"Қарызға өмір сүру": Несиеміз неге азаймай тұр?

3679

Қазақстандықтардың тұтынушылық несие берешегі 10,1 трлн теңгеге жеткен. 

"Қарызға өмір сүру": Несиеміз неге азаймай тұр?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жеке тұлғаларға берілген несиелер былтырғы қарашада 2,9%-ға өсіп, 17,8 трлн теңгеге жеткен. Оған бірқатар ірі екінші деңгейдегі банктің тарапынан біржолғы бөліп төлеу аясында тұтынушылық қарыздардың 4,2%-ға артып, 10,1 трлн теңгені құрауы себеп, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Агенттік елдегі несие портфелінің сапасы тұрақты екенін хабарлады. Былтырғы  желтоқсандағы жағдай бойынша банк секторында мерзімі өткен берешегі 90 күннен асқан қарыздар деңгейі несие портфелінің 3,2%-ын немесе 904 млрд теңгені құраған. Статистикалық деректер тұтынушылық несиеге сұраныс азаймай тұрғанын көрсетіп отыр. Оның себебі неде және оған қандай факторлар әсер етіп жатыр?

"Жалпы тұтынушылық несиенің сұранысының тоқтамай жатқаны халықтың төлем қабілеттігінің төмендеуі кезінде болатын жағдай. Яғни адамдар күнделікті жалақысына қажетті сұранысын ала алмаған уақытта олардың ең соңғы шешімі осы банктерден берілетін кепілсіз тұтынушылық несиелер болып отыр. Қазіргі уақытта көп адамның той жасауы, баланы киіндіруі, тіпті кейде күнделікті тамақ алу үшін несиеге жүгінетіндігін көріп отырмыз. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігін көрсетеді. Соған байланысты Мемлекет басшысы көптеген іс-шараны қолға алып жатқаны белгілі", - деді экономист Бауыржан Ысқақов.

Жақында Мәжіліс депутаттары несие алу талаптарына қатысты бірқатар ұсыныс білдірді. Соның ішінде тұтынушылық қарыз мөлшерін шектеу де бар.

"Бүгінде банктер тұтынушылық кредиттер бойынша берешектің шекті деңгейі заң жүзінде белгіленбегендіктен, ірі сомаларға және ұзақ мерзімге тұтынушылық кредиттер беруді жүзеге асырып келеді. Нәтижесінде бүгінгі таңда банктер мен микроқаржылық ұйымдар осындай кредиттері бойынша берешектің орташа сомасы шамамен 1,5 млн теңгені құрайды. Осыған байланысты тұтынушылық кредит ұғымын енгізу және одан әрі нормативтік деңгейде оның ең жоғары мәнін шектеу ұсынылады", - деді заң жобасын таныстырған депутат Мәди Тәкиев.

Сарапшы Бауыржан Ысқақов мәжілісмендердің осы бастамасына қатысты пікір білдірді.

"Оның ішінде маған ұнайтыны – несиелік борышы 90 күннен асқан жағдайда оның үстінен айыппұл төленбейтіндігі және де банктердің несие берген кезде ай сайынғы төлемдері қарыз алушылардың жалақысынан аспауы керек деп шектеу қоюы. Бұл да жақсы дүние. Себебі бізде кейде айына 200 мың теңге несие төлеп, бірақ жалақысы 250 мың теңге болатын жағдайлар кездеседі. Бұрын тұтынушылық несие деп кепілсіз 10-15 млн теңгеге дейін ала беретін болсақ, енді екінші деңгейлі банктің 5 млн теңгеге дейін, ал микроқаржылық ұйымның 2,5 млн теңге дейін ғана беретін мүмкінді бар. Осындай шектеудің бәрі де халықтың несиеге дейін көзқарасын өзгертуге септігін тигізеді. Екіншіден, қаржылық сауаттылықтың артуына да үлесін қосуы керек. Халық алған несиені бизнеске не кәсіп бастауға бағыттаса ғана оның қайтарымы болатынын түсінуі тиіс. Той-домалаққа немесе бір күндік шығындарға деп алынатын қарыздың барлығы осындай қатаңдатылған іс-шаралардың нәтижесінде ғана реттеледі", - деді экономист.

Қазақстандықтардың несиеге батуы туралы мәселенің көтерілгеніне біраз болды. Бұл мәселеге депутаттардан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та алаңдаушылық білдірген болатын. Президенттің сөзінше, бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

"Негізінен, бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр. Екінші жағынан, тұтыну несиесін беру тәртібін және коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек. Сол үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Мысалы, соңғы жылдары банктер мен микрокредит ұйымдарына қойылатын тұтыну несиесі капиталының көлеміне қатысты талаптар бес есе күшейтілді. Төлеу мерзімі өтіп кеткен берешегі бар адамдарға несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ қарызын уақтылы өтей алмаған борышкерге 90 күннен әрі айыппұл салуға болмайды. Коллектор агенттіктеріне тұрақты тексеру жүргізіледі. Борышкерлер құқығын қорғау үшін несие беру туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер әзірленді", - деді Мемлекет басшысы "Egemen Qazaqstan" жалпыұлттық газетіне берген сұхбатында.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс несие беру кезіндегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдағанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу