Қазақстанда патриотизмге бөлінетін қаражат қысқартылды

2780

Биыл билік 18 адамды ғана патриот деп танымақ.  

Қазақстанда патриотизмге бөлінетін қаражат қысқартылды

Мәдениет және спорт министрлігі "Ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және қазақстандық патриотизмді нығайту" бюджеттік бағдарламасын жария етті. Бағдарламаның жетекшісі – мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.

Ведомствоның түсіндіруінше, бағдарламаға азаматтардың патриоттық санасын қалыптастыруға, елдің стратегиялық құжаттарын түсіндіруге, сонымен қатар мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия отырысын өткізуге арналған шығындар кіреді.

"Жыл патриоты деп тану және марапаттау үшін облыстар мен республикалық маңызды қалалар ұсынатын патриоттар саны 2020 жылы – кем дегенде 18 адам, 2021 жылы – ең кемі 19 адам, 2022 жылы – кемінде 20 адам. Мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау жұмысы туралы халықтың хабардар болу деңгейі 2020 жылы – 80%, 2021 жылы – 81%, 2022 жылы – 82% болады", – делінген құжатта.

Бұрындары аса үлкен маңыз берілетін бұл бағытта енді мардымсыз ғана қаражат қарастырылады екен. Мысалы, 2020 жылы 19 миллион 234 мың теңге бөлінбек. 2021–2023 жылдары да әр жыл сайын осынша көлемде ғана қаражат жұмсалады деп жоспарлануда.

Президент жанындағы Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия жылына 2 рет жиналатын көрінеді.

Биыл қоғамда патриоттық сана қалыптастыру мақсатында 2 шара ғана ұйымдастырылмақ. Жылда республикалық деңгейде "Патриоттар форумы" өтетіні мәлім. Келесі 3 жылда отаншылдықты насихаттауға арналған республикалық шаралар саны 1-ге дейін азаюы мүмкін.

Әрине, мұның барлығы Ақтоты Райымқұлова министрлігі желісіндегі шараларға ғана қатысты. Оның орнына патриоттық тәрбие жұмыстары ардагерлер, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдар тарапынан өрістеуі ықтимал.

Мысалы, биыл ел Үкіметі жас патриоттарға "Елбасы медалін" табыстайтын болады. Таяуда, 2020 жылғы 24 сәуірде Үкімет қаулысымен 14-тен 29 жасқа дейінгі балалар мен жастарды "патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградтау қағидалары" бекітілді. Ол қағида енді қайта жаңартылып отыр: Білім және ғылым министрлігі осы су-жаңа қаулыға өзгеріс енгізетін жаңа қаулы жобасын қоғамдық талқылауға шығарып отыр.

Оған сәйкес, "Елбасы медалінің" үш түрі болады: жеңімпаздар қола, күміс және алтын медальмен марапатталады. Оны иелену үшін нақты талап-тапсырмаларды орындау қажет.

БҒМ түсіндіруінше, Елбасы атындағы қола медаль 14 жастан бастап беріледі. Оған қол жеткізу үшін жасөспірімдер біріншіден, "спорт және физикалық даму", "таланттар мен дағдылар" және "волонтерлік" бағыттар бойынша 3 ай ішінде аптасына кемінде 1 сағат жаттығудан өтуі керек. Екіншіден, "кітап оқу" бағытында ұсынылған "Қазақ әдебиетінің алтын қоры", "Әлемдік әдебиеттің алтын қоры", "Тұлғалық өсу мен өзін-өзі дамытуға арналған кітаптар, ғылыми-көпшілік әдебиеттер" атты 3 бөлімге жататын кемінде 3 кітапты таңдап оқуы қажет. Үшіншіден, "Ұлттық мұра" бағытында 3 ай бойы аптасына кемінде 1 сағат тапсырма орындауы немесе "Қазақ әдебиетінің алтын қоры" бөлімінен қосымша бір кітап оқуы шарт. Төртіншіден, "Туристік жорықтар" бағытында 2 күндік экскурсияға қатысуы міндет.

Күміс медалімен 15 жастан ересектер наградталады және олар үшін тапсырмалар мерзімі 12 айды қамтиды.

Алтынмен апталған "Елбасы медалін" 16 жастан асқан қатысушылар ала алады, жаттығулар мерзімі 18 айға созылады. Мысалы, үміткердің "спорт және физикалық даму", "таланттар мен дағдылар" бағыттарында – 6 ай ішінде аптасына кемінде 1 сағаттан жаттығуы, "волонтерлік" бағытында – 1 жыл бойы аптасына кемінде 1 сағаттан ерікті болып қызмет атқаруы талап етіледі. "Кітап оқу" бағытында –кемінде 9 кітаптың, соның ішінде "Қазақ әдебиетінің алтын қоры" бөлімінен 3 кітаптың мазмұнын жақсы білуі, "Ұлттық мұра" бағытында – 6–9 ай бойы аптасына кемінде 1 сағат тапсырма орындауы, "туристік жорықтар" бағытында – 4 күндік экскурсияға барып қайтуы қажет. Ересек тобының өз ерекшелігі бар: мысалы, "еңбек практикасы" бағытында белгілі бір кәсіпорын-компанияда кемінде 5 күн тәжірибеден өтеді.

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға әкімші жеке талаптар белгілейді.

Үміткерлер әкімші анықтайтын интернет сайтта тіркеуден өтеді және өтініш қалдырады. Содан кейін қатысушы тұрғылықты жері не оқу орны бойынша нақты орталыққа бекітіледі, оған жаттығуды адал орындауын бақылайтын тәлімгер ұсынылады. Сондай-ақ таңдалған бағытына сәйкес нормативтер мен қатысудың жеке графигі ұсынылады.

Үміткерлер спортпен шұғылдануы, шығармашылықпен айналысуы, сонымен қатар ұлттық мәдениет, ас әзірлеу, сәндік-қолданбалы өнер салаларындағы дарыны мен дағдыларын дамытуы тиіс. Осы бағытта қаншалықты ілгерілегені туралы есепті өзіне берілетін арнайы дәптер-журналында тіркеп жазып отыруы керек. 

Қатысушылардың қызметі балмен есептеледі. Оның қорытындысында комиссия кіл мықтының арасынан кім жеңгенін анықтайды.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар биылғы желтоқсан айында сый-құрмет көреді. Барлық облыс орталықтары мен үш мегаполисте өтетін марапаттау салтанаттарында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге "Елбасы медалі" табысталады.

Жас патриоттарға бұл медаль нендей игілік бермек? Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша (әрі қағидада жазылғандай), егер әлдебір талапкер мен "Елбасы медалі" иегерінің жиған балдары тең болып шықса, онда ЖОО-ға түсу бойынша білім грантын алуда медаль иесі басымдыққа ие болады. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу