Қазақстандық кәсіпкерлер – қараңғы "лабиринтке" қамалғандар

6951

Президент Қ.Тоқаевтың сөзінің астарлы сыры мәлім болды.  

Қазақстандық кәсіпкерлер – қараңғы "лабиринтке" қамалғандар

Судьялардың рейдерлік басып алуларға септесетінін Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов ашық айтқаны бар. Ол бөтеннің бизнесін тартып алуға ынтыққан әлдебір тұлғалардың пайдасы үшін соттардың қасақана заңсыз шешімдер қабылдағанының нақты мысалдарын келтірді.

Судьялар "майшелпек" компанияның активтерін тартып алу үшін оны банкроттыққа жеткізуге қатысады. Мысалы, жеке мұнай компаниясы тапсырыс берушіге 600 миллион теңгенің "қара алтынын" сатады. Өнімді өндіріп, жеткізу үшін келісімшартта 9 ай бекітілген. Алматылық компания ол мерзімнің аяқталуын күтпей-ақ, серіктесін сотқа береді. Шағымында 600 миллион теңгесін қайтаруды және келтірілген шығынды өтеуді талап еткен. Бұл ретте оның тартқан сарапшысы келтірілген шығынды 6 миллиард теңгеге бағалайды. Алматы соты сатып алушының барлық талабын қанағаттандырған. Сот үкімін жүзеге асыру үшін мұнай компаниясының есеп-шоты тегіс бұғатталып, мүлік-активтері тәркіленді.

Тағы бір мысалы: Ақмола облысында ірі компания контрагент фирмаға 10 миллион теңгені уақытында төлей алмай, қарыз болып қалады. Қарсыласы сотқа жүгінген. Судья компанияны банкрот деп таниды. Шынында, фирманың миллиард теңгеге бағаланатын активтері, зауыты және қаптаған көлігі болған. Яғни, мүмкіндік бергенде төлейтін еді.

"Әрине, сот ісінде әртүрлі ағаттықтар, қателіктер болып тұрады. Заң бабы дұрыс қолданылмай жатады. Мұны түсінуге болар. Алайда судьяларды өзгенің бизнесін арсыз түрде рейдерлік жолмен тартып алуға пайдалану – үлкен қылмыс. Мұның жолын кесу керек. Судьялардың тәуелсіздігі – басты қағида, бірақ олар заңнан тәуелсіз болмауға тиіс!" – деген Ж.Асанов мұндай оқиғаларға ай сайын талдау жүргізіп, әрбір тоқсан соңында ол істерді жеке өзі қарауға сөз берген. 

Бірден айта кетелік, бұл сөздерді Жоғарғы сот басшысы екі жылдай бұрын, өз ведомствосының кеңесінде айтқан еді. Әйткенмен, мәселе содан бері өзектілігін жойған жоқ.

Кеше, сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізген Мемлекет басшысы тың ұсыныс айтты: оның байламынша, "кәсіпкерлерге орасан зор шығын келтірген мемлекеттік аппарат пен басқа да тұлғалардың ісі ауыр қылмыспен теңестірілуі керек". Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бұл мәселені шұғыл түрде заңнамалық тұрғыдан рәсімдеуді тапсырды.

Тек соңғы 5 жылда сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылыпты. Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты жемқорлық деректері қоғамда үлкен шу туғызды. Осы кезең ішінде Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметтерінен босатылған.

Кеңесте Қ.Тоқаев кәсіпкерлердің көзіне жас келтіре жаздаған бір шындықты айтты:

"Бизнестің мүддесін қорғау және ілгерілету саласында нағыз "кедергілер арқылы жүгіру" және әлдебір лабиринт қалыптасқан сыңайлы. Бұл мәселенің байыбына барып, іс жүзінде де, заң жүзінде де түйінін тарқату керек. Мен тиісті тапсырма беремін. Ал арбитражға, сарапшылар қауымдастығын тартуға байланысты нақты мәселелерге келер болсақ, бұл ұсыныстарға жете мән беру қажет деп ойлаймын. Мәселені тиісті мемлекеттік органдар мен Үкімет қарастырып болғаннан кейін шұғыл түрде нақты шешімдер қабылдаған жөн", – деді Мемлекет басшысы.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтің айтуынша, кәсіпкерлер өзін кепілге алынған тұтқындай сезінеді.

"Меморгандар мен бизнес арасындағы дау-дамай көбейіп барады. Біз бұл жағдайда кепілге алынған адамға ұқсаймыз: меморгандар қаптаған талап арыздар ойлап табады, кәсіпкерлерді әбден ығыр етеді, әрі соттарды да қажетсіз жұмыспен жүктейді", – деді ол.

Мемлекетпен соттасқан бизнесменге "лабиринт" ішінде ұзақ жыл жүгіруге тура келеді. Одан кәсіпкердің қайыршыланып, барынан айырылып шығатын не темір торға тоғытылатын кезі сирек кездеспейді.

"Заңнама меморгандардан барлық талас-тартыстарды Жоғарғы сотқа дейін жеткізуді талап етеді. Бұл заң қызметтері бөлігінде, сондай-ақ Үкімет пен әкімдіктердің резервтерін пайдалану бағытында Үкіметтің қаулыларында бекітілген. Әйтсе де, шенеунік шешімінің заңға қайшы екенін бір сот инстанциясы анықтайды, келесісі соны растайды. Осылайша, аталған факт әлденеше рет және ұқсас сот актілерінде көрініс табады. Бірақ бұл ескерілмейді. Демек, ары қарай шағым түсіре берудің орынсыздығы анық байқалып тұр. Сондықтан мұндай жағдайларда меморгандардың келесі инстанцияларға талап арыз түсіре беруін тоқтату керек деп санаймыз", – деді бизнес-омбудсмен.

Бұл үшін Үкімет өз қаулыларына тиісті түзету енгізуі қажет. 

Жалпы, шенеуніктер не себепті талап арыздан тау тұрғызуға құмар? Мұның бір себебін олардың кәсіпкерге келтірген шығыны үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайтынынан іздеу керек. 

Бизнес-омбудсмен институты Бас прокуратурамен бірлесіп, қолданыстағы заңнамаға рейдерлікке қарсы тұратын және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтетін түзетулер әзірлепті. Дегенмен, заң жобасы әлі күнге Парламентке енгізілмей отыр. Кешегі кеңесте Р.Жүрсінов ол туралы Президентке айтты.

Бизнес өз шығынын бюджеттен өндірте алмайды. Кәсіпкер меморган шешімінің заңға қайшы екенін сотта дәлелдеді делік, онда сол шығынды өндірту үшін қайтадан сотқа шағым түсіруі және адвокаттарға қаншама шығын шығарып, істі Жоғарғы сотқа дейін қорғап шығуы қажет. Содан кейін Үкіметтің өз резервінен тиісті қаражатты бөлгізу туралы арнайы қаулысының қабылдануына қол жеткізуі керек. Салдарынан, мысалы, 2018 жылы мемлекет бар-жоғы 2 заңды тұлғаның ғана шығынын өтеді. Ал бүкіл жыл бойында сотта ұқсас 10 мыңнан астам іс қаралған.

"Мемлекеттік аппарат осылайша, лабиринт құрып қойған. Оның ішінде жүгірген мыңдаған бизнесменнің бірен-сараны ғана соңына дейін жетеді. Жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бұл мәселені ішінара шешеді. Негізі, бизнеске келген шығын Үкіметтің қосымша қаулысынсыз, сот шешімімен автоматты түрде және нақты мерзім ішінде өтелуі керек", – деді бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов.

Оған дейін қараңғы түнекке бөленген қорқынышты лабиринт бизнесмендердің үрейін ұшырып, ары қарай тұра бермек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу