Қазақстан инвесторлардың жер алуы мен салық төлеуіне жеңілдік бермек

10298

Қазір Ұлттық экономика министрлігі арнайы заң жобасын дайындап жатыр.

Қазақстан инвесторлардың жер алуы мен салық төлеуіне жеңілдік бермек

2018 жылы Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,8% ұлғайып 24,3 млрд долларға жетті. Соның ішінде негізгі капиталға инвестиция 6,7%ға көбейіп 2,9 трлн теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестицияның 36%-ы сыртқы инвестиция, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігі.

Инвестиция ағынының өсіміне себеп болған, министрліктің мәліметінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында айтылған Шетелдік тікелей инвестиция қорының құрылуы көрінеді. Сонымен қатар, инвесторларға қызмет көрсететін фронт кеңселердің құрыла бастауы да елге қаражат ағынына оң әсер етеді деген үміт бар. Аталған кеңселерде тек ақпараттық қана емес, сонымен қатар инвесторларға мемлекеттік қызметтер де ұсынылады.

Жалпы, мемлекеттің инвестиция тартудағы белсенділігі кейбір мемлекеттік органдарда арнайы штаттардың ашылуына да ықпал етті. Мәселен, салалық министрліктерде, әкімдіктер мен ұлттық қомпанияларда бірінші жетекшінің инвестиция мәселесімен айналысатын арнайы орынбасарлары пайда болды. Бұл орынбасарлар инвестиция тартумен қатар, экспортқа да жауапты.

Сыртқы істер министрлігі соңғы жылдары дипломатиялық жұмыстармен ғана шектелмей, отандық тауарларды отырған елдерінде сату жағына да көңіл аудару керектігін түсініп келеді. Осы орайда Үкімет қазақстандық тауарларды сататын негізгі 40 елді іріктеп алып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп жатқан көрінеді, сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, экспорт шығаратын басым елдер тізімімен қатар сатылатын өнімдердің де негізгі тізімі түзілді. Атап айтар болсақ, Қазақстан қазір сатуды күшейтуге талпынып отырған өнім түрлері ең алдымен тамақ өнеркәсібі, агрохимия, ауыл шаруашылығы машиналары, газхимия, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен тау-кен және металлургия кешенінің өнімдері.

Нәтижесінде шетелдегі елшіліктер қазір 78 жобаны таңдап алып, сонымен жұмыс істеп жатыр екен.

"Жыл басынан бері Германия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, БАӘ, Испания, АҚШ, Венгрия, Швейцария, Польша, Финляндия, Египет, Өзбекстан, Иордания және Зимбабве елдерімен бірігіп 15 шара ұйымдастырдық",  деп есеп беріп отыр сыртқы істер министрлігі.

Қазіргі таңда Сыртқы істер министрлігі жалпы құны 49,4 млрд доллардың шетелдік инвесторлардың қатысуымен ұзын саны 185 жобасын бақылап отырғаны айтылуда.

Шетелдік инвесторлардың жағдайын жасау үшін Үкімет басшысының өзі инвестициялық омбудсмен болып тағайындалды. Үкімет басшысының төрағалық ететін үйлестіру кеңесінде сонымен қатар негізгі мемлекеттік орган жетекшілері, ұлттық компания мен қарулы күштер өкілдері де бар екен.

Ал Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен біріге отырып Кеңестің құзіретін айқындайтын заңнаманы дайындау тапсырылған. Атап айтар болсақ, стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру үшін, яғни ерекше салық режимін, шетелдік жұмысшыларды әкелу мен жер телімдерін алу және инфрақұрылым салыну үшін жеңілдіктер берілмек.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу