Елімізде халықты жұмыспен қамту саласын цифрландыру бойынша 12 негізгі бағыт айқындалды. Оны жүзеге асыруға 186 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан "IDC Future of Work Forum 2020" аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев хабарлады.
"Елімізде 203 жұмыспен қамту орталығы бар. Осы орталықтардағы жұмысты цифрландыру үшін біз 12 негізгі бағытты айқындадық. Ол жастар тәжірибесінен бастап, микронесиелеумен аяқталады. 2020 жылы мұның барлығын жүзеге асыруға 186 млрд теңге бөлінеді. Осы уақытқа дейін кім және қандай мамандық бойынша білім алатынын жұмыспен қамту орталықтары шешкен. Енді біз жергілікті атқарушы органдардың, оның ішінде әкімдіктер мен жалпы адами фактордың әсерін шектеуіміз керек. Мәселен, жұмыссыз адам сайтқа өзі кіріп, жұмысқа тұрғысы келетін мекемені таңдайды. Оған біз емес, арнайы жүйе көмектеседі. Бүгінде бұл қызметті ешкім пайдаланбайды", – дейді Нариман Мұқышев.
Вице-министрдің сөзінше, жұмыспен қамту бағдарламасында адами фактордың болуы жемқорлыққа алып келуі мүмкін. Сондықтан келешекте кез-келген адамды тек онлайн режимде жұмысқа тұратын дәрежеге жеткізу жоспарлануда.
"Адами фактор бар жерде 99% жемқорлық қатері болады. Ал цифрландыру арқылы біз мұның барлығынан арыламыз. Қазір жеке куәлікпен несие аламыз. Болашақта халық жеке куәлігін көрсетіп-ақ қызметке тұратын дәрежеге жетуі керек. Бүгінгі таңда тек жұмысты іздеу мен жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу онлайн режиміне ауыстырылды. Биылғы жылы жұмыссыздарды тіркеу, қысқа мерзімді кәсіби білім беру, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруды онлайн режиміне ауыстыруды көздеп отырмыз", – дейді Нариман Мұқышев.
Құралай Құдайберген