Мамыр айында желіні екі жасар баланы ұрып-соғып, жазалап жатқан тәрбиешіге қатысты бейне жазба шулатқан болатын. Бұл оқиға Алматының №37 балабақшасында тіркелген. Кейін аталмыш мекемені құқық қорғау органдары тексеріп, басшысын қызметінен босатқан болатын. Ал бөбектерге қол көтерген тәрбиеші жапа шеккен тарапқа 100 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Жуырда БАҚ беттерінде 5 жасар баланы өзінің тәрбиешісі балабақшадан ұрлап кетпек болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жайт мектепке дейінгі даярлық орталығының камераларына түсіп қалған. Көп ұзамай күдікті ұсталған. Тәрбиеші тергеу кезінде баланы ата-анасынан ақша бопсалағысы келгенін айтқан.
Аталған фактілер мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қабырғасында орын алғандардың тек санаулысы ғана. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін не істеу керек? Қауіпсіз әрі жайлы бөбекжайды қалай табуға болады? Inbusiness.kz тілшісі бала қауіпсіздігі жөніндегі орталық директоры Зарина Жұмағұловадан осы сауалдарға жауап алды.
"Балабақша таңдағанда қауіпсіздік ережелерінің сақталуына мән берген абзал. Ол терезедегі темір торлар, эвакуация жоспары, дабыл тетігінің болуы. Егер мекеме басшылығы осы сияқты қарапайым қажеттіліктерге мән бермесе, тәрбиешілер құрамын таңдау туралы сөз қозғаудың қажеті шамалы",– дейді Зарина Жұмағұлова.
Сондай-ақ, балабақшада баланы ата-анасының қолына тапсыру қағидалары қатаң сақталғаны дұрыс.
"Тіпті кішігірім сынақ жасап көруге болады. Танысыңызға баланы бақшадан алып кетуді өтініңіз. Сол сәтте тәрбиешілердің әрекеттерін бақылаңыз. Олар сізге қоңырау шалып, барлығын нақтылай ма? Соған мән беріңіз", – дейді сарапшы.
Маманның пікірінше, барлық мектепалды даярлық орталықтары бейне камералармен жасақталуы тиіс. Егер мекеме әкімшілігі камералар жұмыс істемей тұр деп сылтауратса, бұл да күдік тудыруы тиіс.
Тағы бір мән беретін жайт - баланың көңіл-күйі. Егер бөбегіңіз күн сайын бақшаға барудан бас тартып жыласа, оның айтпақ ойын түсінуге тырысу керек.
Мүмкін ұл немесе қызыңыз айналасында болып жатқан жайттар туралы айта алмай жүрген болар. Сондықтан, психолог көмегіне немесе балаңыз толық ашылып, сырын айта алатын тұлға көмегіне жүгініңіз.
Тіпті болмашы жарақатқа мән беру керек. Тәрбиешісінен қалай жарақаттанғаны туралы біліп, сол сәттегі бейне жазбаны сұрасаңыз болады.
"Барлық факторларға мән беріңіз. Егер баланың көңіл күйі нашар болып, денесінен жарақат ізін байқасаңыз, ал, балабақша әкімшілігі бейне жазбаны көрсетуден бас тартса, алаңдау туғызуы керек", – дейді орталық директоры.
Сондай-ақ, Зарина Жұмағұлова тәрбиешілердің "қара тізімін" жасауды ұсынып отыр.
"Бір мекемеде өзін жаман қырынан көрсеткен ұстаз, келесі балабақшаға жұмысқа орналаса алмайды. Бұл келеңсіз жайттардың алдын алады",– дейді бала қауіпсіздік жөніндегі маман.
Мамандар тәрбиешінің балаға қатыгездік танытуының психологиялық түсіндірмесі бар дейді.
"Мұндай жұмысқа психопатикалық ауытқушылығы бар тұлғалар орналасуы мүмкін. Ондай адамдарға біреуге билік жүргізу маңызды. Ал ең жеңілі, әрине, балаларды басыну. Сондықтан, ата-аналардың жіті қадағалауы мен балабақша әкімшілігінің қатал талаптары ғана бөбектер қауіпсіздігінің кепілі бола алады".
Айта кетейік, қазіргі кезде Алматы қаласында 874 мектепке дейінгі дайындық мекемесі бар. Оның 80%-ы, яғни, 700-ден астамы жекеменшік балабақша. Бұған дейін қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнар Қожабергенова аталмыш балабақшаларда көптеген олқылықтардың анықталғандығы туралы айтып, мониторингтік топ жасақтау туралы ұсыныс жасаған болатын.
"Жекеменшік балабақшалардың сапасын анықтайтын мониторингтік топқа үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғам қайраткерлері кіреді",– деген еді басқарма басшысы.
Құралай Құдайберген