Құлықсыз NEET жастар

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
15196

Еліміздегі оқуға, еңбектенуге, ізденуге құлықсыз, саяси және азаматтық белсенділігі аса төмен NEET жастардың үлесі 380 мың адамды құрады.

Құлықсыз NEET жастар

"NEET жастары" несі деп отырған шығарсыз. Бұл – соңғы жылдары пайда болған жастардың тобы. Әлемдік ғылым мен мемлекеттік басқару саласында NEET деген ұғымның қолданыла бастағанына біршама жыл болды. Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев NEET ұғымына мынадай анықтама берді: "оқуға, еңбектенуге, ізденуге құлықсыз саяси және азаматтық белсенділігі аса төмен, жауапкершілікті мойнына алып, белсенді өмір сүруге ниеті жоқ жастардың жалпы жиынтығы". Қазақ тілінде бұл терминді бір сөзбен "құлықсыз жастар" деп те атауға болады.

"NEET ұғымы жастардың еңбектен, білімнен, әлеуметтік белсенділіктен өз еркімен немесе түрлі себептермен бас тартуын білдіреді. Көп жағдайда мұндай мінез-құлық жастардың қоғамнан алшақтауына әкеліп соқтырады. Олар әлеуметтік ортада өздерінің керексіздігін сезініп, жеке жол табуға ұмтылады. Суицид, дивиация секілді проблемалардың бәрі осыдан туындайды. Отбасы құндылықтары бұзылады", – деді Дархан Кәлетаев үкіметтің бүгінгі отырысында.

Бұл ретте министр 18-29 жас аралығындағы жұмыспен, оқумен қамтылмаған жастарды, оның ішінде 2018 жылғы түлектерді жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол картасы әзірленіп жатқанын еске салды. Жол картасында NEET жастардың үлесін азайтуға басымдық берілмек.

"Қазақстанда NEET жастарға қандай топтар жатады? Олар – білім деңгейі төмен, еңбекке жарамсыз, психикалық ауытқушылығы бар, жайсыз отбасынан шыққандар және иммиграциялық тарихы бар жастар", – деді қоғамдық даму министрі.  

Жалпы, жастардың жағдайы мен көңіл күйіне жұмыссыздық тікелей әсер етеді. Халықаралық еңбек ұйымының 2017 жылғы баяндамасына сүйенсек, соңғы 20 жылдың ішінде әлемдегі жастардың саны 139 млн адамға өскен. Ал жұмыспен қамтудың үлесі 35 млн адамға кеміген. Жаһандық еңбек күші бойынша жастардың үлесі 1997 жылы 21,7 пайыз болса, 2017 жылы 15,5 пайызға төмендеген. Оның ішінде оқумен, жұмыспен қамтылған жастардың үлесі – 21,8 пайыз.

"Қазақстанда жастарды жұмыспен қамту мәселесі жақсарып келеді. Мысалы, 2011 жылы еңбекке, оқуға, қоғамдық істерге тартылмаған жастардың үлесі 18,6 пайыз болса, 2018 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша 7,7 пайызға кеміді. Алайда, бұл жерде нақты шешімін таппай отырған бірқатар мәселе бар. Біріншіден, жоғарыда айтылған топқа жататын жастардың саны 300 мыңнан асады. Былай алғанда, бұл бір облыс орталығының халқы. Екіншіден, оңтүстік өңірдегі, сондай-ақ Маңғыстау, Қарағанды облыстарындағы оқумен, жұмыспен қамтылмаған жастардың көрсеткіші тым жоғары. Үшіншіден, жас әйел адамдардың аталған топқа кіру қаупі зор болып отыр", – дейді Дархан Кәлетаев.

Министрдің айутынша, жоғарыда айтылған деректер фокус-топтар арқылы расталып, оның қорытындысы бойынша негізгі NEET топтары бөліп, қарастырылған. Олар – әлеуметтік қорғау жүйесімен қамтылмағандар, ата-анасының қамқорлығында отырғандар. Мұндай жастар саяси жағынан мемлекетке ниеттес, алайда жергілікті деңгейде сыни көзқараста болуы мүмкін. Осылайша, жас өлшемі бойынша кіші топқа 18-22 жас аралығындағы, орта топқа 22-24 жас аралығындағы, ересектер тобына 25-29 жас аралығындағы жастар жатқызылды.  

Министрдің айтуынша, жұмыспен, оқумен қамтылмаған жастардың жеті түрін атауға болады. Бірінші топ – асырауда отырғандар. Білімі бар, белгілі тәжірибесі бар. Бірақ оқуды және жұмыс істеуді жалғастыруға ынтасы жоқ. Екінші топ – жас әйелдер. Жас балалары бар және жалғыз басты аналар. Соның ішінде ерте ана болғандар. Үшінші топ – фрилансерлар. Еркін ақша табуды, жүйесіз жұмыс пен "көлеңкелі" секторды артық санайтын, кездейсоқ табыспен күн көретіндер. Төртінші топ – ауыл жастары. Біліктілігі мен тәжірибесі жоқ, қосалқы шаруашылықтарға тартылғандар. Бесінші топ – мүмкіндігі шектеулі жандар. Денсаулығына байланысты жұмысқа орналаса алмайтын мүмкіндігі шектеулі жастар. Алтыншы топ – әлеуметтік жағдайы нашар отбасыдан шыққандар. Оқуды жалғастыруға ниеті бар, бірақ мүмкіндігі жоқ мектеп түлектері мен жетімдер. Жетінші топ – жастардың бейәлеуметтік топтары. Бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан, есірткі мен ішімдікке тәуелді, қазір оңалтудан өтіп жатқан жастар.

"Жастардың аталған буынымен кешенді жұмыс жүргізу қажет. Осы ретте, жол картасында мынадай мәселелерді шешу көзделген. Жастар үшін кәсіп таңдауда консультациялық орталық құру қажет. Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беруді жолға қою қажет. Дуальды білімнің тиімділігін арттырған абзал. Сонымен қатар жастардың тұрғын үй кооперативтерін құру керек. Алматы қаласының тәжірибесін негізге ала отырып өңірлік тұрғын үй бағдарламасын жасау қажет", – дейді Дархан Кәлетаев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова да NEET жастардың үлесін төмендету үшін нақты ұсыныстар айтты. Ол мамандығы жоқ адамдар қатарынан техникалық және кәсіптік білім алуға үміткерлер санын ұлғайтуды ұсынды. Сонымен қатар шағын несие беруде жастарға басымдық беру керек деп есептейтінін айтты.

"2018 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8 пайызды немесе 82 мың адамды құрайды. Бұл республикадағы жұмыссыздық деңгейінен төмен. Жұмыспен қамтылған жастардың жалпы саны – 2 млн 100 мың адамды. Жұмыспен қамтылған жастардың 1,5 миллионы – жалдамалы жұмыскерлер, 456 мыңы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Жыл сайын 120 мыңнан астам мектеп түлегі еңбек нарығына қосылады. Олардың 18 пайызы колледжге, 60 пайызы жоғары оқу орындарына түседі. 19 пайызы мамандық алмай қалады. Қалған 4 пайызы шетелге кетеді, әскерге шақырылады", – дейді Мәдина Әбілқасымова.

Министрдің дерегінше, еліміздегі жастардың 36 пайызында жоғары білім, 39 пайызында арнайы орта білім бар. Ал 25 пайызының білімі негізгі бастауыш, жалпы бастауыш білім деңгейінде қалып отыр. Осыған байланысты білімі жоқ жастарды алғашқы мамандықпен қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылдан бастап тегін кәсіптік техникалық білім жобасы іске асырылуда. Жыл сайын 21 мыңнан астам адам техникалық және жұмысшы кәсіптеріне оқытылады. Қазір аталған жоба бойынша 38 мың адам оқытылып жатыр.

"Жастар қатарындағы 13,5 мың адам еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды үйрену үшін колледждер мен оқу орталықтарына қысқа мерзімдік кәсіптік оқыту курстарына жіберіледі. Сондай-ақ биыл 4536 адам "Бастау бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Жастар қатарынан 396 адам шағын несие алды. 2018 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының шеңберінде 136 мың адам жұмысқа орналастырылды. Олардың ішінде 86 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 25 мыңнан астам адам жыл сайын жастар практикасына жіберіледі", – деп мәлімдеді Мәдина Әбілқасымова.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, соңғы жылдары кадрлар даярлау сапасы жақсарып, жұмысқа орналастыру көрсеткіші жоғарылаған.

"Колледж бітірушілерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші 2002 жылмен салыстырғанда 12 пайызға артып, 2017 жылы 79,92 пайызды құрады. Сондай-ақ соңғы 10 жылда өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар саны азайды. Жастар жаңа экономика жағдайына жылдам бейімделіп, үйренуде. Дегенмен олардың практикалық тәжірибесі болмағандықтан еңбек нарығындағы сұранысы әлі аз. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар арасында практикалық, кәсіби білімі жоқ жастар көп кездесуде. Өткен жылы 18-29 жас аралығындағы NEET жастардың үлесі 380 мың адамды құрады. Жұмысы жоқ жастардың көбінде орта білім ғана бар. Көбі колледжге, жоғары оқу орындарына түспеген және оқуды бітірмей шығып кеткен", – дейді Ерлан Сағадиев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу