Ұлттық компаниялардағы лауазымға волонтерлер алынады

2844

Еріктілер тапшылығын тартқан билік жаңа қолдау түрлерін енгізбек.  

Ұлттық компаниялардағы лауазымға волонтерлер алынады

Елімізде волонтер болу – құрметсіз іс. Олардың тегін еңбегін билік те, мол грант ақша иеленген үкіметтік емес ұйымдар да қайырымсыз пайдаланды. Пандемия, ТЖ және карантин кезінде аз қамтылған отбасыларға азық-түлік топтамасын тасыған еріктілер мейірімсіз және ашкөз адамдардан алғыс орнына, ұрыс естіді. Биліктің әрекетсіздігі үшін бұқара алдында еріктілерге жауап беруге тура келді: халық оларды "өкіметтің өкілі" деп жер-жебіріне жете сөкті, соққыға жығылғаны да бар. Әскерилермен бірге блок-бекеттерде тұрған, көшелерді патрульдеген еріктілер коронавирус жұқтырып, індетпен жалғыз қалды, өз бетінше емделуіне тура келуде, бұл жағдайға уәде етілген төлемін ала алмады.

Қазақстан бүгіннен бастап қайтадан жалпыұлттық қатаң карантинге жабылуда. Билік тағы да волонтерлерді қажет етіп отыр.

2020 жыл "Волонтер жылы" деп жарияланып, арнайы заң қабылданғанымен, шын мәнінде оларды қолдау рәсімдері мен тетіктері нақты белгіленбегені енді белгілі болды. Мұны салаға жауапты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ашық мойындады. Ол жайында "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлер қызметі және қайырымдылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы тұжырымдамасында атап көрсетілген.

Бүгінде елімізде 50 мыңнан астам белсенді еріктіден тұратын 500-ден аса еріктілер ұйымы мен тобы бар. Үкімет мұны азсынады. Билікке салса, ол бүкіл халықтың тегін қызмет етуін қалайды. Мысалы, ерікті-мәжбүрлі жаппай сенбілік деген тек посткеңестік кеңістікте ғана бар.

"Халықаралық зерттеулерге сәйкес, Қазақстан – азаматтық белсенділік пен волонтерлік қызмет деңгейі төмен елдер тобына жатады. Мұны 2019 жылғы отандық әлеуметтік зерттеулер де растады. Қазақстандықтардың небары 6%-ы ғана белсенді волонтер саналады. Сұралған азаматтардың 63%-ының волонтерлік қызмет тәжірибесі жоқ болып шықты", – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Егер қолдау көрмесе, нарық заманында ешкім де тегін жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан Аида Балаева ведомствосы жаңа заң тұжырымдамасын әзірледі. Сонымен, жаңа заң не бермек?

Келісімшарттың жаңа түрі пайда болады

Сарапшылардың байламынша, жан-жақты дәріптелген қолданыстағы "Волонтерлік қызмет туралы" заң ерікті мен волонтерлік ұйым арасындағы қарым-қатынастың сипатын анықтамайды екен. Мысалы, ол ұйымды еріктілермен азаматтық-құқықтық шарт бекітуге міндеттемейді. Салдарынан, ерікті осы қызметі үстінде мерт болса, өз абыройын қорғап, волонтерлік ұйым одан бас тарта салуы ықтимал: "Біздің адам емес, білмейміз" десе, бітті.

"Заңнамалық негізде реттелген құқықтық қатынастардың болмауы салдар-тәуекелдерге әкеп соғады. Тіпті волонтерлер қызметі ақысыз болғанына қарамастан, бәрібір бұл құқықтық қатынастар шартпен реттелуге тиіс", – дейді министрлік.

Заң бұрынғы министр тұсында қабылданды. Енді оның кемшін тұсын жаңа басшылық ашуда. Азаматтық кодексте тек ақылы көрсетілетін қызметтерге ғана келісімшарт бекіту көзделген. Ақысыз қызмет туралы ештеңе айтылмайды. Жаңа заң осы олқылықтың орнын толтыруы керек.

Ерікті мен волонтерлік ұйым арасында қол қойылатын жаңа құжаттың баршаға ортақ үлгісін министрлік бекітетін болады. Бұл Отанға және қоғамға қызметі үшін ақы талап етпейтін ізгі азаматтардың қорғалуын күшейтеді деп күтілуде.

Волонтер кітапшасы енгізіледі

2016 жылғы 30 желтоқсанда күшіне енген қазіргі "Волонтерлік қызмет туралы" заңда еріктілердің мәртебесін және оның қоғамға пайдалы жұмыс өтілін есепке алатын әрі растайтын ашқандай сәйкестендіру құжаты жоқ көрінеді. Соның кесірінен елге ақысыз, адал еңбегі сіңіп жүрген адамдар елеусіз қалуда. Ал "волонтермін!" деп кеуде керіп жүргендердің біразы ондай қызметпен шындап айналыспаған, іс емес, сөз серкесі атанған қоғам белсенділері ғана. 

"Осы мақсатта Қазақстанда еңбек кітапшасының аналогы ретінде "Волонтерлік кітапша" және еріктінің электрондық куәлігі енгізілетін болады. Волонтерлерді тіркеудің оңайлатылған тәртібі анықталады. Еріктінің куәлігін және волонтерлік кітапшаларды рәсімдеу және беру тәртібі айқындалады. Міне, осылар – оның мәртебесін, жеке тұлғасын растайтын дербес құжаттары болып табылады", – деді ведомство.

Бұрын баса мән бермесе керек, енді жағдайдың қиын екенін сезген мемлекет халықты тегін қызмет етуге жаппай тарту үшін әртүрлі ынталандыру тетіктерін енгізуге ниеттеніп отыр. Мысалы, волонтер болған ай-жылдары еңбек өтілі ретінде еңбек кітапшасына түсіріледі. Ерікті болу тәжірибесі бар жастарға университетке немесе колледжге түсу кезінде басымдық берілмек. Волонтерлердің өмірін мемлекет сақтандыратын болады.

Ерікті болса, жұмыс өтілі толады

Осы салаға қатысты заң қабылданғанда депутаттар еріктілердің есіл еңбегі еңбек кітапшасында көрініс табуы керектігін мәселе етіп көтерді. Алайда бұл бастамада табандамады ма, әлде шенеуніктердің тегеурініне төтеп бере алмады ма, кейін Парламент қабылдаған заңға "жұмыс өтілі" туралы бір сөз енбеді.

"Волонтерлер қызметін еңбек өтілі деп тану тәртібі жоқ. Осыған байланысты еріктілер қызметін жалпы еңбек өтіліне қосу үшін еңбек заңнамасына өзгерістер енгізу ұсынылады. Бұдан бөлек, осы қызметті дамыту мақсатында Еңбек кодексін өзгерту көздеуде: нәтижесінде, волонтер болғысы келетін адамдарға жұмыс беруші оның жұмыс орнын сақтай отырып, ақысы төленбейтін әлеуметтік демалыс беруге тиіс болады", – делінген жаңа заң жобасы тұжырымдамасында.

Мысалы, Арыста жарылыс болғанда, Мақтааралды өзбектің тасқыны басқанда біраз адам ерікті болуға тілек білдірген, тіркелген, дегенмен, кейіннен басшылары жұмыстан босатпайтынын айтып, бас тартқан.

HR-саласының маманы Ренат Каримов бұл бап Парламентте қызу талқылау туғызуы мүмкін дейді.

"Шыны керек, бұл жаңашылдықтың қалай іске асатынын түсінбеймін. Әлдебір компанияда, немесе меморганда қызмет атқаратын жұмыскер волонтер болса, оның орны, жалақысы сақталады, әлеуметтік салығы төленіп, зейнетақы жарнасы аударылады. Егер еріктілік қызметі жұмыс өтіліне қосылса, оның мысалы, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға, фрилансерлерге не көмегі бар? Ертең зейнеткерлікке шыққанда еңбек органдары азаматтардың жинақтаушы зейнетақы қорына қатысу мерзімін басты назарға алады. Ал адам еңбекақысы төленетін жұмыс істемесе, үнемі ерікті болып жүрсе, зейнетақы жарнасы аз болады ғой. Демек, зейнетақысы да ең төменгі деңгейге құлдырайды. Жұмыс өтілінің көптігінен көп пайда жоқ. Оның орнына мемлекет волонтерлер үшін зейнетақы жарнасын аударсын, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ол үшін жарна аударсын. Сонда жұмыссыз қалса, 42 500 теңге көмек ала алады", – дейді сарапшы.

Еріктіге келген зиянды мемлекет өтемек

"Волонтер қызметі қауіпті, зиянды, оның үстіне қолайсыз өндірістік факторлармен байланысты", – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Мысалы, салалық заңның 6-бабына сәйкес, волонтерлер "орталық және жергілікті атқарушы органдарға төтенше жағдайлардың алдын алуда және олардың зардаптарын жоюда көмек көрсетуге" тиіс.

Салдарынан, сел жүруі, бөген бұзылуы кезінде қызыл суды тоқтатамын деп суға бату, жер сілкінісі болса, қираған ғимарат астында көміліп қалу, ормандағы "тілсіз жаумен" күресуде тірілей жанып кету қаупіне душар болады. Ондай жағдайда бір де бір ведомство жауапкершілік арқаламайды. Жазатайым оқиға болса, жергілікті әкімдік – өз қызметкерлеріне, төтенше қызметтер, Ұлттық ұлан және әскерилер – өз жауынгерлеріне және олардың отбасыларына көмек көрсетеді. Волонтерлер бұлардың ешқайсысының құрамына кірмейді. Ал Еңбек кодексіне сәйкес, қайғылы оқиға бола қалса, жұмыс беруші тек өз жұмыскері алдында ғана материалдық жауапкершілік арқалайды.

Балаеваның министрлігі қолданыстағы ұлттық заңнамада тіпті волонтер өмірін сақтандыру көзделмегенін растады.

Осыған байланысты еріктілерге қатысты жаңа әлеуметтік кепілдік түрін енгізу қарастырылуда: олардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды мемлекет өтемек. Сонымен қатар азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру мәселесі пысықталуда.

Қазақстандықтарды тегін жұмысқа ынталандыру үшін Үкімет өзге де ұсыныстармен Парламентке шықпақ. Мәселен, мемлекеттік қызметке тұру, ұлттық компанияларға жұмысқа орналасу кезінде волонтерлерге басымдық беру ұсынылады.

Қазіргі заң бойынша волонтер болу үшін азамат кәмелет (18) жасқа толуы міндет. Жаңа заң жобасы бұл межені 16 жасқа түсіреді.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу