Халықтың тәбеті ашыла бастады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
17792

Нұр-Сұлтан тұрғындары нан мен теңіз өнімдерін аз жейді.

Халықтың тәбеті ашыла бастады

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті 2018 жылғы еліміздегі үй шаруашылықтарының азық-түлік өнімдерін тұтынуы туралы ақпаратты жариялады.

"2018 жылы өткен жылмен салыстырғанда май және тоңмайдан басқа азық-түлік өнімдерінің негізгі топтары бойынша тұтынудың өсуі байқалды. Сүт және сүт өнімдері сияқты маңызы бар азық-түлік өнімдері топтарының тұтынуы 9,9 пайызға, ет және ет өнімдері – 6,8 пайызға, нан өнімдері және жарма өнімдері 3,6 пайызға өсті", – деп хабарлайды статистика комитеті.

Комитеттің мәліметінше, жан басына шаққанда халықтың тұтынған сүт және сүт өнімдері 2017 жылғы  237,7 келіден былтыр 261,3 келіге, жұмыртқа 168,5 данадан 193,3 данаға, нан өнімдері мен жарма өнімдері 133,7 келіден 138,5 келіге, көкөністер 88,5 келіден 94,1 келіге, ет және ет өнімдері 72,9 келіден 77,9 келіге, картоп 46,9 келіден 48,6 келіге және қант, джем, бал, шоколад пен кондитерлік өнімдер 41,3 келіден 46,3 келіге көбейген. Ал май және тоңмай тұтыну көлемі керісінше 19,5 келіден 19,2 келіге азайып кетіпті.

"Халықтың жан басына шаққандағы азық-түлік өнімдерінің жекелеген түрлері бойынша тұтынуы айына орташа алғанда: күріш - 1,3 кг, бірінші сортты бидай ұнынан пісірілген нан - 3,6 кг, макарон - 1 кг, сиыр еті – 2,1 кг, жаңа ауланған немесе салқындатылған балық - 0,7 кг, шикі сүт - 1,8 л, айран - 1,4 л, жұмыртқа – 16,1 дана, алма - 1,5 кг, картоп – 4 кг, құмшекер - 1,6 кг, қара шай  - 0,2 кг құрады", – деп жазады статистика комитеті.

Бір қызығы, қала халқы жұмыртқа (1,3 есе), жеміс (1,2 есе), сүт және сүт өнімдерін (1,2 есе), ет және ет өнімдерін (1,1 есе) ауыл халқымен салыстырғанда көбірек тұтынады екен. Дей тұрғанмен, бұл деректердің ресми дерек екенін ескерсек және ауыл халқының аталған тағам түрлерінің басым көпшілігін қолдан өсіруі мүмкіндігін есепке алсақ, ауыл халқының тамақтануы анағұрлым көбірек болуы да ықтимал.

Есесіне, ауыл халқы нан өнімдері мен жарма өнімдерін қала халқына қарағанда 1,2 есе көбірек тұтынатыны анықталып отыр.

Сонымен қатар көкөніс, картоп, қант, джем, бал, шоколад пен кондитерлік өнімдер, май және тоңмай және балық пен теңіз өнімдерінде ауыл халқы мен қала халқының тұтыну көлемі бірдей.

Өңірлерге жекелей тоқталар болсақ, нан өнімдері мен жарма өнімдерін ең аз тұтынатын өңір Нұр-Сұлтан қаласы болса, ең көп тұтынатын өңір – Шымкент қаласы (182,1 кг). Ет және ет өнімдерін тұтыну көрсеткіші Түркістан қаласында ең аз болса, Қарағанды қаласында ең көп. Балық және теңіз өнімдерін Нұр-Сұлтан қаласы ең аз, Атырау қаласы ең көп тұтынады. Сүт және сүт өнімдерін тұтыну Қостанайда ең аз, ал Ақмолада ең көп екен.

Жемістер мен көкөністер ең көп Шымкентте, ал ең аз Қостанай мен Ақтөбеде екен. Сонымен қатар, қант, джем, бал, шоколад, кондитерлік өнімдері де Шымкентте көп тұтынылса, Нұр-Сұлтанда ең аз алынады.

Шеткі децильдік топтар аралығында азық-түлік өнімдерін тұтыну бойынша айтарлықтай саралану сақталуда, мәселен ең аз қамтамасыз етілген халықтың 10 пайызы ең көп қамтамасыз етілген халықтың 10 пайызымен салыстырғанда, ет және ет өнімдерін, жемістерді 3,1 есеге, сүт және сүт өнімдерін – 3 есеге, жұмыртқаны – 2,9 есеге, балық және теңіз өнімдерін 2,7 есеге аз тұтынған.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу