Стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың арасында алшақтық көп

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3688

Бюджет шығыстары шығындық әдіспен жоспарланып келеді. 

Стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың арасында алшақтық көп

Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смаилов бюджет қаражатын қараудағы маңызды мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, стратегиялық және бюджеттік жоспарлаулардың бір-бірінен алшақтығы, олардың индикаторларының сапасыз жоспарлануы жыл сайын қайталанатын мәселеге айналып отыр.

"Мемлекеттік органдар 5 жылға стратегиялық жоспар қабылдайды. Бірақ бюджет шығыстарының жоспарлануы әлі де болса шығындық әдіспен, яғни өткен жылдың қортындысы негізінде жасалып отыр. Сол себепті  бюджеттік жоспарлау процессін түбегейлі өзгерту керек. Бюджетті жоспарлау кезінде, біріншіден, мемлекеттік органдардың стратегиялық бағыттары мен мақсаттары талдау жасалатын болады. Екіншіден, сұралып отырған шығыстардың экономикаға және әлеуметтік жағдайға әсері бағаланбақ. Үшіншіден, нәтижеге қол жеткізу үшін бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің  қаржылық басқаруда дербестігі ұлғайтылады. Аталған шаралар Бюджеттік кодекске енгізілетін болады", – деді қаржы министрі Мәжілістің отырысында.

Бұдан бөлек, тиісті жұмыс топтары негізгі мемлекеттік бағдарламаларды мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі тұрғысынан қайта қарап жатыр.

"Мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметі олардың қажеттілігі немесе бәсекелестік ортаға беру мүмкіндігі де талданады. Оның ішінде миллиардтаған бюджет қаражаты жұмсалатын мемлекеттік тапсырмалар да қайта қаралады", – деді Әлихан Смаилов.

Министрдің айтуынша, жыл сайын қозғалатын проблеманың бірі – квазимемлекеттік субъектілердің шоттарындағы қалдықтар.

"Өткен жылы бюджеттік заңнамаға өзгертулерге сәйкес, субъектілердің шоттарында қалыптасқан қалдықтарды үнемдеу болған жағдайда, оны басқа жобаларға пайдалануға мүмкіндік берілді. Бірақ бұл норма мәселені түбірлі шешпей отыр. Сол себепті, бюджет рәсімдерін жетілдіру тобында көп жылдар бойы квазимемлекеттік субъектілерінің шотындағы пайдаланылмай жатқан қаражатты бюджет кірісіне қайтару нормасы талқылануда", – деді министр.

Өткен жылы салық-кеден саласындағы цифрландыру процесі салықтық түсімдерің ұлғаюына жол ашқан. Әлихан Смаиловтың сөзінше, цифрландырудағы басты мақсат – тауарлардың қозғалыс цикліне тікелей мониторинг жасау. Яғни, өнімнің өндірушіден тұтынушыға жеткенге дейінгі процессін қамту.

"Бұл жұмыс 2018 жылы басталды. Бүгінде "АСТАНА-1", "Тауарларды таңбалау", "Электронды шот-фактуралар", "Тәуекелдік басқару жүйесі", "Виртаулды қойма" модулі сияқты ақпараттық жүйелер жүзеге асырылуда. Тауарлардың қозғалысына онлайн мониторинг жүргізу көлеңкелі экономиканы төмендетуге және салықтардың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беруде", – деді Әлихан Смаилов Мәжіліс отырысында.

Министрдің айтуынша, аталған ақпараттық жүйелер шоғырланған бюджетке түсетін салықтардың жалпы ішкі өнімге шаққанда үлесін 18,6 пайызға жеткізді. Ал бекітілген жоспар 16,9 пайыз еді. 

"Берешектің көлемін азайту үшін "Тәуекелдерді басқару жүйесі" ақпараттық жүйесінде электрондық шот-фактуралардың мәліметтері негізінде тәуекелдерді ерте анықтау бойынша модель әзірленді. Бұл берешек пайда болғанға дейін жоғары тәуекелді салық төлеушілердің заңсыз қызметінің жолын кесуге мүмкіндік береді. Тағы бір мәселе – артық төлеу сомасының өсуі, аванстық төлемдер. Артық төлеудің 80 пайыздан астамы қосылған құн салығына қатысты болып отыр. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн салығын әкімшілендірудің ашықтығын арттыру мақсатында "Blockchain технологиясын қолдана отырып, ҚҚС әкімшілендіру" ақпараттық жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. Бұл жүйе салық төлеушілерге қосылған құн салығын кепілді қайтаруға және артық төлемнің азаюына мүмкіндік береді деп сенеміз", – дейді Әлихан Смаилов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу