Балабақшаларға қатысты ауқымды реформа басталды

11820

Салада педагогтердің тек 29,9% ғана жоғары білімді.  

Балабақшаларға қатысты ауқымды реформа басталды

Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысын алғаш рет Фейсбукте білім саласына арнап өткізгенде, шынайы уақыт режимінде пікір жазған қазақстандықтардың көбі екі ірі проблемаға шағымданды. Біріншіден, жиынының негізінен орыс тілінде өткені, сөз алған Ұлттық кеңес мүшелерінің тегіс дерлік мемлекеттік тілге мұрын шүйіре қарағаны қатты қынжылыс пен көңілтолмастық тудырды. Екінші түйкіл – кеңес мүшелерінің білім мен тәрбиенің бастауы саналатын балабақша мәселелеріне мүлдем көңіл бөлмеуі еді. Әрине, Ұлттық кеңес мән бермегенімен, бұл мектепке дейінгі білім беру (МДБ) саласында проблема жоқ дегенді білдірмейді.

Білім министрлігі балабақшалар мен мини-орталықтарда "балаларға сапалы тәрбие беріп, оқытуға жағдай жасалмаған" дейді. Бұған МДБ ашу үшін рұқсат алу жүйесінің жойылуы себеп көрінеді. Осы бизнес нысандары жергілікті білім басқармасын құлағдар етіп ашыла береді. 

БҒМ кезінде мұның қажеттілігі болғанын айтып ақталды. Ел басшылығы "Балапан" бағдарламасын бекітіп, бүлдіршіндерді 100 пайыз қамту міндетін қойды, оны Үкімет тез арада орындауға мәжбүр болды. 

Балаларды қамту үлесін арттыру және балабақшаларда орын тапшылығын қысқарту мақсатында мемлекет салаға инвестиция құйған бизнеске қуатты қолдау көрсетті. Олардың сұрауымен жаңа Санитарлық ережелерде балаларға күтім жасау талаптары жұмсартылды.

Сондай-ақ мектепке дейінгі білімді лицензиялау жойылды. Нәтижесінде, қалаларда балабақшалар қаптап ашылды. Олардың ақысы ата-аналар үшін барынша қолжетімді бола түсті. Салалық меморган енді жағдайды өзгертетін кез жетті деген байламға келді.

"Жекеменшік МДБ ұйымдарының саны 2012 жылғы 807-ден бүгінде 5,3 есеге – 4 мың 299-ға дейін өсті. Демек, сандық көрсеткіштерге қол жеткізілді, енді бар назарды сапаны арттыруға шоғырландыру қажет. ЭЫДҰ ұйымы Early Childhood Education and Care Policy Review in Kazakhstan баяндамасында Қазақстанда мектепке дейінгі білім жүйесіндегі сапаны күшейтуге кеңес берді. Жеке балабақшаларда тәрбие мен білім сапасы қамтамасыз етілмей отыр. Сондықтан балабақша ашылғанға дейін уақытылы және лайықты мемлекеттік бақылау қажет", – деп хабарлады министрлік.

Қарапайым сөзбен айтқанда, ведомство осы салада бұрынғы лицензиялауды қайтаруды ұсынып отыр.

Әйтпесе, саладағы Мемлекеттік жалпыға бірдей стандартқа сәйкес, балабақшалар министрлік бекіткен оқу жоспарлары мен бағдарламаларды іске асыруы, балдырғандарға татымды тамақ, таза ауыз су, олардың жасына сай ыңғайлы жиһаз ұсынуы, санитарлық және індетке қарсы талаптарды мүлтіксіз сақтауы тиіс.  

Алайда  лицензиялаудың жоқтығы бұл нормалардың сақталуын балабақша ашылмай тұрып тексеруге мүмкіндік бермейді екен. Құзырлы органдар тек ата-аналардан шағым түссе ғана тексеруге аттана алады.

БҒМ Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитетінің департаменттері еліміз бойынша 140 шағым ізімен індетіп, жоспардан тыс тексерістер жүргізіпті. Оның қорытындысында 96 әкімшілік іс қозғалды. Әрқайсысы бойынша 1125 АЕК (шамамен 3 млн теңге) көлемінде 60 айыппұл салынды. Кейінгі 3 жыл ішінде балабақшаларға қатысты 205 әкімшілік іс қозғалды. 113-і айыппұлмен жазаланды.

Балабақшалардағы педагогтердің балаларға дөрекі қол жұмсауының 7 фактісі анықталды. Педагог кесірінен жазатайым екі оқиға болған. 6 балабақшада балалар тамақтан уланған. Жоғарыда аталған мемстандартты бұзудың 20 дерегі әшкереленді.

"Көптеген МДБ ұйымында мектепке дейінгі тәрбие және білім беру бағдарламасы бойынша оқытатын педагог жоқ. Көбісі мамандығы басқа адамдарды педагог ретінде жұмысқа алады. Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметі бойынша 2019 жылғы қарашада МДБ ұйымдарында 97 мың 209 тәрбиеші жұмыс істеген. Оның 64,6% (62 802) ғана жоғары білімді. Соның ішінде тек 29 мың 707 адам немесе 29,9% ғана мектепке дейінгі тәрбие және білім беру мамандығы бойынша жоғары білімге ие", – деді Білім және ғылым министрлігі.

Қалғаны, 31 мың 952-і (32,8%) кәсіби техникалық мамандық иесі болып шыққан. Тәрбиешілердің 2 мың 455 (2,5%) орта мектеп қана бітірген.

3 мегаполиске қарағанда облыстарда жағдай нашар. Мысалы, Алматы облысында балабақшалардағы педагогтер арасында жоғары және 1-ші санаттағы ұстаздар үлесі небары 17,8%. Түркістан облысында – бар-жоғы 11,5%. Яғни, біраз балабақшада ондай маман жоқ деген сөз.

Лицензиялау енгізілген жағдайда жас ұрпақтың тәрбиесіне жауапты осы мамандар үшін біліктілік талаптары бекітіледі. Сондай-ақ жоғары және І-ші санаттағы педагогтер үлесінің ең төменгі үлесі белгіленеді.

Сарапшыларды балабақша топтарында балалардың көптігі алаңдатады. Мысалы, Қазақстанда әрбір тәрбиешіге орта есеппен 15 баладан келеді. Әсіресе, мемлекеттік балабақшаларда 25-30 бала бар топтар жетерлік. Дамыған елдер кіретін ЭЫДҰ ұйымында бұл көрсеткіш 1:14-тен аспайды.

Кейбір балабақшаның тіпті төл ойын алаңы жоқ. Олар тұрғын үйде ашылған, сол үйдің тұрғындарына арналған ортақ ауланы пайдаланады. Ұлттық білім беру деректер базасының дерегінше, елдегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 90,9%-ында ғана ойын алаңы жабдықталған. Атырау, БҚО, ШҚО және Қостанай облыстарында бұл көрсеткіш 85%-ға да жетпейді. Бұл ретте балабақшалардың 25,5%-ында ғана спорт жабдықтары бар.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев барлық МДБ ұйымын бейнебақылау жүйесімен қамтуды жүктеді. Күні кеше Ұлттық кенесте мұны қайталап айтты. Алайда 3063 балабақшада (29%) сол бойы бейнекамера орнатылмаған. Қалғанының көбісі камераларды балалар ойнайтын және ұйықтайтын бөлмелерге, тіпті кейбірі аулада орнатумен шектелген. Тек 5812-сі немесе 55% ішкі және сыртқы бейнебақылауды жүзеге асырады.

Бүгінде ауыл-қалада балабақшалар қайта ашылуда. Әйткенмен, алда олар жаппай жабыла бастауы ықтимал. Себебі, біразында медициналық қызметкер жоқ. Салада бұл мамандардың саны 6 315 адам және 61,2%-ын қамтиды. Ендеше балаларды медициналық бақылауға, санитарлық-індетке қарсы шараларды жүргізуге кім жауап беретіні беймәлім.

Егер Парламент қолдаса, лицензиялау 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіле бастауы мүмкін.

"Қазақстанда балабақшалармен қамту көрсеткіші 98%-ға жетті. Ең бастысы, мазмұн мәселесін ескеруге көшудеміз. Сондықтан ендігі кезекте оқу стандарттарын өзгерту, тәрбиешілердің біліктілігін арттыру, балалардың жас меритизациясын (жасына қарай топтауды) өзгерту және әдістемелерді жаңарту мәселелерін шешу жолдарын қарастырып жатырмыз", – дейді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Бұл реформа жүзеге асып, игілік әкелгенше тұтас ұрпақ балабақшалардан түлеп ұшып үлгеретін түрі бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу