Қай мамандық иесін роботтар алмастыра алмайды?

Әлемде мамандықтар өзгеруде, алайда қазақстандықтар "өзгеруге" асыға қоймайтын сияқты. 

Қай мамандық иесін роботтар алмастыра алмайды?

Болашақта мамандықтардың өзгеретіні анық болды. Жасанды интеллект дамып, роботтардың түрлі мамандықтар бойынша адамдардың орнын басатыны туралы жиі айтылып келеді. Мысалы, Брукинг институтының мамандары жүргізген сауалнамаға қатысқан америкалықтар алдағы 5 жылда үйде электронды көмекшінің болуы қалыпты жағдай деп санайды. Сонымен қатар 30 жылдан кейін ауыр жұмыстың барлығын роботтар істейтініне де сенімді.

Бұл бағытта зерттеу жасаған Adzuna компаниясы алдағы он жылда көлік жүргізушісі, хат тасымалдаушы, есепші, күзетші, тігінші, сатушы, фабрикалардағы зат жинаушылардың қызметін роботтар атқарады деген шешімге келген. 

Жапониялық Parlo роботын жасаушы FujiSoft Incorporated компаниясы роботтар іс қағаздар жүргізу, мәліметтерді өңдеу, колл орталықтарда, қонақ үйлерде консьерж қызметін атқаруы мүмкін деп жазады. Мысалы, ALT Technologies Inc. компаниясы жасап шығарған бағдарламалық шешімнің арқасында колл орталықтағы 100 адамның орнына тек бес адам жұмыс істеп, қалған 95 қызметкерді жасанды интеллект алмастыра алады. 

Ресейлік Халық шаруашылығы академиясы 2030 жылы автоматтандыру салдарынан 20 млн ресейлік жұмыссыз қалуы мүмкін деген қорытынды шығарған. Бұл елдегі жұмыс істейтіндердің 45,5%-ы.

Сарапшылардың айтуынша жасанды интеллект пен роботтандыру сынды жаппай автоматтандырудың пайдасы жаңа өнімдер мен қызметтердің пайда болуына, өнімділіктің артуына ықпал етеді. Мысалы, жаңа технологиялардың арқасында 2030 жылы әлемдегі ӘЖӨ 14%-ға өседі. Алайда бүкіл әлем бойынша адамдардың 37%-ы жұмыссыз қалуы мүмкін. Сонымен қатар, сарапшылар болашақта адамдардың еншісінде тек роботтар атқара алмайтын мамандықтар ғана қалатынын айтады. Яғни, нейрожелілер  барлық салада адамдармен бәсекелесе алмайды. Сондықтан көпшілік мамандықты алмастыру әлі де мүмкін емес. Мәселен, медицина саласындағы кейбір қызметті роботтардың атқаруы қиын. Сол сияқты роботтар дайындалуы күрделі тағамды жасауы екіталай. Яғни, адамның қабілетін талап ететін мамандықтарды роботтардың атқару мүмкіндігі аз. "Алайда жасанды интеллект, роботтану, автоматтандыру мамандықтарды түбегейлі өзгертеді. Бұл Қазақстанды да айналып өтпейді", - дейді сарапшылар. 

Болашақта қандай мамандар сұранысқа ие болады?

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық біліктілік  жүйесін және еңбек нарығын жоспарлау департаментінің  болжамынша алдағы бес жылда техниктер, жоспарлаушылар, электронды  жабдықтарды құрастырушылар, жарнама мен қоғаммен байланыс бойынша басқарушылар, графикалық дизайнерлер сұраныста болады. Ал 10 жыл көлемінде биомедицина, 3D-үлгі жасаушылар, толықтырылған шынайылық, қайта жаңғыратын энергетика, ақылды қала құрылысы мен инфрақұрылымы, жүйелі ІТ сараптау, ІТ инфрақұрылым сәулеті мен мультимедиалық бағдарлау мамандарын жұмысқа жиі алады. 

Бұл ретте министрлік "Жаңа мамандықтар атласын" дайындауда. Ол 2020 жылы электронды нұсқада жарияланады деп күтілуде. Мұнда қазіргі өзгеріс жағдайында сұранысқа ие 100 мамандықтың тізімі жинақталмақ. Оның 35-і жоғары білімді талап етеді. Бұл ретте "Жаңа мамандықтар атласы" аясында зерттеу жүргізген сарапшылар болашақта инженерлік, ақпараттық технологиялар, компьютерлік ақпараттық қамтамасыз етушілер, нанотехнология, логтиска, экология, қала құрылысы мамандары қажет болатынын айтады. 

Халық жаңа талаптарға бейімделмей отыр

Алайда біздің елде адамдар өздігінен жаңа заман талаптарына баяу бейімделіп отырғанға ұқсайды. Жақында "PwC PayWell Казахстан 2019" зерттеуін жариялаған. Оның нәтижесінде Қазақстанда автоматтандырудың көшбасында қаржы саласы, құрылыс, өндіріс, коммуникация саласы тұрғанын айтады. Сәйкесінше бұл салаларда жұмыссыздар көбеюі мүмкін. Сондықтан аталған сала мамандарына жылдам басқа мамандықтарға бейімделу қажет. Ал әлеуметтік жұмыс, денсаулық сақтау мен білім саласына автоматтандыру әлі әсер ете қоймаған. Сондықтан бұл сала мамандарын  ұзақ мерізімді өзгеріс күтеді. 

PwC зерттеуінде Қазақстандық компаниялардың 37%-ы мамандарының кәсіби біліктіліктерін арттыруға тұрақты инвестиция салатынын айтқан. 

Ал жекелеген адамдар бұған асықпайтын сияқты. hh.kz сайтының мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылдың алғашқы жартысында ерлер арасында сату, өнеркәсіп, көлік, тасымалдау мамандарына жұмыс көп болған. Ал ІТ саласы керісінше сұраныс жағынан 8,48%-ды құраған.

Әйелдер арасында бухгалтер, қаржыгер, әкімшілік қызметкер, банк, инвестиция, лизинг мамандықтарына сұраныс жоғары. Алайда мұның барлығы болашақта бірінші болып роботтар алмастыруы мүмкін мамандықтар.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу