Қарашығанақ дауы қашан шешіледі

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4620

Энергетика министрлігі мен Қарашығанақ консорциумының акционерлері ортақ мәмілеге келе бастады.

Қарашығанақ дауы қашан шешіледі

ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Қарашығанақ дауын шешудің жолы табылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта келіссөздер белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

"Осы аптада келіссөздердің кезекті раунды басталады. Оған орынбасарым және Қарашығанақ акционерлері қатысады. Жалпы, дауды реттеудің тәсілдері табылды. Енді тетіктерін жетілдіру керек. Қос тарап та келісімге келуге мүдделі. Ортақ мәмілеге келе бастадық деуге де болады", – деді журналистердің сауалдарына жауап берген Қанат Бозымбаев.

Бұл ретте, министр Қарашығанақ дауына қатысты дүниелерді барынша ашық айта алмайтынын жеткізді. Аталған дауды реттеу туралы 9 айға шақталған меморандумның уақыты 2017 жылдың соңында аяқталған еді. Қанат Бозымбаев аталған меморандум 2018 жылдың І тоқсанына дейін ұзартылғанын атап өтті.

Еске сала кетейік, Қазақстан билігі мен Қарашығанақ консорциумы арасында мұнайдан түскен табысты есептеуде дау туындаған болатын. Karachaganak Petroleum Operating консорциумы өнімді бөлу туралы келісімді дұрыс түсіндірмеуі салдарынан Қазақстан Қарашығанақ кен орнының мұнайын сатудан түскен табыстың бір бөлігін ала алмай отыр. 2016 жылдың наурыз айында Қазақстан билігі компаниядан шамамен 1,6 млрд доллар төлеуін талап етіп отырғаны жарияланған еді.

Атап өтерлігі, Shell (29,25%), ENI (29,25%), Chevron (18%), "ЛУКОЙЛ" (13,5%) және "ҚазМұнайГаз" (10%) компаниялары Karachaganak Petroleum Operating консорциумының қатысушылары болып табылады.

Қанат Бозымбаев баспасөз мәслихатында полиэтилен пакеттер жайын да қозғады.

"Министрлік бұл шаруаны атқаратын жұмыстың жоқтығынан қолға алып отырған жоқ. Шын мәнінде, қоғамдық ұйымдар мен экологтар бізге осындай ұсыныспен шықты. 2019 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін экологиялық кодекске сәйкес, полиэтилен пакеттерді жерге көмуге тыйым салынады. Себебі, мұндай өнімдер ұзақ жылдар бойы шірімейді. Оның өңделуіне көп уақыт керек. Тиісінше, қоршаған ортаға зиянын тигізеді", – деді министр.

Бұл ретте, энергетика министрі ең алдымен халықаралық тәжірибені зерделеу керектігін еске салды. Осылайша, полиэтилен пакеттердің баламасын табу ұсынылмақ. Атап айтқанда, табиғи түрде өздігінен жойылатын немесе қағаздан жасалған пакеттер қолданылуы мүмкін.

"Полиэтилен пакеттерді қалайда алмастыру керек. Тым болмаса, мұндай өнімдерді тегін таратпаудың жолын қарастырған жөн. Ортақ мәмілеге келу қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл бойы жүргізіледі. Талқылаулар ашық әрі қоғамдық ұйымдардың қатысуымен өткізіледі", – деді Қанат Бозымбаев.

Энергетика министрі 2017 жылдың қорытындысын жариялап, биылғы жылға межеленген жоспарларды атады. Оның айтуынша, былтыр Қазақстанда 86 млн тоннадан астам мұнай өндірілген. 70 млн тоннаға жуық мұнай экспортталған.

"14,9 млн тонна мұнай отандық мұнай өңдеу зауыттарында өндірілді. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8%-ға артық. 2018 жылы 15,8 млн тонна мұнай өңдеу жоспарлануда", – деді Қанат Бозымбаев.

Министрдің сөзінше, 2017 жылы ішкі нарықты отандық бензинмен қамту 73,5%-ды, дизель отынымен қамту 83,9%-ды, авиакеросинмен қамту 52,6%-ды құрады.

"Биыл ішкі нарықтың 90%-ға дейінгі сұранысын отандық бензинмен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сондай-ақ, дизель отынымен қамту 75%-ды, авиакеросинмен қамту 70%-ды құрауға тиіс", – деді Қанат Бозымбаев.

Министр атап өткендей, былтыр Қазақстанда 53 млрд текше метр газ, 102,3 млрд кВт/сағат электр энергиясы, 106,7 млн тонна көмір өндірілген.

"Энергия тасымалдаушы ұйымдарды ірілендіру мақсатында осы жылы 15 ұйым өз жұмысын тоқтатады. Жалпы, 2022 жылға қарай энергия жеткізуші ұйымдардың санын 30%-ға, яғни 160-тан 110-ға дейін қысқарту жоспарлануда", – деді министр.

Қанат Бозымбаев атап өткендей, "жасыл" энергетика саласында да өзгерістер болмақ. Былтыр 1,1 млрд кВт/сағат жаңғыртылмалы энергия өндірілген. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 22%-ға артық. Биылғы меже – 1,7 млрд кВт/сағат жаңғыртылмалы энергия өндіру.    

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу