Сұлтанов азық-түлік қымбатшылығы жайлы: Әкімдіктер қаражатты дұрыс бөлмей қойды

2599

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, өңірлердегі тұрақтандыру қорларына тауарларды сатып алуға қаражат дұрыс бөлінбеген, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Сұлтанов азық-түлік қымбатшылығы жайлы: Әкімдіктер қаражатты дұрыс бөлмей қойды

"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына келсек, олар жыл басынан бері 10,3%-ке өсті. Маусымаралық кезеңде бағаның өсуі байқалатын көкөністер, импортқа тәуелді өнімдер, сондай-ақ жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлар ең жоғары өсім көрсетті. Өңірлердегі қалыптасқан жағдай бойынша, ең жоғарғы өсім Түркістан облысында (12,0%), Нұр-Сұлтан қаласында (11,6%) және Қарағанды облысында (11,4%) тіркелді", - деді Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, сәуір айынан байқалған бағалардың өсімі тұрақталып, ал тренді төмендеуге бұрылған. Мәселен, картоп бағасының маусымдық өсуі сәуір-маусым аралығында белгіленген. Оңтүстік аймақтардағы ерте пісетін картоптың түсімі ұлғайған сайын өнімнің бағасы төмендеп келеді. Ең жоғары өсім сәтінен бастап, бағалар 26%-ке немесе 54 теңгеге түскен. Тамыз және қыркүйек айларында солтүстік аймақтарда өнімнің жаппай жиналуы күтіліп отыр. Бұл ішкі нарықты картоппен қамтып, бағаның одан әрі төмендеуін ынталандырады.

Сол секілді сәбіз үшін бағаның маусымдық өсуі бір айға кешірек созылатын түрі бар. Нарықты жаңа дақылмен қанықтыру орта есеппен шілде айының соңынан басталып, қыркүйекке дейін жалғасады. Егін жинау кезеңінде 577 мың тонна сәбіз түсімі күтілуде. Бұл сәбіздің бағасын едәуір түсіруге ықпалын тигізеді. Бақыт Сұлтанов сонымен қатар пияз бен қырыққабат бағаларының өсуі әлі де байқалатынын айтады. Жыл басынан бері бір келі пияздың бағасы 29%-ке немесе 23 теңгеге қымбаттаған. Ал, қырыққабаттың бағасы 22%-ға немесе 20 теңгеге өскен.

"Біз баға тұрақтандырудың негізгі құралдарына талдау жүргіздік. Нәтижелері өңірлерде тұрақтандыру қорларына тауарларды сатып алуға қаражаттың дұрыс бөлінбегенін және механизмді тиімсіз пайдаланудың әлі де фактілері бар екенін көрсетті. Біз бұрын баяндағандай кейбір өңірлерде тәуекелі жоғары өнімдерге мән берудің орнына, бағалары тұрақтары тауарлар сатып алынған. Мысалы, қаражаттың 37%-ы ұнды сатып алуға жұмсалды. Оның бағасы бізде тұрақты. Сондай-ақ, тарихи түрде инфляция шегінде ғана қымбаттайтын тұз және сүт өнімдері сияқты тауарлар сатып алынған. Әкімдіктер қаражатты тәуекелі жоғары және бағалары құбылмалы әлеуметтік маңызы бар тауарларға шоғырландыруы қажет", - дейді ол.

Аят Өрібай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу