БҰҰ: әлемдегі байлықтың жартысы 26 адамға тиесілі

9310

Ұйым басшысы Антониу Гуттериш осыған алаңдаушылығын білдірді.  

БҰҰ: әлемдегі байлықтың жартысы 26 адамға тиесілі

Жер планетасындағы адамдардың жалпы табысының тең жартысы ең ауқатты 26 адамның байлығымен пара-пар. БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гуттериш ОАР-дың бұрынғы президенті Нельсон Манделаның туған күніне орайластырылған шарада осылай деді.

Оның айтуынша, Жер шарындағы халықтың 70%-ы теңсіздік жағдайында өмір сүріп жатыр. Гуттериш өмір сүру сапасы адамдардың жынысына, этникалық шығу тегіне, нәсіліне, мүгедектігінің бар-жоқтығына және басқа да факторларға тікелей тәуелді екенін ашып айтты. Сонымен қатар ол миллиондаған адамның өміріне олардың дүниеге келген сәттегі факторладың  да әсер ететінін жеткізді.

БҰҰ басшысының сөзінше, қаржылық теңсіздік, яғни бай мен кедей арасындағы алшақтық әлемдегі экономикалық тұрақсыздық, жемқорлық, қаржы дағдарысы, қылмыстың көбеюі сияқты нәрселерге әкеліп соғады. Ал бұлардың салдарынан халықтың физикалық және психикалық денсаулығы сыр береді екен.

Өз сөзінде Гуттериш кемсітушілік, зорлық-зомбылық, әділ соттың болмауы сияқты факторлар миллиондаған адамның тағдырына кері әсерін тигізіп жатырғанына тоқталды. Әділетсіздіктен әсіресе байырғы тұрғындар, мигранттар, босқындар мен басқа топтың өкілдері зардап шегеді. Гуттериш мұндай теңсіздікке адам құқығын бұзу деген баға берді.

БҰҰ басшысының дерегіне сүйенсек, 1980 және 2016 жылдары аралығында жалпы әлемдік табыстың 27%-ы ең бай адамдарға тиесілі болған.

Ұйым жетекшісі келтірген тағы бір дерек: қазіргі таңда 20 жас шамасындағы адамдардың жартысының жоғары білімі бар. Бұл адами дамудың деңгейі жоғары елдерде тіркелген мәлімет. Ал адам әлеуетінің дамуы төмен елдерде бұл көрсеткіш небәрі 3%-ға жеткен.

Гуттериш тағы мына нәрсені айтып дабыл қақты. Осыдан 20 жыл бұрын адами дамудың деңгейі төмен елдерде дүниеге келген балалардың 17% осы уақытқа дейін қайтыс болған. 

БҰҰ басшысының айтуынша, азық-түлік, денсаулық сақтау, сумен қамтамасыз ету, әлеуметтік-гигиеналық жағдай жасау, білім беру, жұмыспен қамту қол жеткізбейтіндей нәрсе емес, әр адамның құқығына айналуы тиіс.

Пандемия дамушы елдердің экономикасына ауыр соққы болды. Тіпті кейбір елдердің жағдайы бұрынғыға қарағанда нашарлап кеткен.

 "Мұндай елдер үшін қарызды кешіру жағын қарастыру керек, сондай-ақ олардың қарыз алуына мүмкіндік беретін арнайы құқық қалыптастыру қажет. Дамыған елдер экономикасын қолдау мақсатында триллиондаған доллар бөліп жатыр. Африка да осындай мүмкіндікке ие болуы тиіс. Бұл құрлыққа ЖІӨ-нің 10% көлеміндегі қаражат, 200 млрд доллардай қаржы керек", – деді Гуттериш.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу