Орталықта бүгінгі күні 166 қызмет алушы тіркелген. Оның ең жасы 38 жаста болса, ең үлкені 90-ға таяған.
Ғимарат стационарлық жағдайда 180 адамға арналған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі
Орталықтың мақсаты қандай?
Жалпы, "№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі 1968 жылдан бастап 2 қабаттық ғимаратта "Мейірімділік үйі" болып ашылған. Қызмет алушыларға 1992 жылы жаңа үлгідегі 5 қабатты ғимарат қолданысқа берілген. Оның жалпы ауданы – 7320 шаршы метр.
Орталық – денсаулығының жай-күйі бойынша адамның тұрақты күтіміне және медициналық көмекке мұқтаж зейнеткерлер мен I, II топ мүгедектігі бар адамдардың тұрақты тұруына арналған мемлекеттік мекеме.
"№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Азиз Аққалиев ғимаратта қызмет алушыларға жайлы түрлі кабинеттер бар екенін айтады.
- Ғимарат екі блоктан тұрады. Бірінші блоктың бірінші этажында медициналық бөлім орналасқан және жоғарғы қабаттарда орталық қызмет алушыларының жеке бөлмелері мен паллиативтік бөлмелер, ЕДШ, мәжіліс залы, кітапхана және мамандар кабинеттері бар.
Екінші блоктың бірінші этажында әкімшілік кабинеттер орналасқан және жоғарғы қабаттарда орталық қызмет алушыларының жеке бөлмелері мен процедуралық кабинеттер, шаштараз және мамандар кабинеттері жұмыс істейді.
Орталықтың қосалқы бөлігінде кір жуу бөлімі, монша, гараж, мәйітхана және автономды газбен жылыту бу қазандығы орналасқан, - дейді ол.
90 жастағы қызмет алушы бар
"№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінде стационарлық жағдайда қаралған орын 180 болса, жартылай стационарлық жағдайда қаралғаны – 100 орын. Стационарлық жағдайда қазіргі уақытта 166 қызмет алушы бар. Оның 104-і – зейнеткер, 59-ы – мүгедек. Сондай-ақ, 5 тыл ардагері, 5 отбасылық жұп, 7 өзге ұлт өкілі орталық қызметіне жүгінеді. Ең қарт қызмет алушы 90 жаста болса, ең жасы 38 жаста екен.
"Мүгедектігі бар қызмет алушылар жоспар бойынша мүгедекті жеке оңалту бағдарламасына сәйкес, техникалық көмекші құралдармен және санаторлық курорттық картамен қамтамасыз етіліп келеді",– дейді орталық мамандары.
Мұндағы қызмет алушылар орталықтың және №3 қалалық емхана дәрігерлерімен бірлесіп толық медициналық профилактикалық тексеруден өткізіледі. Жыл басынан бері 39 қызмет алушы стационарлық ем қабылдаған. Сонымен қатар, дәрігердің нұсқауы бойынша орталық қызмет алушылары күнделікті физиоемдеу, массаж, парафин, тұзбен емдеу шахтасында емдік процедуралар жүргізіледі.
Бұған дейін Қырғыз билігі ата-анасын асыраудан бас тартқандарға айыппұл салуды не 1-2 жылға бас бостандығынан айыру туралы заң жобасын ұсынған еді. Комитет мүшелері оны бірінші оқылымда-ақ мақұлдаған болатын. Одан соң әлеуметтік желілерде "мұндай жаза елімізге де керек" деген сарындағы жазбалар көбейген-ді.