Еттен бас тарту ғаламдық жылымықты тежейді

2749

БҰҰ ғаламдық жылымықты тоқтатудың бірнеше жолын айтты. 

Еттен бас тарту ғаламдық жылымықты тежейді

Егер адамдар ет өнімдерін тұтынуды азайтса, жер өңдеуде химикатты азырақ қолданса және орманды қорғаса, ғаламдық жылымықтың алдын алуға болады. БҰҰ-ның климатқа қатысты өткізген соңғы зерттеуінде осылай делінген.

Зерттеушілердің айтуынша, адамдар мал шаруашылығы үшін шамадан тыс көп жер қолданады. Ол жерлерді егін шаруашылығында қолданса, қоршаған ортаға келетін зиян азаяды. Сәйкесінше, әлемдегі ашаршылық деңгейі де едәуір қысқарады. 

"Ауыл шаруашылығын жүргізу жүйесін өзгерту – бұл негізгі фактор. Ал күнделікті рациондағы ет мөлшерін азайту арқылы өсімдіктер мен орманды қорғауға керек жердің ауданы ұлғайтуға болады", - дейді Эксетер университетінің зерттеушісі Рейс Тирадо. Дерек бойынша, жыл сайын өндірілетін азық-түліктің 25-30 пайызы желінбейді, ал 821 миллион адам ашаршылықты бастан кешіріп отыр.

Орманды сақтап қалу – адамзаттың негізгі міндеттерінің бірі. Ағаштарды шабу, жерлерді жайылымға айналдыру мен пальма майын өндіру климатқа кері әсерін тигізеді. Өйткені пальма өндірісінен қоршаған ортаға тиер зиян орасан. 

БҰҰ баяндамасында су тапшылығының кесірінен қуаң өңірлердегі егін азая бастайтыны жазылған. Бұл өз кезегінде адамдардың басқа елге қоныс аударуына әкеліп соғып, азық-түлік бағасы қымбаттауы мүмкін. 

Сонымен қатар ең зиянды парниктік газдардың бірі метан мөлшерінің жартысына жуығы ірі қара мал мен күріш өсірудің нәтижесінен пайда болып отыр. 

Ал орман ағаштарын шабу ауадағы көмір қышқыл газы концентрациясының жоғарылауына әкеліп соғады. Ауыл шаруашылығының өркендеуінің кемшін тұсы – жер эрозиясы мен топырақ құрамындағы органикалық заттардың азаюы. Ғалымдардың болжамынша, ғаламдық жылымықтың салдарынан жауын-шашын, су тасқыны, қуаңшылық белең алып, мұхит суының деңгейі мен температура өседі. Бұл факторлардың жер экожүйесіне кері әсер ететіні сөзсіз. 

Осы жылдың өзінде шілде айының температурасы өнеркәсіпке дейінгі деңгеймен салыстырғанда Цельсия бойынша 1,2 градусқа көтерілді. Егер бұл көрсеткіш 1,5 градусқа жетсе, әлемде климаттық тұрақсыздық орнайды.

Автомобильдер, зауыттар мен электр станциялары шығатын зиянды қалдықтарды азайту арқылы температураның өсуін тежеу мүмкін емес. Ол үшін ет тұтынуды және тамақ қалдықтарын азайту қажет. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу