Мемлекет жеке меншік әріптестеріне 1,5 трлн теңге қарыз

Ұлттық экономика министрлігі жеке меншікпен әріптестік аясында іске асқан жобалардың шығынын өтеуден бас тартпақшы.  

Мемлекет жеке меншік әріптестеріне 1,5 трлн теңге қарыз

Мемлекет жеке меншік әріптестігін мониторингілеу кеңесінің мүшелері салалық заңнамаға өзгертулер мен түзетулер енгізу  жобасын талқылады.

Екіжақты әріптестік аясында іске асқан жобалардың шығынын мемлекет өтейтін болса, оның мемлекеттік тапсырыстан қай жері артық? Осы сұрақ Ұлттық экономика министрлігін де толғандыра бастаған сыңайлы. Вице-министр Жаслан Мәдиев заң жобасы күшіне енсе, мемлекет тек инфрақұрылым тартуға кеткен қаржыны өтейтінін айтады. Жаңа құжатта әріптестік мерзімін 10 жыл етіп қысқарту да көзделген. Сондай-ақ барлық жобаға көрсетілетін консалтингтік қызметтер мемлекет-жеке меншік әріптестік орталығының монополиясына өтпек. Егер жоба құны 20 млн АЕК-тен асса, инвестор арнайы аукцион арқылы таңдалады. Жеке меншік тарап бастаған жобасын орта жолда тастайтын болса, айыппұл төлету көзделген құжатта.  

Жеке меншік  секторының өкілдері заң жобасының кейбір тұстарына келіспей отыр. "Астана-Инвест" қалалық инвестиция орталығының басқарма төрағасының орынбасары Жанар  Мұсатаева кеңес мүшелерінің алдында мұны ашып айтты.

"Заң жобасының аясында  инвестициялық және операциялық шығындарды өтеу, басқару жұмыстары үшін сыйақы төлеу шараларын алып тастамақшы.  Оның орнына тариф пен мемлекеттік тапсырыс ұсынып отыр. Мысалы инвестор балабақша салды дейік. Егер шығынын бюджет өтемесе, тарифті көтереді. Бұл әуелі ата-ананың қалтасын қағады. Бір бала үшін балабақша ақысы айына 80 мыңнан 180 мың теңгеге артады.  Егер бұлай болса, әлеуметтік жобалар инвесторсыз қалады", – дейді Жанар Мұсатаева.

Бұл бағстама шыққанан бері елімізде жалпы құны 1,6 трлн теңге болатын 615 келісімшарт жасалған екен. Оған қоса 1,9 трлн теңге болатын 638 жоба дайындалуда. Өңірлер арасында Шығыс Қазақстан бірінші орынға шықса, Батыс Қазақстан облысы соңғы орында қалған. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов жобаның саны көңіл қуантқанымен, оның шығынын өтеу бюджетке салмақ болатынын айтты.

"Мемлекеттік жеке меншік әріптестері алдындағы қарызы 1,5 трлн теңгеге жақындап қалды. Сыртқы қарызымыз аздай, енді ішкі қарыз да өсіп жатыр. Сондықтан екіжақты әріптестіктің дәл бүгінгі моделін тоқтату керек. Инвестор әлеуметтік нысан арқылы елге қызмет көрсетіп, пайда табады. Ал барлық шығынды мемлекет төлейтін болса, инвестордың қажеті қанша? Сондықтан шығынды өтеу тетіктерін әлі де пысықтау қажет", – деді депутат.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу