Қарызға батқан қоғам

4999

Қазақстан қоғамының өзекті мәселесінің бірі – халықтың жаппай қаржылық сауатсыздығы.

Қарызға батқан қоғам Фото: combiboilersleeds.com

Қаржыңызды қалай жұмсайсыз?

Ақша жүрген жерде қарыз да қатар айтылатын болды. Ресми дерекке сүйенсек, елде 1 млн-нан астам адам несиесін өтей алмай жүрген көрінеді.

Тек автонесие рәсімдегендердің қарызы 40 млрд теңге. Өткен жылдың өзінде мемлекетке айыппұл мен салық төлемегендердің қарызы 272 млрд теңгеден асыпты. Тұрғындардың банк алдындағы "тұтыну" қарызы 1,8 трлн теңге. Коммуналды төлемдерден қарызы тағы бар. Ендеше, халыққа қаржылық сауаттылықты арттыратын уақыт жеткен сыңайлы.

Қарызға батқан қоғам

"Ақша – қолдың кірі". Десек те, бәріміз сол ақшаға тәуелдіміз. Киер киім, ішер ас, ауырсаң емің, тіпті, арманыңның бастауында ақша тұр. Қаржылық сауатымыз төмен болғандықтан шығар, тапқан табысымыздан да көп жаратуға құмармыз. "Ақша – таусылатын ресурс" екенін ескермей, орынды-орынсыз жаратып, соңында қарызға белшеден батамыз. Ал оның зияны ұшан-теңіз.

Отандық сарапшылардың пікірінше, ел экономикасының жалпы даму деңгейі халықтың қаржылық сауаттылығына тікелей байланысты. Сондықтан болар, қаржылық сауаттылық өте төмен саналатын аймақтарда экономикалық даму мүмкіндігі шектеулі. Бұл жағдай халықтың өзіне де кері әсерін тигізбей қоймайды. Қолда бар қаржы қызметі түрлерін дұрыс ұқсата алмағандықтан, кейбірі алаяқтарға да жем болады. Бұл ұлттық, тіпті халықаралық қаржы жүйесінің тұрақтылығына қауіп төндіреді.

Жуырда халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында ұлттық банк "Қаржылық дәріскер" жобасын ұйымдастырды. Білікті мамандардан құралған дәрістер Астана, Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Шымкент, Талдықорған және Өскемен қалаларында өтті. Осы дәрістердің барысында қаржы сауаттылығына қатысты небір құнды дерек пен кеңес айтылған еді.

Алматылықтардың қарызы "аспандап" тұр

Тағы да дерекке жүгінейік. Статистикалық ақпаратқа сәйкес, ел азаматтарының 75,3%-ы жалақысын қызмет және тауар алуға жұмсайды екен. Оның ішінде 62%-ы азық-түлік сатып алады. 17,1%-ы міндетті төлемдерді төлесе, 4,3%-ы ғана жинайды екен. Ал 3,3%-ы валюта сатып алуға асығады. Сонымен қатар, несие, алимент және міндетті төлемдерді төлеуге келгенде бостық танытып, жауапкершіліктен қашатындар көп.

"Пәтер, көлік, қымбат ұялы телефон, әдемі киім, 500-1000 адамға арналған той жасау – ел азаматтарының өміріндегі негізгі басымдық. Егер тұрғындардың орташа жалақысы 50 мың теңге болса, бұған қалай қол жеткізуге болады? Жауап біреу – қарыз алу. Қарызға несие алғандардың көбі төлей алмай жатса да, таныстары біліп қойса "ұят болады" деп, ешкімге айтпай, іштен тынады. Тек бүгінгі күннің өзінде банк халыққа 175 млрд теңге тұтынушылық несие беріпті. Бұл – жалақы қорының 45%-ы.

Тұрғындар тұрмыстық техника немесе басқа да тауарды қарызға оңай ала салады. Ал оның сұрауы бар екенін тек бір айдан кейін, төлейтін уақыты жақындағанда санасына жетеді. Нәтижесінде, халықтың "тұтыну" қарызы 1,8 трлн теңгеге жетіпті. Банкке қарызы бар халықтың басым бөлігі – Алматы тұрғындары. "Олардың берешегі 372 млрд 376 млн теңге", – дейді қаржы сауаттылығы туралы сөз қозғаған қоғам қайраткері Қанағат Тәкеева.

Несие неге төленбейді?

Азаматтардың басым бөлігі несиеге өмір сүреді. Зерттеу тұрғындардың 63%-ы ақшасын жалақы алатын күнге бір апта жетпей жұмсап қоятынын айтады. Сол себепті, банктердің портфелінде қайтарылмай жатқан несиелер саны жыл санап көбейіп келеді.

Мойындау керек, қарапайым халық отбасылық, тіпті, жеке өзінің бюджетін құруға дағдыланбаған. Басым бөлігінің жинаған қаржысы да жоқ. "Несие алуға шынымен мұқтажбын ба?", – деп бас ауыртпайды. Әрбір екінші қазақ азаматы несие төлей алмаудан келетін қауіпті білмейді. Бір басында бір емес, 3-4 несиесі барлар да жетіп артылады.

Алайда, бәріне топырақ шашуға болмайды. Тұрақты төлейтіндердің де барын айтуымыз керек. Бірақ, қаржы жоспары жоқ, жалақысы аз немесе тұрақсыздар, ақшасын мақсатсыз жұмсағандар, несие төлей алмай жатады. Банкке несиесін уақытша тоқтатуға өтініш жазатындардың көбі жалақының аздығын, жұмыс ауыстырғанын және бір бүйірден қысқан қымбатшылықты алға тартады.

Қаржыны басқара білу – өте маңызды. Мейлі, аз не көп болсын, әр нәрсені орнымен реттеген жөн. Ең алдымен кіріс және шығысты анықтап алған дұрыс. Шығындар отбасына келетін табыстан асып кетпеуі тиіс. Бірінші кезекте тұрғын үйдің (пәтер жалдап тұратындар) және коммуналды шығындарды төлеген жөн. Міндетті төлемдерді де кейінге қалдыруға болмайды. Азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек және тағы басқа дүниеге ақша жұмсағанда, жоспарға сай қимылдаған жөн.

Мамандар не дейді?

Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:

"Қазіргі таңда, әсіресе, қазақ тілді өзіміздің қарагөз халықтың қаржылық экономикалық сауаттылығы төмен екені белгілі. Ауылдағы ағайынның жағдайы айтпаса да түсінікті. Халық несиеге әбден байланып қалған. Қайтара алса, жақсы. Өтей алмай, қайтарымсыз несиелердің қатарын арттырады. Соның салдарынан отандық банктер несиенің пайызын жоғарылатады. Ол болса, түптеп келгенде халықты ипотекалық несие ала алмайтын жағдайға соқтырып отыр. Себебі, банктің пайыздық мөлшерлемесі жоғары, оны банкте де біліп отыр. Салдарынан әлеуметтік-экономикалық жағдай тұтастай нашарлайды. Енді не істеу керек? Әрине, бірінші кезекте халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру керек. Қазір "Массагет" сайтында "Экономика оқулары" атты жоба басталды. Сапасы мен сценариінде біраз кемшілік болғанымен, қаржылық сауатыңды арттыруға болады. Сонымен қатар, жер-жерлер мен еліміздің аймақтарына ғылыми сараптамалық талдау жасау керек. Мәселелік несиелер қай өңірде көп болса, сол өңірге Ұлттық банктің басшылығымен жергілікті әкімдіктердің қолдауымен арнайы қаржы сауаттылығы курстары өткізілуі керек. Алдымен мәселе туындап тұрған өңірлерден бастаған абзал. Кейінірек еліміздің барлық аймақтарын қамтыса артықтық етпейді. Оған қазақ тілін меңгерген мықты қаржыгер, экономистер тартылса, бұл мәселені белгілі бір дәрежеде шешуге болады деп ойлаймын.

Нұржан ЖАНАРБАЕВ, тәуелсіз сарапшы:

"Қаржы сауаттылығы – нақты тұжырымдалған мақсат пен оған жету үшін құрылған айқын жоспармен айқындалады. Сондықтан, ақшаны басқару, инвестицияны дұрыс жасау, білімді қаржыға айналдырудың оңтайлы жолдарын түсінікті тілде үйрету керек. Қаржы сауаттылығы – адамның түрлі жағдайға, өзгелерге және жүйеге тәуелді болмауының бірден бір жолы. Тұрғындарға тұтыну несиесі, депозит, ипотека туралы, әрбір адамның өз қаржы жоспарын құруды тереңірек түсіндірген жөн.

Несие рәсімдеген кезде де төлейтін сыйақы мөлшерлемесі мен келісімшарт баптарын мұқият қараған артықтық етпейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу