Жетісу жақтағы орманда жер дауы тұтанды

3601

Мәслихат депутаты жүздеген гектар орманды астына басқан.  

Жетісу жақтағы орманда жер дауы тұтанды

Алматы облысында жергілікті депутат үлкен көлемде жерді жекешелендіріп алған. Және жай ғана жер телімі емес, жасыл желегі жайқалған орманның ең бір шұрайлы жері. Енді ол жаққа жергілікті тұрғындарды жібермей отыр.

Бұрын ол жақ тегін болғанда, халық ну орманды еркін аралап, саңырауқұлақ, дәрілік шөптер, жеміс-жидек теріп, табиғат аясында демалатын. Біраздан бері бұқара бұл мүмкіндіктен айырылған екен. Олардың шағымдануынша, билік өкілі өзінің жеке аумағын адам, мал және жануар үшін аса қауіпті, қырлары тәнді майша тілердей өткір, тікенді сыммен қоршап тастапты.

Бұл, әрине, Ескелді ауданының тұрғындарына ұнамайды. Олар осыған наразылығын білдіріп, әртүрлі инстанцияларға хат жолдап жатыр.

"Алматы облыстық мәслихатының депутаты Виктор Хильниченко 198 гектар орманды жекешелендіріп алды. Ол жер саңырауқұлаққа, жеміс-жидекке, әртүрлі дәрілік-емдік өсімдіктерге толы. Мұның бәрі бұрын елдің ортақ игілігі еді. Ал Хильниченко болса, ондаған ақ терек ағашын шауып, құлатып тастаған. Ұзақ жылдар бойы бүкіл Ескелді ауданының тұрғындары, жергілікті ауылдықтар орманда еркін серуендейтін. Ал қазір орманға кіре алмай, үйреншікті жерлеріне бара алмай қалды. Виктор Хильниченко ол аймақты жүзі өткір метал тікенмен қоршап жатыр. Онымен шектелмей, мал жайылымға өтетін айдамал жолды, жалпы пайдаланымдағы жолдарды жауып, бітеп тастады. Салдарынан фермерлер өз малын жайылымға шығара алмай қалды", – дейді тұрғын Талғат Нұрмағанбетов.

Аграршылар да егістігіне, шабындығына бара алмай отырған көрінеді. Бұған дейін жергілікті жұртшылық орман арқылы кесіп өтіп, өзенге шығатын. Ол жол да жабылған деседі.

"Мәслихат депутаты 198 гектардың барлығы оның жеке меншігі екенін айтып бет қаратпайды. Сонда дейміз, осынша көлемді орманды бір адамның иемденіп алуына қалай жол берілген?" – дейді Т.Нұрмағанбетов.

Халық наразылығы туындаған соң бұл проблемаға Алматы облысының басшылығы да назар аударды. Облыс әкімдігінің дерегінше, бұл шағым Алматы облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына тексеруге берілді. Түйткілдің түп-төркінін зерделеуге сондай-ақ Алматы облысының жер қатынастары басқармасы, Ескелді ауданы әкімінің аппараты жұмылдырылған. Әзірге қандай ұйғарымға келгені белгісіз. Бірақ мәселе шешілмесе, шу республикалық деңгейге шығуы ғажап емес.

Сорақысы сол, тұрғындардың айтуынша, жабылған аумақта көзден тасада не жасалып жатқанын ешкім білмейді.

"Мысалы, Хильниченко өз бетінше ақ теректерді шаба бастады. Еш жерден рұқсат алмайды. Әрбір кесілген ағаш үшін оған айыппұл салып, әкімшілік жазалау керек еді. Әйтпесе, қарапайым адамдарды тал сындырғаны үшін айыптайды. Адамдар мен жануарлар өміріне қауіпті, пышақтай қылпылдаған жүзі бар тормен жауып тастады. Балалар салмақты жарақат ала ма деп қорқамыз", – дейді аудан тұрғыны Владимир Наточий.

Жергілікті фермерлердің растауынша, мәслихат депутаты олардың егістеріне апарар жолды қазып тастаған. Енді көлік жүре алмайды. Фермерлердің бірі онымен, тіпті, соттасыпты. Жеңе алмаған. Байлығы мен билігі бәрін шешеді дейді.

Ratel.kz-тегі әріптестеріміз "орман қожайынымен" әңгімелесе алыпты.

"Орманның 198 гектары – менің жеке меншігімде. Сондықтан бұл жер телімін қоршауға толық құқығым бар! Адамдар бұл жерді 30 жыл тегін пайдаланды. Жетеді! Неге олар менің жер телімімде алшаң басып, саңырауқұлақ пен жеміс-жидек теруі керек? Біз бұл жерді абаттандырамыз, демалыс аймағын жасаймыз. Мен әзірге өз орманымның бір бөлігін ғана қоршап үлгердім. Болашақта барлық жерге сетка тартып шығамын", – деп түсініктеме берді журналистерге Виктор Хильниченко.

Ол облыстағы беткеұстар шаруа қожалықтарының бірін басқарады. Осы орайда 2015 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында белгілі актриса Лидия Каденова, әнші Нұрлан Абдуллин, "Назарбаев Университетінің" президенті Шигео Катсулармен бірге Виктор Петрович те "Хильниченко и К" коммандиттік серіктестігінің басқарма төрағасы ретінде "Парасат" орденімен наградталғаны есте.

Бертінде, 2019 жылғы 2 мамырда "Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына зор үлес қосқаны үшін" Президенттің алғыс хатымен марапатталды. Өзге де үкіметтік наградалары жетерлік.

В.Хильниченко о бастан жерді сатуды жақтағандардың бірі болды.

"Жер нарығын дамыту керек. Өйткені қазіргі кезде жер нарығы Қазақстанда жұмыс істемейді. Іскер адамдар жерді тек мемлекеттен жалға алуға мәжбүр. Егер жер жекеге берілсе, бәрі басқаша болады. Шаруа өз жерін сатып алса, ол оны банкке кепілге қоя алады, немесе өзгелерге жалға беріп, пайда табады", – деді ол 2014 жылы журналистерге сұхбатында.

Рас, оның осынша мол орманды қаншаға сатып алғаны белгісіз.

Бүгінде ол Алматы облыстық мәслихатының іс басындағы депутаты. 2021 жылғы қаңтарда барлық өңірлердің мәслихаттары алғаш рет партиялық тізіммен қайта сайланады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу