Балабақша иелері Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазбақшы

4746

Жекеменшік  балабақшаларға тәрбиеші  тоқтамай жатыр. 

Балабақша иелері Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазбақшы

Жекеменшік балабақшаларда жұмыс істейтін тәрбиешілер "Педагог мәртебесі туралы" заңның игіліктерінен құр қалып отыр. Елордадағыжекеменшік балабақшалардың иелері осындай мәселе көтеріп, Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасына жүгініпті. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында осы проблема талқыланды.

Елордадағы жекеменшік тәрбие ошақтарын ұстап отырған кәсіпкерлер кеңестің алдына арқаны аяздай қарып жүрген мәселелерін кезек-кезек шығып айтты. Наразылыққа толы мәліметтерден ұққанымыз, кейінгі екі жылдың ішінде мемлекеттік балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысы екі рет 25%-дан көтерілген. Ал өз күнін өздері көріп отырған жекеменшік тәрбие нысандары айлық көтере алмаған. Осының салдарынан білікті деген маманның бәрі мемлекеттік балабақшаға ауысып жатқан көрінеді. Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы Лейла Күленова бұл мәселе "Педагог мәртебесі туралы" заңды дайындау кезінде жіберілген шалағайлықтан болды деп отыр.

"Педагог мәртебесі туралы заң 2020 жылдан бастап күшіне енгенін білесіздер. Осы заңмен бірге мектепке дейінгі білім ошақтарын бала басына сәйкес қаржыландыру әдістемесі дайындалуы керек болған.  Жекеменшік балабақшаларға мемлекет қаржысы осы әдістеме бойынша бөлінеді.  Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған қаржыландыру орталығы жаңа заң шыққанша6 осы әдсітемеге өзгерістер енгізуге тиіс болған. "Педагог мәртебесі туралы" заң бойынша педагог бірнеше жеңілдік пен басымдық  алуы тиіс. 56 күндік еңбек демалысы, екі айлық еңбекақы мөлшеріндегі санаторлық төлем сияқты әлеуметтік пакеттер бар. Ең бастысы, педагогтардың айлығы өсті. Заң шыққаннан кейін, балабақша иелері оның талабын орындауға міндетті. Мемлекеттік балабақшадағы тәрбиешілердің айлығы қосымша бюджет шығындары арқылы көтерілді. Ал жекеменшік балабақшалардың айлық өсіруге қаражаты жоқ", – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, 2020 жылдың басынан бері Нұр-Сұлтан қаласындағы жекеменшік тәрбие ошақтарынан ондаған педагог мемлекеттік балабақшаға ауысып кеткен. Бұлай жалғаса берсе,жекеменшік  балабақшаларда білікті мамандар мүлде қалмауы мүмкін-мыс.

Қолданыстағы әдістеме бойынша бір баланың мектепке дейінгі тәрбиесіне бюджеттен 27-28 мың теңге бөлінетін көрінеді. Бұл – жекеменшік және мемлекеттік балабақшаларға ортақ қолдау.  Бірақ көптеген өңірлерде әкімдіктер осы ақшаның өзін толық бөлмей, ырың-жырың қылып жібергенге ұқсайды.

"Кейбір өңірлер норматив бойынша бөлінуге тиіс 28 мың теңгенің тең жартысын ғана бөліп отыр.  Соның кесірінен Қазақстанның 5-6 өңірінде әр балаға 20 мың теңге ғана бөлінеді.  Айтатын жалғыз уәждері – "ақша жоқ".  Тіпті қаржыландырудың жаңа тәсілі іске қосылғанның өзінде оны жергілікті әкімдіктер ескермей қояды-ау деген күдігіміз бар", – дейді Лейла Күленова.

Жиын барысында қазіргі қаржыландыру әдістемесі өңірлерде өмір сапасы мен бағаның әртүрлі екені ескерілмей жасалған деген сын айтылды. Ал Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған "Қаржылық орталық" АҚ менеджері Мадина Алпысбаева педагогтерге арналған заңның жаңа талаптарына сәйкес келетін әдістеменің жобасын енгізу жұмыстары басталып кетті деген мәлімет айтып, кәсіпкерлердің көңілін орнықтыруға тырысты.

"Біз бұл істе жаңа әдістемені енгізіп жатырмыз. Ол бойынша бала басына 35-36 мың болады. Яғни, бала басына бюджеттен бөлінетін қаржы 30%-ға көбейтіледі. Құжат түрлі сүзгіден өткенше, біршама уақыт кетуі мүмкін. Бала басына 28 мың теңге тағайындағанда өңірдегі бағалардың бәрін ескерген болатынбыз. Бұл ақшаны қалай бағыттайтынын әр балабақша өзі шешу тиіс. Ал ол жетпейтін болса, жергілікті әкімдік қаржы бөле алады. Оған тыйым жоқ. Тек қосымша қаражат керек екені құжат жүзінде дәлелденуі керек. Ал нормативтен төмендетуге болмайды. Дегенмен, ол талап көбінесе орындалмайды. Қаңтар айында біз талдау жасадық. Сол кезде кейбір өңірлердің нормативке жеткізбейтінін байқадық. Бұл – өте өзекті мәселе. Тек Нұр-Сұлтан мен Алматыда ғана норматив орындалатын шығар. Қалған өңірлерде сақталмайды. Тіпті  бала басына 20 мың теңгеден аз бөлетін өңірлер бар. Сондықтан жергілікті әкімдіктерден талап ету қажет шығар", – деді орталық менеджері.

Бұл сөзді құптаған министрліктің өзге де өкілдері астанадан жеткен бұйрықтар мен нұсқауларға жергілікті әкімдер пысқырып та қарамай, "өзім білем" деген прициппен шешім қабылдауға құштар екенін айтып, мұң шақты.

Кеңес мүшелері 30%-дық үстеме енгізу жобасы мақұлданған күннің өзінде қандай қаржы көзінен алынады деген сауал қойған болатын. Жиынға келгендер арасынан оған мардымды жауап бере алған ешкім болмады. Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау сияқты өз-өзін қамтып отырған өңірлерден басқа аймақтарға республикалық трансферттен 63 млрд теңге бөлінеді деген ақпарат айтылғанымен, оның өзін шикі мәлімет екені айтылып жатты.

Кәсіпкерлердің айтуынша, елордадағы 369 балабақшаның 214-і жекеменшіктің иелігінде екен. Бұл 30%-дық қосымша қаржыландыруға кемінде 3,5 млрд теңге керек деген сөз. Кеңес мүшелері мұндай қаражаттың елорда қоржынында жоқ екенін айтып, астананы да республикалық трансферт аушылар қатарына қосу керек деген уәж айтты.

Министрлік пен елорда әкімдігінің өкілдері әңгіменің ауанын қосымша 30%-дық қаржыны қайдан табамыз деген сұраққа аударуға тырысса, кәсіпкерлер мұның өзі мәселені толықтай шешпейтінін айтып қасарысты.

"Біз әлі жаңа әдістеменің жобасымен танысқан жоқпыз. Өз есебіміз бойынша мемлекет әр баланың тәрбиесіне кемінде 40 мың теңге бөлуі керек. Одан кем болса,жекеменшік ошақтарда айлық көтерілмейді, 56 күндік еңбек демалысы мен санаторлық өтемақы төленбей қалады. Салдарынан кадрлар тұрақтамай, тәрбие сапасы түседі. Онсыз да мемлекеттік балабақша мен жекеменшік тәрбие нысандарының арасындағы айырмашылық ұлғайып барады. Мемлекет бұл тұрғыда баланы мемлекеттік балабақшанікі немесе жекеменшіктікі деп бөлмейтіндерін айтады. Бірақ министрлік мемлекеттік балабақшалардың ғимараты тегін екенін ескермей отыр. Жеке балабашалардың 80%-дан астамы ғимарат жалдап отыр. Оған бүкіл қаражаттың 50%-ы жұмсалады. Егер балабақша 100 балаға мемлекеттен 2,8 млн теңге алған болса, соның 1 млн теңгесі ғимарат жалдауға кетеді деген сөз.  Ал мемлекеттік балабақша 1 млн теңгені дамуға салады", – дейді Лейла Күленова.

Кәсіпкердің сөзіне сенсек, Қазақстан көлемінде қазір жекеменшік балбақшаларда 329 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Осынша баланы мемлекеттік тәрбиемен қамту үшін 240 орындық 1370 балабақша салу керек екен.

"Мұндай бір нысан салу үшін 1 млрд теңге кетеді дегеннің өзінде қаншама қаражат кетер еді!  Жекеменшік балабақшалар арқылы осынша қаржы үнемдеп отырып, мемлекеттің бизнеске қолдау білдірмей отырғаны бізге түсініксіз. Әр балабақшаның иесі бала басына сай қаржы алу үшін әкімдікпен келісімшартқа отырады. Ол келісім бойынша әкімдіктің ата-ана төлемінің мөлшерін бекіткен қаулысын орындауға міндеттеледі. Оның шекті мөлшері әр қалада әртүрлі. Шынтуайтында, ол шекті мөлшерді сақтап отырғандар аз. Нұр-Сұлтан қаласында оның мөлшері 20 800 теңге. 28 мың теңге мен бұл соманы қосып елордада балабақша ісін жүргізу мүмкін емес. Сонда мемлекет ата-аналарды алдап отыр деген сөз. Олар тұрғындарға балабақша ақысының ең жоғарғы шегі 28 мың теңге деп айтады. Осыдан кейін ата-аналар бізге наразылықтарын білдіріп жатады. Оның үстіне, прокуратура өкілдері қазір ата-аналарға хабарласып, айына балабақша үшін қанша төлейтіндерін сұрап жатыр екен. Ертең осы бойынша бізде заңмен қиындықтар туындауы мүмкін", – дейді қауымдастық жетекшісі.

Кеңестің төрағасы Ирак Елекеев аталған мәселенің бәрі құжатқа қатталып, Білім және ғылым министрлігіне, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен қалалық мәслихатқа жолданатынын айтты. Мәселе онымен шешілмесе,жекеменшік балабақша иелері бірігіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазбақшы.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу