Халық зары: "Жұмыс істегім келеді, шенеуніктер істеткізбей отыр"

3038

Қазақстандықтар еңбек етуге құштарлық танытуда, ал әкімқаралар мен билік өкілдері түрлі кедергі жасап жатқан көрінеді.  

Халық зары: "Жұмыс істегім келеді, шенеуніктер істеткізбей отыр"

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бергі ең ауыр сынақ деп бағаланған "қаралы қаңтар" оқиғаларына қатысты мәлімдемелерінде Президент "бұл оқиғалардың барлық себеп-салдарын терең талдап, тиісті сабақ алу қажет" деп қадап айтты. Бұл тапсырманы Қасым-Жомарт Тоқаев "Nur Otan" партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде де қайталады.

Осы орайда бірқатар сарапшы халықтың өзіне күйе жағып, қаралауға асықты, бұқара арасында еңбегімен табыс тапқысы келмейтін, тонауға бейім маргиналды топтар көбейіп кетті деп жаңсақ пікір білдіруде. Жаңсақ дейтініміз, біріншіден, ондай топтар тым көп болса, барлық өңірді, бүкіл ауыл-қаланы жайпап, түк қалдырмас еді. Халқымыздың басым көпшілігі тұрақтылық пен бейбітшілікке жақ екенін паш етті.

Екіншіден, жұмысқа қыры жоқ, кержалқау, бала-шағаның үстінен күн кешетін не бөтеннің дүниесін тартып алуға құмар адамдар барлық заманда болған, барлық елде бар. Олардың үлесі тым аз. Қазақстандықтар еңбекқор халық. Олай болмағанда, күйреп қалған Кеңес Одағы орнында небәрі 3 онжылдықта заманауи мемлекетті жаңадан құра алмас еді. Бұл әр азаматтың ауыр еңбегінің арқасы.

Қазақстандықтар қазіргі алмағайып заманда, күрмеуі көп күрделі дүниеде адал еңбегімен нәпақа тапқысы келеді. Іскерлік әлеуетін жүзеге асырып, бизнес ашуды қалайды. Алайда әкімқаралар мен шенеуніктер түрлі кедергі туғызады, сыбайлас жемқорлық, командамен көшіп жүру, рушылдық, жершілдік және басқа кеселдер адым аштырмайтын көрінеді. Осы орайда қарапайым адамдардың пікіріне құлақ түрген жөн.

Өндірістің адамы өндірісті аңсайды

Жаңаөзен тұрғыны Әділ С. біраздан жұмыс таба алмай жүр екен.

"11 жыл бойы "Өзенмұнайгазға" сервистік қызмет көрсететін "Ақтау мұнай сервистік компанияда" еңбек еттім. Слесарь-жөндеуші, учаске шебері, учаскенің инженер-технологы қызметтерін атқардым. Алайда 2020 жылдың 31 желтоқсанында мені және өзге де әріптестерімді бірнеше жылғы еңбегімізге қарамастан қысқартып, орнымызға шетелден келген жұмысшыларды қалдырды, көбісі Ресей азаматтары. Жаңаөзен қаласында онсыз да жұмыс тапшы. Неге онда ұзақ жылғы тәжірибесі бар жергілікті жұмысшыларды жұмыстан қуады? Орнымызға жатжұрттықтарды алуын негізсіз санаймын", – деп қапаланады Әділ.

Ол былтырғы ақпанда Жаңаөзеннің жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліпті. "Жұмыс жасаймын" жобасы аясында аз уақыт жұмыс істеген. Содан 2022 жылдың қаңтарында қайтадан "жұмыссыз" ретінде тіркелмекші болады, оған мүмкіндік бермепті.

"Өйткені алдыңғы жұмыстан шыққаннан кейін 1 жыл бойы осы жобаға қайта қатыса алмайтынымды айтты. Үйде екі зейнеткер қария, кәмелетке толмаған балаларым бар. 19 жасымнан өндірісте істеп келемін. Қаншама жыл өндірісте жинақтаған білімім мен біліктілігім текке кетпеуі үшін өз салама қайта оралғым келеді", – дейді ол.

Ал Жаңаөзен қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының дерегінше, аталған азамат жұмыссыз болып тіркелгеннен кейін 6 ай бойы жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемдерін алып тұрған. Сондай-ақ қалада бар, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарынан жұмыс қарастырылыпты, дегенмен жұмыссыз азамат олардың жалақысын аз деп, бас тартқан. 2021 жылдың қыркүйегінде Әділ жаңаөзендіктерге арналған "Жұмыс жасаймын" жобасы аясында жұмысқа орналастырылады. Бірақ жеке басына қатысты жағдайлар бойынша 1,5 айдан кейін ол жұмыстан шығып қалған.

Әкімдік қоғамдық жұмыстарды ұсынады, олардың жалақысы елдегі ең төменгі жалақыдан (60 мың теңге) басталады. Әділ оның да жалақысын азсынып, "отбасыны асырауға жетпейді" деп, келіспеген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жаңаөзенде жергілікті мамандардың шетелдіктермен ауыстырылып жатқанын растамады. Керісінше, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне қарай "Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тарту" квотамен шектеледі. 2022 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,31%-ды немесе 28,3 мың адамды ғана құрайды. Осы квота негізінде жергілікті әкімдіктер өз өңіріндегі жұмыс берушілерге рұқсаттар береді. Біраз өңір "басшылар санаты" болмаса, мамандарды және жұмысшыларды шетелден әкелуге мүмкіндік бермеген. Нәтижесінде, квотаның үлкен бөлігі пайдаланылмады. 2021 жылы барлық өңірде жергілікті атқарушы органдар 18,2 мың ШЖК тарту үшін жұмыс берушілерге рұқсат берді және ұзартты, бұл белгіленген квотаның 64%-ы ғана (29,3 мың адам).

Елорда маңында тұратын Гүлжазира Тәлімбаева сонау 2006 жылы дүкен ашу үшін әкімдікке жер телімін бөлу туралы өтінішпен жүгінеді.

"Содан бері түрлі сылтау айтылды, мораторий қойылды деді, инфрақұрылым мен инженерлік желілері тартылған учаскелер жоқтығын, онсыз ешқандай жер берілмейтінін алға тартты. Бірақ қарап тұрсам, мен дүкен ашуды көздеген маңдағы бос жатқан жерлер сатуға шығарылыпты, әлдекімдер сатып жатыр. Жалпы жер телімін алудан үміт бар ма, әлде күдер үзе беруге бола ма?", – дейді Гүлжазира.

Ақмола облысының Жақсы кентінің тұрғыны Данияр төл бизнесін ашуға ынтығып жүр. Жобасы да бар. Кентте, көрші елді мекендерде орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ, сондықтан кейбір тұрғындар жуындыларын және басқа да қалдықтары мен былықтарын шұңқыр қазып, соған төгеді. Кейде осы үшін айыппұл салынады екен.

"Шағын бизнесімді ашып, ассинезатор қызметін көрсетумен айналыспақпын. Тіпті болашақта коммуналдық шаруашылыққа балама болатын деңгейге дейін кеңеюге болар еді. Алайда бұл бизнесімді аша алмайды екенмін. Себебі біздің ауданда сұйық қалдықтарды тұрақты төгуге арналған арнайы полигон жоқ болып шықты", – дейді Данияр.

Ақмола облысының әкімдігі бұл мәселе назарға алынғанын, оны шешу мәселесі қарастырылатынын хабарлады.

Түркістандық мүмкіндігі шектеулі жан Константин Подушкин мемлекет мойнында масыл болып отырмау үшін жеке кәсіпкерлік ашып, сайттарды жасаумен, техникалық қолдаумен, бағдарламалаумен айналысқан.

"Біраз жылдан бері облыстық медұйымдардың тапсырыстарын орындап келдім. Жыл сайын коммерциялық ұсыныспен шығып, айына 150-250 мың аралығындағы сомаға келісім бекітіп, еш қиындықсыз жұмыс істейтінмін. Осы арқылы жалпы алғанда 2 миллион теңгеге дейін жылдық табыс табатынмын. Бұл – жалғыз табыс көзім еді. Алайда билік бұған да тосқауыл қойып тастады. Үкіметтің тіпті ұсақ сомада болса да, бір көзден сатып алу келісімдерін жою туралы қаулысы сайттарға техникалық қолдау көрсету бойынша біз сияқтылармен келісім бекітудің жолын кесті. Өйткені мемсатып алуға қатысу рәсімі өте күрделі, менен бухгалтер жалдауымды талап етуде. Бұған дейін есеп-қисабын өзім-ақ жасап келгенмін. Менің азын-аулақ табысым маман жалдауға мүмкіндік бермейді", – дейді жеке кәсіпкер.

Ол меморгандарға шағыммен жүгінген екен, шенділер оған программист мамандығын тастап, нарықта сұранысқа ие басқа кәсіптерге қайта бағдарлануды ұсыныпты. "Мүгедек қалпыммен қалай жүкші боламын?!" деп қапаланады арыз иесі.

Қаржы министрлігінің дерегінше, 2018 жылдың 26 желтоқсанында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы күшіне енген. Оған сәйкес, елде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жеңілдетілді.

"Бір көзден сатып алудың шекті сомасы 100-ден 500 АЕК-ке дейін өсті. Бұл маңыздылығы аз жұмыстар мен қызметтер бойынша сатып алу рәсімдерін айтарлықтай жеңілдетті. Осы норма негізінен бюджеті шағын тапсырыс берушілерге – балабақша, мектеп, емхана, аурухана, мәдениет үйі, қарттар үйлері және басқасына тиімді. Заңға сәйкес, осы норма 2021 жылға дейін қолданылды. Бұл ауыл әкімдіктерінің мемлекеттік сатып алуларды өткізу бойынша тәжірбиелерін қалыптастыру үшін енгізілді", – деп түсіндірді ведомство.

Ал 2021 жылғы 15 қарашада "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңының 39-бабының 42-тармақшасына өзгерістер енгізіліп, аталған жеңілдік алып тасталды. Себебі өзге кәсіпкерлер қаптаған мемұйымдардың осы тетікті пайдаланып, кеңсе тауарларын, жиһаздарды, керек-жарақты, ұсақ жабдықты, қызметтерді және басқасын жыл сайын тек бір компаниядан – басшы құптаған жеткізушіден ғана сатып алатынын, өзге өнім мен қызмет берушілерді жібермейтінін сынады. Яғни жемқорлық схемасына айналып кеткен. Қалай болғанда, қазіргі кезде Үкімет Президент тапсырмасымен бір көзден сатып алу негіздерін азайтып жатыр.

Бюрократия кәсіпкерлер тағдырын тәлкек етті

Кәсіпкер Амангелді Жанысов биопротеин өндіретін зауыт салу жобасын, қойларды индустриалдық әдіспен өсіру фермасының жобасын ілгерілетпекші болыпты, ештеңе шығара алмаған. Неге?

"Жергілікті әкімқараларға да, орталықтағы жауапты шенеуніктерге де кіру қиын, олардың қоластындағы қызметкерлері шекеден қарайды. Тек облыстар деңгейінде ғана емес, ел деңгейінде ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосатын жобамыз бар еді. Оларды енді батыс өңірлерді дамыту жөніндегі Үкіметтің соңғы қаулылары аясында жүзеге асыруға болар еді. Нақты ұсыныстар айтып, барлық цифрын, құжатын көрсетіп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне бұрынғы жылдарда да жүгінгенбіз. Бірақ АШМ-нің бұрынғы министрлері өз туыс-туғанын немесе жақын адамын бізге қосақтауға тырысып, тықпалады, осылармен жұмыс істеулерің керек деді, біз бас тарттық, сонымен жобаларымыз жайына қалды. Жаңа Үкімет іске жаңаша көзқарас таныта ма деп үміттенем", – дейді ол.

Шағымдардың үлкен бөлігі – бизнестен. Билігі мен бишігі барлар тізе батырып, кәсіпкерлерден майшелпек бизнесін, кәсіпорнын, мүлкін тартып алады. Жерінен айырылып қалып жатқан аграршылар қаншама?

Солтүстікқазақстандық "Орал Жұмабеков" шаруа-фермерлік қожалығы бюрократия кесірінен биылғы жылғы егіннен айырылып қалғалы тұр.

"2022 жылғы 27 қаңтарда біздің басшымыз Айдын Қайратұлы Мағжан Жұмабаев ауданының Тіркеу және жер кадастры бөлімінің басшысына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алу келісімшартының дубликатын беруді сұрап, өтінішпен жүгінді. Себебі келісімшарттың өзіне тиесілі данасын жоғалтып алған. Бізде көктемгі егіс науқанына дайындық басталып жатыр. Тиісінше, "Бәйтерек" қаржылық ұйымынан кредит аламыз. Бірақ басшының ауысуына байланысты тиісті өзгерістер енгізу үшін аудандық Жер қатынастары бөлімімен қосымша келісім бекіту қажет. Ал Тіркеу және жер кадастры бөлімінің басшысы біздің өтінішімізді қанағаттандырудан бас тартты. Салдарынан дән егу науқаны жарға жығылайын деп тұр", – дейді шаруа қожалығының өкілі Нина Захарова.

Мұның фермер үшін үлкен теріс салдарлары болуы ықтимал: биыл егін егілмесе, оған бөлінген ауыл шаруашылығы жерлері игерілмей жатқан жер деп танылмақ. Ондай жерлерді мемлекет тартып алатыны мәлім. Сондықтан фермердің өкілдері қу қағазды қызғанып, кәсіпкерлік қызметке кедергі жасаған шенділерді тәртіпке келтіру, дубликаттарды алу үшін шыбын жаны шырқырай, шағымданып жүр.

Тере берсе, адал еңбекке елде кедергі көп екені аңғарылады. Оны жою "Жаңа Қазақстанды" құрушылардың еншісі, әрі ауыр мұрасы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу