Әлем лидерлері БҰҰ-ға екі жылдан кейін қайта оралып жатыр

3540

Бас Ассамблеяда қыркүйектің 21-де президенттер, премьер-министрлер, бас дипломаттар сөз сөйлей бастайды. Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар – пандемиямен, климаттың өзгеруімен күрес және Ауғанстан, Йемен, Сирия, Эфиопия проблемалары.   

Әлем лидерлері БҰҰ-ға екі жылдан кейін қайта оралып жатыр

Сейсенбі күні әлем лидерлері екі жылдан бері алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымына қайта оралады. Олар талқылайтын дағдарыстар қатарында әлі де өршіп тұрған COVID-19 пандемиясы мен тынымсыз жылынып жатқан планета мәселесі бар.

Күн тәртібіндегі басқа да өзекті проблемаларға келсек, олар - АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің күшеюі, Ауғанстанда билікке келген "Талибан" билеушілерінің шешілмеген болашағы, Йеменде, Сирияда, Эфиопияның Тиграй аймағында жалғасып жатқан қақтығыстар.

Өткен жылы БҰҰ-ға ешбір мемлекет басшысы бармады. Өйткені коронавирус бүкіл әлемде өршіп тұрғандықтан, олардың дүниеге үндеулері алдын-ала жазылып, алып экраннан көрсетілді. Биыл Бас Ассамблея премьер-министрлер мен президенттерге Нью -Йоркке келуді немесе желіде қалуды ұсынды. Бірақ, 100 -ден астам мемлекеттің басшысы Бас Ассамблея залына жеке кіруге шешім қабылдаған.

Бір аптаға созылатын жиынды ашатын БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш "әлемнің жай-күйіне алаңдаушылығын білдіру үшін ештеңеден тартынбақ емес және ол прогресс жолында тұрған көптеген алауыздықтарды жоюға қатысты көзқарасын ұсынуға да дайын", дейді БҰҰ ресми өкілі Стефан Дюжаррик.

Дәстүр бойынша бірінші болып сөйлейтін ел – Бразилия. Ал, оның президенті Жаир Болсонару вакциналанбаған. Ол өткен бейсенбіде екпе салдыруды жоспарлап жүрмегенін тағы да қайталап, бұның себебін бір ауырып тұрғаннан кейін пайда болған антиденелердің көптігімен түсіндірді.

Заң бойынша, АҚШ өз аумағына кірген шетелдіктерден вакциналық паспорт немесе COVID-19-ға қатысты тесттің теріс нәтижесін талап етеді. Ал, БҰҰ штаб-пәтерінде "ар жүйесі" жұмыс істемек. Оған сәйкес, кез келген адам бұл кешенге кіре отырып, COVID-19-дан аман екенін және соңғы 10 күндегі тексеруде оң нәтиже көрсетпегенін үнсіз растайды.

Тағы бір айта кететін жайт, Болсонару тәрізді екпесіз президенттер БҰҰ ғимаратына кіргенімен, Нью-Йорк ресторандарында тамақтана алмауы мүмкін.

Осы жолы үш спикерге назар ерекше ауады деген болжам бар. Олар –  президент Джо Байден (ол мемлекет басшысы ретінде БҰҰ-да алғаш рет сөз сөйлейді); видеоүндеу жасайтын Қытай президенті Си Цзиньпин және Иранның жақында сайланған қатал президенті Ибрахим Раиси.

Бас Ассамблеяның жыл сайынғы жалпы дебаттарының ашылуы қарсаңында Гутерриш АҚШ пен Қытай "мүлде функционалдық емес қарым –қатынастарын" жөндемесе, әлемнің бұрынғыдан да қауіпті "Қырғи қабақ соғысқа" душар болуы мүмкін екенін қатаң ескертті.

БҰҰ Бас хатшысы өткен аптаның соңында Associated Press агенттігіне берген сұхбатында Вашингтон мен Бейжіңнің климаттық дағдарыс бойынша ынтымақтасып, сауда мен технология жөнінде келіссөздер жүргізуі керектігін атап өтті. "Бірақ, өкініштісі сол, бүгін бізде тек қарама -қайшылықтар бар. Оларға адам құқықтары мен, әсіресе, Оңтүстік Қытай теңізіндегі геостратегиялық проблемаларды қосуға болады", - дейді әлемнің бас дипломаты.

Өткен аптада Байденнің сөзін еске ала отырып, Халықаралық дағдарыс тобының директоры Ричард Гоуэн "АҚШ президентінің Қытаймен қарым -қатынасты қалай құратыны шын мәнінде маңызды" екенін атап өтті. Гоуэннің ойынша, Байден 2019-2020 жылдардағы Трамп тәрізді Бейжіңді ашық сынай алмаса да, Қытайды ережелерге негізделген әлемдік тәртіпті бұзатын ел ретінде көрсетіп, оған "халықаралық жүйеге жетекшілікті сеніп тапсыруға болмайтынын" айтуы мүмкін.

Қыркүйектің 27-де аяқталатын кездесуде жеке сөйлеуі жоспарланған өзге лидерлер қатарында Иордания королі Абдалла II, Венесуэла президенті, Жапония, Үндістан, Ұлыбритания премьер-министрлері, Израильдің жаңа үкімет басшысы Нафтали Беннетт пен Палестина президенті Махмуд Аббас бар. Ал, алдын-ала жазылған мәлімдеме жіберетін көшбасшылар тізіміне Мысыр, Индонезия, Оңтүстік Африка және Зимбабве басшылары кіреді. Франция президенті Эммануэль Макрон да сейсенбіде БҰҰ-да видеомәлімдеме жасауы керек еді. Бірақ, осы елдің Сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан елінің сөзін Ассамблеяның соңғы күні іс жүзінде жеткізуді жоспарлап отыр.

Франция мен Қытайды Байденнің Австралиямен, Ұлыбританиямен қорғаныс одағын құрып,  Австралияны кемінде сегіз ядролық суасты қайығымен қамтамасыз ету жайлы күтпеген хабарламасы қатты ашуландырды. Айта кетсек, бұған дейін Австралия француздың 10 сүңгуір қайығын кемінде 66 миллиард долларға сатып алу туралы келісімге қол қойып, ол субмариндердің құрылысы басталып кеткен еді.

Ле Дриан дүйсенбіде баспасөз мәслихатын өткізіп, Америка Құрама Штаттары мен оның көне одақтасы – Францияның және АҚШ-Ұлыбритания-Австралияның Қытаймен тайталасқа бағытталған жаңа альянсынан шығарылып тасталған Еуропа арасында "сенім дағдарысы" бар екенін айтты.

Пандемияға тоқталсақ, Гутерриш Reuters агенттігіне берген сұқбатында келесі жылдың бірінші жартысына дейін әлем халқының 70%-ын вакциналау туралы жаһандық жоспарды қолдайтынын мәлімдеді.

Бүгінге дейін планетада коронавирусқа қарсы 5,7 миллиард вакцина салыныпты. Ал, Африкада ковидке қарсы иммундалғандардың қатары небары 2%  ғана. Сондықтан, Байден сәрсенбіде Вашингтонда бетпе-бет және виртуалдық кездесулер өткізіп, дүниежүзіне вакцина таратуды күшейтуге үндемек.

Гутерриш Байденнің күш-жігерін және Халықаралық валюта қорының кедей елдер үшін 50 миллиард долларлық вакцина бағдарламасын құру ұсынысын "позитивтік белгі" деп бағалады. Өйткені, бұл қадамдар бай елдердің вакциналық теңсіздікпен күреске кіріскенін білдіруі мүмкін.

"Дегенмен, мұның бәрі тым аз, әрі тым кеш", - деді жақында "Си-эн-эн" телекомпаниясына берген сұқбатында Гутерриш.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу