Қарқаралыда туризмді дамытамын деген жандарға гранттар беріледі

1119

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевтың Atameken Business телеарнасына берген сұхбатында өңірдегі өзекті мәселелер жайы сөз болды.

Қарқаралыда туризмді дамытамын деген жандарға гранттар беріледі

– Ермағанбет Қабдолұлы, еліміздегі ең ірі облыстардың бірін басқарғаныңызға жарты жылға жуық уақыт өтті. Салыстырмалы түрле алғанда өте қысқа мерзім, дегенмен атқарылған шаруа жеткілікті. Мәселелер де жоқ емес. Алдымен, ауылдағы ағайынның базынасын жеткізгім келеді. Облыста жайылымдық жер тапшы деген шағым көп айтылады. Осы мәселені қалай реттемексіздер?

Ия, мұндай мәселе туындап отыр. Кездесулерге барғанда ауыл тұрғындары көтереді. Былтыр1 млн-дай гектар қайтарылып, жер керек азаматтарға таратылды. Дегенмен  кейбір ауылдарда бұл мәселе әлі қарастырылып жатыр. Мәселен, Ростовка деген ауылда  осы сұрақ көтерілді. Халықпен кездесіп, комиссия құрып, сол жерде нақты қарап, ауылшаруашылық мекемелерінің де жерлері бар, солармен келісімге отырып, шешіп жатырмыз.  

Биыл 500 мың гектардан астам жерді қайтаруды жоспарлап отырмыз. Жерді алып, игермей жатқандармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бір жерде сот арқылы, бір жерде өзіміздің келісімшартпен қайтарып жатырмыз. Ақтоғай ауданында да, Шет, Нұра  ауданында да  осы сұрақтарды көтерді. Оскакровка ауданында да болды.  Ауыл-аудан әкімдері және халықпен бірге отырып, ақылдасып шешіп жатырмыз.

Тағы бір өзекті мәселе – жолға қатысты. Оның сапасын тексеретін "Сапа жол строй" ұйымы. Былтыр жолдардың жартысын тексеріп, соның 20 пайызының талапқа сай емес екенін анықтаған екен. Алайда мердігерлер ешқандай жауапкершілік арқаламаған. Неге жауапкершілікке тартылмай отыр? Себебі неде?  

"Сапа жол строй" тексеріс өткізеді, ол кезде біз міндетті түрде келісімшарт жасаймыз. Олар бізге мәлімет береді.  Мердігер компаниялар ақауларды ретке келтіру бойынша кепілді жұмыс істейтіні туралы мәлімет бергеннен кейін, оны атқарса, онда сотқа берілмейді. Егер істемесе, онда сотқа беріледі. Тәртіпке тартылады, өзіндік жұмыстар жасалады. Қарағанды қаласында 15-тен астам дер анықталды,  енді олар жұмыстарын қалпына келтіріп жатыр. Ал жұмысын жасамағандарды сотқа береді, ол жерде бәрі ашық. Мысалы, халықтың өзі кейде біздерге жұмыстардың дұрыс атқарылмай жатқандығын жеткізеді. Сол кезде комиссиямен барып тексереді, бәрі ашық.  Техникалық бақылау, автонадзор қол қойып берсе, олар да жауапкершілікке тартылады, тартылып та жатыр. 

– Енді қалыптасқан жағдайға назар аударатын болсақ, жол –  бұл жемқорлар үшін табыс көзі десе болады. Жол құрылысына қатысты көп қаржы жымқырылып, көптеген қылмыстық істер қозғалатыны анық.  Осы жолдарға қатысты жұмысты неге бір ғана компанияға, бір ғана мердігерге бермеске? Өйткені бірнеше компания жұмыс атқарып, соңынан жауап алудың өзі қиындап кетеді.  Ал мұның халықтың жүріп тұруына кедергі келтіріп жататын кездер өте көп.  

– Бұл жерде жұмыс заң бойынша істеледі. Сатып алу заңына сәйкес, тендер сол арқылы ғана өтеді. Оған бүкіл Қазақстан бойынша қатысады. Ол жерде шектеу жоқ, тек қана Қарағанды облысынан қатысу деген. 

– Келесі мәселе туристік аймақтарды дамытуға қатысты, оның ішінде аймақтағы кең жазира өлке Қарқаралы жайлы болмақ. Өкінішке орай, Қарағанды мен Қарқаралының арасындағы жол азабын жүрген жолаушылар біледі. Осы екі аралықтағы жол қашан және қалай жөнделеді? Қарқаралы аймағын туристік аймақ ретінде дамыту жоспарын әзірледіңіздер ме?

– Әрине, егер нақты Қарқаралыға келетін болсақ, туризмге байланысты былтырдан бастап осы жол күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Биыл 40 шақырым жоспарда тұр, бұл республикалық маңызы бар жол болғандықтан, Қазавтожол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өткен жұмада ғана Қарқаралыға бардым,  жұмыстар басталып кетті. Бір жылда 200 шақырым бітпейді. Биыл 40 шақырым жол жөнделетін болады. Әлбетте, бір жыл ішінде бәрін жөндейтін қаражат жоқ, 3,5 млрд теңге бөлінді. Қазір жұмыс жүргізіліп жатыр.

– Жалпы 200 шақырым қанша уақытта бітеді, сонда?

– Енді, ол жақта былтыр жөндеген жерлер бар, биыл 40 шақырым, ендігі жылы 40 шақырым, сонымен шамалы қалады. Ал кейбір бөліктердегі жол сапасы жақсы, кейбірі дұрыс емес. Сондықтан участок-участокпен жасап жатырмыз. Биыл, мысалы, 5 учаскесін істеп жатыр. Ендігі жылда сондай аралықты жасайтын болады. 2 жыл ішінде жолдар қалпына келтіріледі.

– Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру бойынша не істейсіздер?

– Туристік әлеуеті бойынша Қарқаралы ауданының әкіміне де тапсырма бердім, қазір дайындалып жатыр. Біріншіден, жерлер дайындалып жатыр. Ол жерлерге инфрақұрылым әкелуіміз керек, соның бәрін әзірлегеннен соң, жақын арада бағдарлама қабылдаймыз. Мысалы, біз туризмді дамытуға гранттар беріп жатырмыз. Киіз үйлер тігіліп, өзіміздің кәсіпкерлер қолға алып жатыр. Сондықтан болашағы өте зор деп сенемін.

– Қарқаралы ауданына қарасты ауылдарда көптеген кен орындары ашылып жатыр. Пайдалы қазбаларды қазумен Астана және Алматы қаласынан келген кәсіпорындар айналысуда деген ақпарат бар. Неге олар облыс орталығына филиал ашпай отыр? Осының салдарынан түскен салық, қаржы бақса өңірлерге кетіп жатыр.  

 – Әр ауыл, әр мекеме ондай жұмысты жасап жатыр, бірі филиал ретінде, бірі тіркеліп жатыр. Біреулері басқа облысқа кетіп жатыр. Жалпы, әрине айтып жатырмыз, осы жерге тіркеліп, осы жерге салық төлеу жағын.

– Сіз басқаратын облыста қала өте көп, үлкен ірі аудандар бар.   Ішкі миграция өте қарқынды. Жаппай белең алған ішкі миграция көптеген мәселелердің туындауына тікелей әсер етеді, Астананың өзінде су мәселесі өзекті. Қарағандыда күні ертең осындай негізгі ресурстар жетпей қиналып қалмай ма?

– Ауылдарды сумен қамтамасыз ету жоспары бар. Соған сәйкес ауылдарды 2025 жылы 100% сумен қамтамасыз етуіміз қажет. "Казнедро" деген ұйыммен бірлесіп қазба жұмыстары жасалып жатыр. Оған қаражат бөлінді, жұмыс жүріп жатыр. Қарқаралының өзін айтып кетсем, ол жерде де су жетіспейді, Жарды деген жерден су құбырын тартып жатырмыз, биыл Қарқаралының су мәселесі шешіледі. Қала бойынша қазіргі таңда суды Ертіс каналынан алып отырмыз. Дегенмен  су құбырларының тозғандығы бар.  Оны да қолға алдық, биыл Қарағанды да, Балқашта болған проблеманы да шешіп жатырмыз. Теміртауда да проблема бар, қазір жоба жасалып, жұмыс қолға алынды. Су мәселесі бойынша соншалықты проблема бар деп айтпаймын, бірақ тозғандарды жаңартып жатырмыз.

– Бас жоспарға қатысты сұраққа ойыссақ. Қарағанды қаласы да апатты жағдайдың орын алуы мүмкін аймақтың біріне жатады, өйткені шахталар бар. Қарағанды қаласының бас жоспарына қатысты қандайда бір өзгерістер бола ма?

– Қазіргі таңда жұмысты бастап кеттік, конкурс жариялаймыз. Бас жоспарды 2 жыл ішінде жаңартатын боламыз. Қай жерге үй салуға болады, болмайды, осының бәрін ескеріп жаңартылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу