Қарапайым 16 зат – "Әрқайсының артында адам тағдыры тұр"

1484

Қазақстандықтарды елде жұмыс істейтін 35 дипломатиялық миссия мен халықаралық ұйымдар гендерлік зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.  

Қарапайым 16 зат – "Әрқайсының артында адам тағдыры тұр"

Бүгін (25 қараша) – Халықаралық әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жою күні. Бүкіл әлемде "Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні" жаһандық науқаны басталды.

Стақан, кітап, бәтеңке...

Нұр-Сұлтан қаласында науқанның бірінші күні "Кәдімгі заттар" интерактивті аудиовизуалды көрме ашылады. Экспозицияда стақан, кітап, бәтеңке сынды қарапайым 16 зат ұсынылған. 

Мысалы, стақан суретіне "Бұл жай ғана стақан емес. Онымен отбасылық жанжал кезінде әкесі өз қызының басын жарды" деп жазылған.

Ал сіріңке суретінде "Бұл жай ғана сіріңке емес. Онымен күйеуі әйелі мен қыздарын өртеп жіберді" делінген. 

"Бір қарағанда өте қарапайым. Бірақ мұндай заттың әрқайсының артында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамның нақты тарихы тұр", – дейді ұйымдастырушылар.  

Көрмені БҰҰ Тұрақты үйлестірушісінің кеңсесі, Канада елшілігі, "БҰҰ-Әйелдер" және ЮНФПА ұйымдастырған. Көрме "Керуен" сауда орталығының үшінша қабатында.

Бұдан бөлек Қазақстандағы "БҰҰ-әйелдер" мемлекетте дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдар басшыларының тұрғындарды гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы тұруға шақыратын бейне-үндеуді іске қосты. 

#ORANGETHEWORLD

"Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн" жаһандық науқаны дәстүрлі түрде 10 желтоқсанда, Дүниежүзілік адам құқықтары күніне орай аяқталады. 

Бұл науқанның ресми ұраны ретінде #ORANGETHEWORLD хэштегі алынған. Дәстүр бойынша, осы 16 күнде көптеген әлемдік көрікті жерлерде тоқсары жарық қосылады. Бұл түс "әлі қызыл жанған жоқ", әлі кеш емес деген мағынаны білдіреді.

Осы іс-шара аясында Елордада "Қазақстандағы отбасы институты және отбасылық саясат: мәселелері, үрдістері мен келешегі" тақырыбында халықаралық конференция өтті.

Онда "БҰҰ-әйелдер" құрылымы зорлық-зомбылықты тоқтату үшін "дәл осы сәттен бастап" әрекет етуге шақырады. Қазақстанда жұмыс істейтін 35 дипломатиялық миссия мен халықаралық ұйымдар бірлескен мәлімдеме таратты, онда әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты жоюға бейілділігін білдіріп, белсенді әйелдерге құрмет көрсетіп, сондай-ақ әйелдер мен балаларды толық және жан-жақты қорғауды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Үкіметінің заңнаманы одан әрі реформалау бойынша күш-жігерін қолдайтыны айтылған.

Олар науқандық медиа-кит ұсынды. 

Онда:
1. Қазақстанда жұмыс істейтін 35 халықаралық құрылым қол қойған бірлескен мәлімдеменің мәтіні; 
2. Дипломатиялық миссиялар мен халықаралық құрылымдар басшыларының сөздерін ұсынған бейнеролик; 
3. Әлеуметтік желілерге арналған "қызғылт сары" медиа-кит бар.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жаһандық коалицияға қосылды. Бұл туралы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 шілдедегі "Теңдік ұрпағы" форумында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

Пандемия кезінде қылмыс артты

"Ресми статистика бойынша, 2021 жылдың 10 айында Қазақстанда кем дегенде 1 600 қыз бен әйел гендерлік зорлық-зомбылықтың түрлі түрлерінен зардап шекті, бұл – өте алаңдатарлық көрсеткіш. Біз қыздар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырамыз және үйдегі зорлық-зомбылықты криминализациялау, сондай-ақ осы құқық бұзушылықтарды жою бойынша басқа да жан-жақты шаралар туралы бастаманы қолдаймыз", – мәлімдеді Қазақстандағы "БҰҰ-әйелдер" өкілі Мария Доценко. 

"БҰҰ-әйелдер" таратқан мәліметке сүйенсек, әлемде күн сайын 137 әйел гендерлік зорлық-зомбылықтан көз жұмады. Ресми статистика бойынша, Қазақстанда 2021 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша 48 әйел қаза тапты, ал 300 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан жарақат алды. Осы кезеңде гендерлік зорлық-зомбылықтың әртүрлі нысандарынан барлығы 1 644 қыз бала мен әйел зардап шекті. Пандемия кезінде елдегі тұрмыстық қақтығыстардағы кісі өлтіру саны үштен бірге артып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты полицияға жүгіну саны төрттен бірге өсті. 

"Кейінгі жылдары әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның ауқымын қысқарту ісінде көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Енді біз бұл күш-жігерімізді жаһандық деңгейде кеңейтіп, көптеген адамдардың өмірін өзгертуіміз керек. Біз барлық жастағы әйелдер үшін қажетті қызметтердің қол жетімділігін қамтамасыз етуіміз керек. Біз виртуалды және физикалық ортаны сақтауымыз керек, онда әйелдер өз қауіпсіздігі үшін қорықпай шешім қабылдау процестеріне қатыса алады", – деді БҰҰ Бас хатшының орынбасары, "БҰҰ-әйелдер" атқарушы директоры Сима Бахус.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу