"Соңғы жылдарда Қазақстанда цифрландыруға қатысты қанатқақты жобаларға қаржы құю тренді белең алып келеді. Бұл бағытта логистикалық қызмет көрсететін, бөлшек саудамен айналысатын және қаржы операцияларын жүргізетін компаниялар белсенділік танытуда. Олар бизнесті түрлі сервистерді қолдану арқылы жүргізудің пайдасы мол екенін түсініп отыр. Атап көрсетерлігі бұл бағытқа ірі компаниялар да бет бұра бастады", – деді Manufacturing Talks конференциясында Microsoft компаниясы бұлтты өнімдерінің маркетинг менеджері Виктор Дубовцев.
Оның сөзінше, Microsoft компаниясы Қазақстанның 4 кәсіпорнымен серіктес болып отыр.
"Өкінішке қарай, рұқсат етілмегендіктен мен бұл компаниялардың атын атай алмаймын", – деді ол.
Виктор Дубовцевтың мәлімдеуінше, жасанды жады арқылы шығынның үштен бір бөлігін қысқартуға болады.
"Цифрлық шешімдерді қолдануға да қаржы қажет. Бірден айтайық, салынған қаржы қайтады және табыс әкеледі. Бұрын компаниялар бекітілген бағамен дайын өнім сататын. Тұтынушы сатып алған өніммен не істейтініне бас ауыртпайтын. Бұлтты өнімдер қызметінде сәл басқаша. Тұтынушы бұлтты өнімдерді қолданса – төлейді, қолданбаса – төлемейді" – деді маркетинг менеджері.
Виктор Дубовцевтың айтуынша, посткеңестік елдер кеңістігінде Ресей мен Украина цифрландыру бойынша көш бастап тұр.
"Қазақстандағы бизнесмендерге жаңа технологияларды қолданудан қорықпау қажет. Себебі сіздерге қанатқақты жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Қазақстан цифрландыру жүйесінен тыс қалатын болса, бәсекеге қабілеттілігінен айырылады. Бұл – құлдырау, табыстан қағылу деген сөз. Бүгінгі таңда АҚШ пен Аустралия бұлтты технология қолдануда әлем бойынша, Ресей мен Украина ТМД бойынша алда тұр", – деді ол
Виктор Дубовцевтың мәлімдеуінше, Қазақстанда кадр тапшылығы сезіледі.
"Сіздердің елдеріңізде бұлтты технологияны меңгерген, жасанды жадының мүмкіндігін білетін мамандар саусақпен санарлық. Бұл бағытта біраз жұмыс істеу керек. Жаңа технология жаңа мамандарды қажет етеді. Маман болмаса технология дамымайды. Кадр тапшылығын жою үшін білікті мамандарды жалдап, солардан үйрену керек. Таяуда Microsoft жасанды жады мен техникалық курстың бизнес-мектебін ашты. Мұндағы мақсат – нарыққа қажет кәсіби маман даярлау", – деп қорытты ойын Виктор Дубовцев.
Қанат Махамбет