Тәрбиешілердің төзімі түгесілді

Жаңақорған тәрбиешілері 4 айдан бері жалақысын ала алмай отыр.

Тәрбиешілердің төзімі түгесілді

Жаңақорғандық жекеменшік балабақша қызметкерлері жалақыларын сұрап, әкімдік табалдырығын тоздырып жүр. Үш айдан бері мәселені шеше алмай жүрген әкімдіктен қайыр болмаған соң, олар ақпарат құралдарынан көмек сұрайды. Өйткені олар енді кімге барып шағынарын да білмейді.

Қауіпті індет белең алған пандемия уақытында балабақша тәрбиешілері карантин талабына орай кезекпенен жұмысқа шығып тұрған. Десе де, талапқа сай еңбекақыларын толық көлемде алулары тиіс еді. Балабақша басшыларының берген уәдесі де сол болатын. Алайда төрт ай өтсе де, тәрбиешілер "көк тиында" көрмеген. Білім бөліміндегілер болса, "Мемлекеттік қолдау қаржысының кешіккенін" айтыпты.

"Аудан әкімі бір аптаға создырмай шешіп беремін деп еді. Бірақ мәселе шешілмеді. Біз айлығымызды ғана сұрап отырмыз. Жаңақорған ауданында 80-ге тарта балабақша болса оның басым көпшілігі жалақыларын уақытылы алып отыр. Еңбекақыларын тек 22 балабақшаның қызметкерлері ала алмай, дау туындап отыр", – дейді Сунақата ауылының "Әлинұр-С" балабақшасының меңгерушісі Гүлдариға Бейсенбаева.

"Күн суытты. Ауылдық жерде тұрғасын көмір керек. Оны алар қаржы жоқ. Одан бөлек бала-шағаны асырау, бастағы кредит те қабаттасып жатыр", – дейді Аққорған ауылдық "Асылназ" бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Гүлжан Мақтанқұлова.

Осы іспен айналысып жатқан заңгер Қарасай Әшірбеков "Министірліктің шыққан арнаулы хатында жеке балабақшаларға толық мемлекеттік тапсырыспен қаржылары төленсін" дейді.

"Ауданның 22 балабақшасына айлықтары төленбей отыр. Кемсітушілік бар. Неге барлығына бірдей төленбейді. Тәрбиешілердің мұңына әкімдіктегілер бас ауыртпайтын секілді. Өйткені 4 айдан бері шешілуге тиіс еді ғой", – деді заңгер.

Бұл мәселеге орай сауалымызға аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев ауылдық округ әкімдерін сынға алғандай болды.

"Ауылдық округ әкімдері – әкімшілік бағдарламашылар. Яғни олар балабақшаға тапсырыс береді, төлемдерің де солар төлейді. Карантин кезіндегі міндетті төлемді БҒМ және Қаржы министрлігінің бірлескен бұйрығы бар", – деді әкім орынбасары.

Жалақының мәселесін шеше алмаған әкімдіктегілерден қайран болмаған соң, тәрбиешілер прокуратураға да жүгінген. Прокурорлар кәсіпкерлердің құқықтары бұзылғандығын растап отыр. Айыптыларды тәртіптік жауапқа тарту керек деп әкімдікке ұсыныс беріпті.

"Құқықтарын қалпына келтіру мақсатында аудан әкіміне ұсыныс бердік. Ең бірінші бюджеттен төленуге тиіс қаржыны есептеп, балабақшаларға төлеу қажет. Сосын сол қаржының дер кезінде төленбей, кедергі болған не болмаса ықпал ете алмаған лауазым иелерінің тәртіптік жауапкершілігін қарау керек. Кәсіпкерлік туралы заңға сәйкес біз олардың құқығын шектемеуіміз керек, – деді аудан прокуроры Дарын Әбіш.

Жекеменшік балабақшаларға мемлекеттің тиісті қолдауы болмаса, бұл бөбекжайлар жабылып қалуы ықтимал. Осыны аудан әкімдігі басты назарда ұстап, шұғыл шешім шығаруы тиіс. Төзімі түгесілген тәрбиешілер мәселе шешілмесе жоғарыға арызданатындарын айтады.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу