" ЗТБ ұйымы негізінен 2020 жылға дейін 5 млн жұмыссыз әйелді жұмыспен қамту мәселесіне де назар аударып отыр" - деді ол.

"Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы" ЗТБ басқарма төрағасы, Президент жанындағы "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі кеңестің мүшесі Салтанат Рақымбекова ауыл әйелдеріне несие беру, грант бөлу, қолдау шаралары аясында жеті жылда атқарылған жұмыстардың ауқымдылығына тоқталды. "Осы жылдар ішінде 51 әйелдің әрқайсысына төрт мың АҚШ долллары көлемінде грант бөлінді. Сондай-ақ, бес мың әйел әрқайсысы 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз гранттарға ие болды. Басты мақсат ауыл әйелдерін ынталандыру болуы керек. Жақсы нәтижеге қол жеткізіп, өз ортасында көшбасшы болған аруларды көтермелеп, мемлекеттік марапаттарға да ұсынып отырмыз" - деді Салтанат Темірқұлқызы.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу