Бизнес-омбудсмен кәсіпкерлердің коммуналдық төлемдерін шегеруді ұсынды

3775

"Атамекен" ҰКП кәсіпкерлерді қолдаудың 6 тетігін атады.

Бизнес-омбудсмен кәсіпкерлердің коммуналдық төлемдерін шегеруді ұсынды

Премьер-министр Асқар Мамин Мемлекеттік комиссияның отырысында Ұлттық экономика министрлігі мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына бүгінгі күрделі кезеңде кәсіпкерлерге қолдау көрсету шараларының кешенін әзірлеуді тапсырған болатын. 

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов "Атамекеннің" бұл тұрғыдағы ұстанымы Премьер-министрдің бірінші орынбасары А.Смайыловқа бұған дейін жолданғанын айтады. Өзінің Facebook-тегі парақшасында бизнес-омбудсмен аталмыш ұсыныстың мазмұнын жіліктеп жазды.

"Біріншіден, кәсіпкерлік субъектілері үшін биылғы жылдың соңына дейін кейінге қалдыру шараларын қайта енгізу қажет. Кәсіпкерлерден салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімін ұзарту туралы өтініштер әлі де түсіп жатыр. Мүлік кепілі мен банк кепілдігін міндетті түрде беру бөлігіндегі салық заңнамасының қолданыстағы ережелері ағымдағы экономикалық жағдайда бизнестің мүмкіндіктеріне сәйкес келмейді", – деп жазады Рустам Жүрсінов.

Оның айтуынша, қосымша құн салығына қатысты да бетбұрыстар қажет.

"Екіншіден, өндіріс саласына қарамастан, барлық салық төлеушілерге оңайлатылған тәртіппен қайтарылуы мүмкін ҚҚС сомасының мөлшерін ұлғайту және іс жүзінде есептелген табыс салығының аванстық төлемдерден асып кетуі бөлігінде шараларды тарату мүмкіндігін қарастыру қажет. Бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сақтау өте маңызды. Экспортқа бағдарланған кәсіпорындар үшін ҚҚС-ты уақтылы немесе толық қайтармау іс жүзінде кәсіпорынның айналымдағы қаржысының қозғалыссыз қалуын білдіреді. Сондай-ақ, көптеген компаниялар үшін ағымдағы кезеңде аванстық төлемдер мөлшерін азайту кезінде айыппұл санкцияларын қолдану мәселесі өзекті болады", – деген уәкіл тауарлардың ілеспе жүкқұжатын енгізуді кейінге қалдырып, коммуналдық төлемдерді шегеру қажет деген ой айтты.

"Үшіншіден, салық органдарының мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын коронавируске қатысты жағдай толық реттелгенге дейін тоқтата тұру қажет, сондай-ақ ШОБ субъектілері үшін ілгерідегідей қосымша кейінге қалдыруды қарастырған жөн. Төтенше жағдай кезінде салықтық тексерулердің өту мерзімі, өсімпұл есептеу және банк шоттары мен касса бойынша шығыс операцияларына тыйым салу тоқтатылған болатын. Ал қазір кәсіпкерлердің банктік шоттарына тыйым салу жағдайлары орын алуда. Олар шотындағы қаражатын ала алмай отыр. Төртіншіден, тауарға ілеспе жүкқұжатты (ТІЖ) жаппай енгізу мерзімін кейінге қалдыру қажет. Бұл салықтық әкімшілендіру бөлігінде пәрменді шара болар еді. Егер төтенше жағдай енгізілгенге дейін бизнес тарапынан есептік бағдарламаларды пысықтау және бейімдеу кезеңін қамтамасыз ету үшін уақыт беру туралы мәселе көтерілсе, бүгінде бизнес үшін бақылаудың жаңа құралдарын былай қойғанда, аман қалу мәселесі өзекті болып тұр. Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап, тауарға ілеспе жүкқұжатты енгізу қосымша жүктеме болады және кейін нарықта еңбек ресурстарын босата отырып, бизнестің толық жабылуына әкелуі мүмкін. Бесіншіден, коммуналдық қызметтерді тұтынушы кәсіпкерлерге коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Себебі бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Алтыншыдан, биылғы жылдың соңына дейін мемлекеттік мүлікті және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мүлкін жалға алушыларға жалдау төлемдерін есептемеуді ұзарту мәселесін қарау қажет. Өйткені ғимараттардағы барлық қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге көшірілген және ғимаратқа бөгде адамдардың кіруі шектелген", – дейді бизнес-омбудсмен.

Сөзінің соңында Рустам Жүрсінов аталған 6 ұсыныс қолдау таппаса, жер-жерде жұмыс орындарын сақтау қиын болатынын ескертеді.

"Бүгінде кәсіпкерлерге салықтық, несиелік және жалақы міндеттемелері бойынша жан-жақты қысым түсіп тұр, сондықтан ұсынылған шараларды қабылдау кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдауды сезінуге мүмкіндік берер еді деген пікірдемін, бұл қалыптасқан қаржылық жағдайды еңсеруге және жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік береді", – дейді уәкіл.

Есжан Ботақара

Фото: topfranchise.ru


Telegram каналымызға жазылыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу