"Атамекен" ҰКП жеті жылда не тындырды?

4291

Ұлттық палатаның араласуымен 183,3 млрд теңге бизнестің қалтасында қалған.  

"Атамекен" ҰКП жеті жылда не тындырды?

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғаннан бері аттай желіп жеті жыл өтті. Бизнесті кедергілерден қорғап, кәсіпкерлерді демеу ісінде 14 өңір мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында өңірлік палаталар белсенді жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ 196 аудандық филиал мен қолдау орталықтарының мамандары бизнеске қолайлы орта құру үшін жұмыла еңбек етуде. Бұған дейін салалық қауымдастықтар мен одақтарға бірігу арқылы құқығын қорғап келген бизнес бірлестіктері "Атамекен" құрамына енгелі жұмыстары алға басып, үндері құзырлы органдарға еркін жететін болды. Палата құрамында осындай 184 аккредиттелген бизнес бірлестік бар.

Ұлттық палатаның еншілес ұйымдары да ықпалды құрылымдарға айналып келеді. Қазақстанның сыртқы сауда палатасы, "Мамандықтар орталығы" ЖШС (оқыту жобалары), "Кәсіпкерліктің дамуын зерттеу орталығы" ЖШС (цифрландыру жобалары), "Төрелік орталығы" сияқты ұйымдар бүгінде кәсіпкерлер арасында аса танымал.

"Атамекен" ҰКП үшін мерейлі жыл биылғы пандемиямен қатар келді. Палата осы пандемияның салдарын барынша бәсеңдетіп, кәсіпкерлік нысандарының тұрмысын қайта тіктеуіне бар күшін салды. Төтенше жағдай режимі енгізілген кезеңде ұлттық палата 5611 бизнес нысанына форс-мажор жағдайы туралы куәлікті ақысыз рәсімдеп берді.  Ұйымның қолдауымен бизнесмендер несие төлемдерін шегере тұруға мүмкіндік алды. Ал өңірлік палата сарапшылары жергілікті әкімдіктермен бірге арендаға қатысты туындаған дауларды шешуге атсалысты. 1432 байланыс орталығына қаңтар-қыркүйек аралығында 250 мың қоңырау түсіп, 150 мың арыз-тілек қабылданған.

Кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру үшін "Атамекен" ҰКП қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге белсенді араласып келеді. Осының арқасында бизнеске түсетін әкімшілік қысымның салмағы бәсеңдеді. 2013 жылдан 2020 жылға дейін ұлттық палата  33 861 заң сараптамасын жасаған. Оның ішінде 676 заң жобасына, 162 заң жобасының тұжырымдамасына сараптама берілді.

Палата құрылған күннен бастап оның өкілдері 194 ведоммствоаралық комиссия отырысына қатысып, заң жобаларын талқылауға атсалысқан.   Бұл алаңда депутаттар бастамашы болған 417 заң жобасының тұжырымдамасына талдау жасалып, 90 заң жобасы талқылаудан өткен.  Кейінгі жылдары "Атамекен" Үкіметпен қанаттаса отырып, әкімшілік кедергілерді азайту және қайта реттеу бойынша бірталай шаруа тындырды. Осының арқасында рұқсатнама берудегі кедергілер саны 72% (1115-тен 316-ға дейін) азайып, кәсіпкерлерге қойылатын көлденең талаптар 58% (30497-ден 17654-ке дейін) кеміген. Сондай-ақ, мемлекеттік бақылау   20% қысқартылды.

2015 жылдан бері "Атамекен" ҰКП мүдделі мемлекеттік органдармен бірге мемлекет тарапынан қабылданған реттеу шараларының барлығына реттеушілік әсері бойынша талдау жүргізіп келеді. 2016-2020 жылғы кезеңде мемлекеттік органдар бизнесті реттеуге бағытталған 495 бастама көтерген екен. Соның 90 пайызы реттеушілік әсерін талдау нәтижесінде кері қайтарылған. "Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" Заң бойынша, ұйымның басты міндеттерінің бірі – бизнес нысандарының құқығы мен мүддесін қорғау. Палата ұсынатын қызметтер мен өнімдерге сұраныс күн сайын артып келеді.

7 жыл ішінде палата кеңсесіне кәсіпкерлікті қорғау бағыты бойынша 27 мың өтініш түскен. Осы өтініш-арыздар негізінде 183,3 млрд теңге  бизнестің қалтасында қалды. Қайта есептеу арқылы қосымша талап етілген төлемдер, айыппұлдар мен өсімпұлдар тағайындаған құжаттардың күші жойылды.

"Атамекен" ҰКП кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілмен қоян-қолтық жұмыс істеп, қажетті базаны қалыптастыруға көп ықпал етті. Осы әріптестіктің арқасында қылмыстық заң бұзу фактілерін тіркеу процедурасына өзгерістер енгізілді. Осылайша экономика саласы бойынша тіркелген қылмыстар саны 8 есе азайды. Сонымен бірге мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметіне талдау жасалып, заңнаманың бизнеске келтіретін кедергілері сарапталды.

Бүгінде ұлттық палата "Бизнестің жол картасы-2025", "Еңбек" сияқты мемлекеттік бағдарламалардың қаржыдан тыс операторы болып отыр. Ал "Басту" жобасының аясында 2017-2020 жылғы кезеңде 146 мың адам кәсіпкерліктің әліппесін оқып, 38,8 мың адам өз кәсібін ашып, іргесін кеңейтті. 

2015 жылдан бастап 514 533 адамға кеңес беріліп, 2015 жылдан бастап 2019 жылдың 30 қазанына дейін 211 349 бизнес нысанына 299 940 адамға сервистік қызмет көрсетілді.

"Атамекен" қазақстандық кәсіпкерлерді сыртқы нарықта да барынша қолдап келеді. Бұл жұмыс Қазақстанның сыртқы сауда палатасы арқылы жолға қойылған. Сыртқы сауда палатасы жұмыс істеген уақытта 500-ден астам шара ұйымдастырылған. Оның ішінде шетелдік мемлекет басшыларының қатысуымен бизнес-форумдар да өтті. Бұл шараларға 10 мыңнан астам отандық және шетелдік кәсіпкерлер қатысты.

Экпорттаушыларды серивстік қолдау бағдарламасы жұмыс істеген 2018-2020 жылдары 263 млрд теңгеге 142 экспорт келісімі бекітілген. Сондай-ақ, ұлттық палата Еуразиялық экономикалық  одақ аясында кездесетін кедергілерге дер кезінде әрекет ететін жұмыс тобын құруға бастамашы болды. Қазір "Атамекен" одақ ішінде тауарларды маркалау мәселесін пысықтауға белсенді атсалысуда.

Биыл палатаның өңірлік кеңес мүшелері тұңғыш рет тікелей сайлау арқылы қызметке келді. Өңірлік кеңестегі 456 орынға 1197 адам үміткер ретінде тіркеліп, бизнес-қауымдастықтардан 1075 өтінім түсті. Дауыс беру vote.atameken.kz сайтының базасында ұйымдастырылып,  SMS-хабарлама және электронды цифрлық қолтаңба арқылы жүргізілді.  Бұл сайлаудың кәсіпкерлер үшін қаншалықты маңызды болғанын 143 577 бизнес субьектісі дауыс бергенінен-ақ көруге болады. 

Пандемия кезіндегі локдауннан мейлінше шығынсыз оңалу үшін мемлекеттік орган өкілдері мен бизнестің басын қосқан консультациялар ұйымдастырылып, санитарлық нормалар бойынша 100-ге жуық алгоритм әзірленді. Бұл істе Үкіметпен тізе қосқан "Атамекен" ҰКП  infokazakhstan.kz онлайн-ресурсын іске қосуға мұрындық болды. 15 тамызда іске қосылған ресурсқа бүгінге дейін 362,7 мың кәсіпкерлік нысаны тіркеліпті. Енді жалпыға қолжетімді atameken.kz сайты арқылы онлайн-платформаның 2.0 нұсқасын жасақтап, кәсіпкерлердің бизнес пен экономикаға, әлеуметтік реттеуге қатысты кез келген талап-арызын қабылдайтын жүйені жолға қою ғана қалды. Онлайн-алаңда "Заң сараптамасының жаңа моделі", "Бизнес-петиция", "Атамекен лента" сияқты бірнеше жоба жүзеге асады.

"Атамекен" ҰКП жеті жылда бағындырған межемен шектеліп қалмайды. Бизнесті дамыту арқылы ұлттық палата да дами бермек. Осы істің бәрінде ашықтық, жалпыға қолжетімділік, нәтижелілік қағидаттары палата ұжымының темірқазығы бола береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу