Өкінішке қарай, шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіру мысалы өңірлерде азаймай отырғаны жасарын емес. Мәселен, өткен жылы Алматы облысында палата қызметкерлері 365 кәсіпкерден өтініш қабылданған екен. Олардың арасыннан 194 өтініш оң шешімін тауып, кәсіпкердің пайдасына шешіліпті.
"2018 жылы өңір кәсіпкерлерінен түскен өтініштің санына қарасақ, палатаға әр күн сайын бір адам шағымданып келгендей әсер береді. Яғни, былтыр біз 365 рет өтініш тіркедік. Бұл арғы жылмен салыстырғанда көп, 2017 жылы 311 шағым қабылданған. "Атамекеннің" араласуынан кейін жергілікті бизнестің мүддесіне орай шешілген қаржы көлемі 701,2 млн теңгені құрады" дейді "Атамекен" ұлтық кәсіпкерлер палатасы Алматы облыстық филиалының директоры Нариман Әбілшайықов.
Жергілікті шенеуніктердің өз қызметін салғырт атқаруынан зардап шегіп жүрген кәсіпкердің бірі – Көксу ауданындағы "Ая" шаруа қожалығының жетекшісі Нұртас Жақыпбеков. Шаруа 2015 жылдан бері өзіне тиесілі жер учаскесін мақсатты түрде пайдала алмай отыр екен. Осы ауданның Еңбекшіқазақ ауылдық округі аумағындағы 15 гектар алқап конкурстық негізде кәсіпкер Нұртас Жақыпбековке 49 жылға жалға беріледі. Конкурстан кейін "НПЦ зем" мекемесінің аудандық филиалы "Ая" шаруа қожалығының атына 15 гектар жерді рәсімдеп, жерді пайдалануға рұқсат беретін акті дайындаған. Бірақ, кәсіпкер бүгінгі күнге дейін жалға алған жер алқабының шекарасын анықтай алмай келеді. Бұл жұмысты атқаруға тиісті аудан әкімдігінің мамандары істі сөзбұйдаға салып, кейінге қалдырумен келеді екен.
"Аудан әкімдігі әуелі мен жалға алған жер учаскесіне берілген мемлекеттік актінің ескі үлгіде екендігін айтып істі созып отырды. Кейіннен жер аумағынан коммуникациялық құбыр өтуде, соны анықтаудамыз деген шешім қабылдапты. Бірақ, мұндай кедергілер барын жерді пайдалануға берер кезде неге ескертпеген? Мен 2015 жылдан бері бос жатқан аумақ үшін салық төлеп келемін, ал әкімдік жердің шекарасын анықтап беруді үнемі кейінге қалдырып отыр" дейді шаруа қожалығының жетекшісі Нұртас Жақыпбеков.
Кәсіпкер бұл мәселе бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағымданыпты. Агенттік тарапынан аудан әкімдігін кедергі жойып, кәсіпкерге кедергі болған қызметкерді жауапқа тарту туралы қатынас жолданған. Бірақ, бұл қатынас та әлі нәтижесіз қалып отыр. Шыдамы таусылған кәсіпкер енді "Атамекен" ұлтық кәсіпкерлер палатасы Алматы облыстық филиалына шағымданды.
Жақында шаруаның өтінішімен Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда "Ая" шаруа қожалығының жер мәселесі жан-жақты талқыланды. Тараптар тыңдалып, тиісті уәждер айтылды.
"Кәсіпкердің өтінішіне дер кезінде жауап бермеген әкімдік қызметкеріне ауызша ескерту берілді. Біз де мәселені шешуге мүдделіміз. Шаруа қожалығының басшысына мақсатты пайдалану үшін дәл осындай көлемдегі жер учаскесін басқа амуақтан ұсынып отырмыз. Бірақ, Нұртас Жақыпбеков бұл ұсыныстан бас тартты" дейді өз уәжінде Көксу ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Айбеке Ахметов.
Бұл даулы мәселеге құқықтық талдау жасаған Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі өкіл Қанат Қабдиевтің айтуынша, конкурстық негізде ұсынылған жер учаскесінің геокартасы жасалмаған. Яғни, жер учаскесі аумағында мақсатты пайдалануға кедергі болатын факторлар анықталмастан берілген. Мәселенің ушығуына осы себеп болуы мүмкін.
"Заң бойынша, мұндай жағдайда жер учаскесін конкурсқа жіберудің өзі заң бұзушылық. Бұл істі ары қарай қарау үшін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдау керек" дейді Алматы облысы бойынша Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі өкіл Қанат Қабдиев.
Жалпы, өткен жылы палата тарапынан жүргізілген зерттеу бойынша шағын және орта бизнес нысандарына қатысты орын алған 35 әкімшілік кедергі анықталған екен. Оның он алтысы республикалық деңгейде болса, 19 кедергі жергілікті өңірдегі шенеуніктердің кесірінен болған.
"Біздің талдауымыз бойынша аймақтағы негізгі проблемалық сұрақтар қатарында жергілікті атқарушы орган тарапынан жер учаскелері бойынша байқаулар мен аукциондардың өткізілмеуі өткір тұр. Сондай-ақ, "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңының 17-бабы, 4-бөлімі, 1-тармағында көрсетілген норма жобалау ұйымдары үшін әкімшілік кедергі болып саналып, сыбайлас жемқорлық факторына мүмкіндік туғызады. Осы бағыттағы жетілдіру жұмыстары жүргізіп, ұсыныс әзірлеудеміз" дейді "Атамекен" ұлтық кәсіпкерлер палатасы Алматы облыстық филиалының директоры Нариман Әбілшайықов.
Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы