Мемлекетке масыл емес

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3054

Шымкенттегі ИЧ-167/10 мекемесіндегі сотталғандардың 95,8%-ы жұмысқа орналасқан.

Мемлекетке масыл емес

Бүгінде еліміздегі түзеу мекемелерінде шағын кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Бұл сотталғандарды жоспарлы жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын көрсетеді. Жұмыс берушілердің арқасында темір тордың арғы жағындағы жазасын өтеушілер де мүмкіндігінше мемлекетке масыл болмауға тырысуда. Бұл ретте, Шымкент қаласы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ИЧ-167/10 мекемесіндегі сотталғандардың 95,8%-ы да жұмысқа орналасқан.

Жалпы, бұл мекеме үшін биыл 12 жұмыс объектісі ашылған. Солар арқылы "екі қолға бір күрек тапқан" жазасын өтеушілердің басым көпшілігі "Еңбек-Аршалы" РМК филиалында еңбек етіп жүр.

"Біздің мекеме 4 жылдан бері жұмыс істейді. Негізінен күніне қияр, қызанақ, орамжапырақ, сәбіз, қызылша секілді көкөністің 4-5 тоннасын өндіреміз. Оларды тұздаудан бөлек, тапсырыс бойынша жеміс-жидектерден шырын, компот, тосап та жасаймыз. Өнімнің бәрі Тараздағы 15 гектар жерден тасымалданады. Ол жақта да сотталғандар жұмыс істеп жатыр. Ал менің қарамағымда 19 жазасын өтеуші еңбек етуде. Сонымен қатар, еңбек өнімділігіне қарай сырттан да қосымша жұмыс күшін тартамыз. Қазір сырттан 20 шақты адамды жалдап отырмыз", – дейді "Еңбек-Аршалы" РМК филиалының басшысы Ұлықбек Рахатов.

Оның айтуынша, өздерінің жұмыс объектісінде банкіге жабылған жеміс-жидек пен көкөністер еліміздегі ҚАЖ комитетіне қарасты түзеу мекемелерінің бәріне жөнелтіледі. Әсіресе, Қарағанды, Көкшетау, Атырау қалаларын тұрақты қамтамасыз етеді екен. Еңбек шартында көрсетілгендей, жұмыс берушілер жұмысшылардың еңбек жағдайындағы қауіпсіздік пен денсаулығына тікелей жауап береді. Сондықтан қатаң бақылаудағы өндіріс орнында қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Әрбір жазасын өтеушіге техникалық қауіпсіздікті сақтау тәртібі де үнемі ескертіліп тұрады. Біздің көзіміз осындай талапқа сай жұмыс істеп жатқандардың ішіндегі бір орта жастан асқан жігіт ағасына түсті. Аты-жөні Қасқырбай Алдабергенов екен. Оны да әңгімеге тартып көрдік.

"Мен ИЧ-176/10 қоныс колониясында жазамды өтеп жатырмын. Ақтөбедегі КА-168/2 мекемесінен келгеніме үш ай болды. Содан осында жұмысқа орналастым. Айдауылдар бәрімізді таңертең арнайы көлікпен әкеліп, кешке алып қайтады. Сотталғандардың көбі – жастар. Осы жердегілердің үлкені – мен. Тамағымыз тоқ, шағымымыз жоқ. Жұмысымыз тиянақты. Сенбі-жексенбі күндері демаламыз. Мұндағы менің міндетім – пайдаланатын банкілерді тазалап тұру. Күніне 3-4 мың, кейде 5 мыңдай банкі жуамын. 28 мың теңге көлеміндегі айлықты банкомат арқылы уақытылы алып тұрамыз. Күнкөрісімізге жетеді", – дейді ол.

Осылайша, қыстың қамын жаз ойлап, қауырт қарбаласқа түскен "Еңбек-Аршалы" РМК филиалының жұмысы күз соңында тоқтайды. Себебі, бау-бақша өнімдерін жинау маусымы аяқталған сәтте, жанын аямай тер төгіп жүрген жалынды жұмысшылар да банкілерді түгел жауып үлгереді. Оларға жұмысқа орналастыру кезінде келісім-шарттар осынша мерзімге дейін жасалып, таныстырылған. Мекемеге жаңадан этаппен келіп, жұмыспен қамтылған жазасын өтеушілерге де банкомат карточкалары түгел таратылыпты. Сондай-ақ, оларға біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорлары ашылған. Оған жұмыс берушілер тарапынан төленетін ай сайынғы еңбекақыларының пайыздық мөлшерлемесі үнемі түсіп тұрады.

Еркеғали Бейсенов

Астана-Шымкент-Астана

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу