Жер телімдері бизнеске интернет арқылы сатыла бастады

4191

Батысқазақстандық кәсіпкерлер ел тарихында бірінші болып, жер учаскелерін электронды сауда арқылы сатып алды.

Жер телімдері бизнеске интернет арқылы сатыла бастады Фото: liter.kz

Қазақстан жер ресурстарының порталы zem.kz-та алғашқы жер сатылымдары өткізілді. "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынып, іске қосылып отырған осы тетік бизнес жүргізу үшін жер алу рәсімін анағұрлым жеңілдетіп, бұл үдеріске шығындалатын мерзімді қысқартпақ. Бұл ретте онлайн-сауда аукциондар мен конкурстар түрінде өткізіледі.  

Әзірше, аталған порталда тек Батыс Қазақстан мен Ақмола облыстарындағы бос жер телімдері ғана тіркелген. Бірақ осы рәсімге өзге өңірлердегі кәсіпкерлер де аса зәру болып отыр. Өйткені бүкіл Қазақстан көлемінде кәсіп ашу үшін жер алу процедурасы шектен тыс бюрократияландырылған.

Осы жолда талай кәсіпкердің шашы ағарды. Мәселен, "Техстройкомплекс" компаниясының директоры Лейла Юсупова Павлодар қаласында әлеуметтік маңызды нысан салғылары келгенін, бірақ ол үшін жер ала алмағанын айтады.

"Біз Павлодарда, "Радиозавод" ауданында аумағы 500 шаршы метрді құрайтын спорт залын тұрғызуды жоспарладық. Ол жақты таңдауымыздың себебі бар: сол тұста біздің базамыз тұр. Ал оның іргесінде жер телімдері бар. Содан тиісті жобаны әзірледік. Жанымыздағы үш жер учаскесінің біреуі бос болып шықты. Біз дәл сол орында құрылысты бастауға ұйғардық та, ол телімді аукцион арқылы сатып алуға 2018 жылдың ақпан айында өтініш бердік", – дейді компания директоры.

Алайда жергілікті шенеуніктер бос жатқан жерді де бергісі келмей, онда бірнеше қарағай мен қарағаш өсіп тұрғанын сылтауратып, бас тартыпты. Мұны естіп, бизнесмен әкімдікке хатпен жүгінген және байырғы қарағайларға тиіспеуге, ал қарағашты бес есе көп көлемде басқа жерде өсіруге уәде береді. Алайда содан кейін де мәселе тоғыз ай бойы шешілмеген.

Таяуда бұл мәселеге Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов назар аударып, кәсіпкерге қолдау көрсету керектігін нұсқаған. Кәсіпкер бұл іс енді алға басады деп үміттенеді.

Бұдан бөлек, республикалық маңыздағы жол бойында дәмхана, шағын қонақүй-мотель және басқа да жолдағы сервис нысандарын ашқысы келетін кәсіпкерлер де осындай кедергілерге кезігеді. Олар бұл жобаларына ондаған миллион теңге инвестициялауға және кәсібін қазір-ақ бастап кетуге даяр. Алайда жер телімін сату бойынша аукционның ұйымдастырылуы мен өткізілуін ұзақ күтуге мәжбүр. Оның үстіне еңселі кеңселерде өтетін ол сауда-саттықта солардың жеңіске жетеріне де еш кепіл жоқ.  

Ал электронды сауда біршама жариялылықты қамтамасыз етеді деген сенім бар.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының хабарлауынша, аукциондар Батыс Қазақстан облысының 4 ауданына қатысты өткен. Олар барысында 103 жер учаскесін жалға алу құқығы сатылды. 18 аукционның 33%-ы жаңа тәсілде, яғни электронды форматта ұйымдастырылыпты. Соның арқасында бизнес субъектілері өз кеңселері мен үйлерінен шықпай-ақ, қашықтықтан қатыса алды.

"Біз дүкен ашу үшін телім сұраған едік, алайда оны қия шетте, тақырда, қолайсыз жерде ұсынды. Біз бұған келісе алмадық. Сөйтіп, өтініш жазуға және берілген учаскеден бас тартуға тура келді. Ал қазір бұл іс өте қолайлы. Порталға кіріп, қай жерде қандай бос жер телімі барлығын біліп, аукционға қатыса аламыз", – дейді жергілікті кәсіпкер Насима Ишкулова.

Рас, электронды саудаға қатысу үшін электронды цифрлық қолтаңба болуы міндет.

Ары қарай бәрі әдеттегі аукционға ұқсайды. Үміткерлер өз бәсін көтеріп отырады. Сауда қорытындысы бойынша аукцион жеңімпазы анықталады. Жалпы, бұл тәсіл бизнес нысанына арналған телімдерге қатысты.

Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер конкурс арқылы ұсынылады. Олар БҚО-да жалпы ауданы 194 мың гектар болатын 293 жер учаскесі бойынша өткізіліпті. Соның ішінде конкурстардың 15%-ы онлайн-сауда түрінде ұйымдастырылған. Нәтижесінде, облыстағы Бөрілі, Қазталов, Тасқала аудандарындағы фермерлер егістік алқаптарына интернет арқылы қол жеткізді.

Батыс Қазақстан өңірінде енді Ақжайық, Теректі, Бәйтерек (бұрынғы Зеленов) аудандарында және Орал қаласында осы қаңтар айында электронды саудалар өтпек.

БҚО-ның жер телімдерінің онлайн-саудасын өткізудегі тәжірибесіне Алматы қаласы, Маңғыстау және басқа да өңірлер қызығушылық білдіруде. 

Мамандардың айтуынша, онлайн-сауданы игеру аса күрделі емес. Бұл үшін аталған порталдағы оқыту ролигін тамашаласа, көп жайт түсінікті болатын көрінеді.

Ұлттық палата мен ел үкіметі алда "Ұлттық геоақпараттық жүйені" құруды жоспарлауда. Барлық жер учаскелері туралы ақпарат сонда көрініс беруге тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу