Бұл туралы Бірінші кредиттік бюро мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz.
Қазақстандық банктердің борышкерлері несиелерін жиі кешіктіріп төлейтін болды. Әсіресе, соңғы 3 айда мерзімі өткен несиелер саны артты. 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша олардың жалпы көлемі 1 трлн 369,8 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылдың көктемінен бергі ең жоғары көрсеткіш.
"Бірақ банктердің несиелік портфелі де жылдам өсуде. 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша көрсеткіш 6,75%. 2021 жылдың қазан айының басында дәл осындай деңгейде болды", – деп хабарлады бюро.
90 және одан да көп күн кешіктірілген несиелердің көлемі артып келеді. Ол жыл басынан бері өсіп, наурыз айының басында 706,4 млрд теңгені құрады. Жалпы өсіп келе жатқан несие портфелінің аясында бұл көрсеткіш төмен болып есептеледі (NPL 90+ үлесі 3,48%-ды құрайды).
Несие портфелінің сапасы бойынша жалпы динамиканы негізінен екі банк – Халық банк пен Kaspi айқындайды. Олар ақпанда жалпы несиелеу көлемі бойынша Сбербанкті басып озып, қайтадан екінші орынға шықты.
Ұлттық банктің деректеріне қарағанда, елдегі барлық банктердегі мерзімі өткен қарыздардың 40,7%-ы осы екі қаржы институтына тиесілі.
Осы уақыт ішінде Халық банк және Kaspi-де мерзімі өткен несиелердің жалпы көлемі 483,4 млрд-тан 557,8 млрд теңгеге дейін өсті. Тұтастай алғанда, банк жүйесі бойынша бұл көрсеткіш 1,73 трлн-нан 1,37 трлн теңгеге дейін төмендеді. Яғни, портфель сапасы бойынша несиелендіру нарығы және оның екі ірі қатысушысы әртүрлі бағытта жұмыс істейді.
Айта кетерлігі, екі банктің динамикасы әртүрлі. Kaspi-де мерзімі өткен несиелердің көлемі бірнеше жылдан бері шамамен бірдей деңгейде. Осының және несие портфелінің қарқынды өсуінің арқасында қаржы ұйымының мерзімі өткен несиелері тұрақты түрде төмендеп келеді.
Алайда өткен жылдың екінші жартыжылдығынан бастап борышкерлердің несиені қайтару көрсеткіші нашарлаған. Бұл ретте алшақтық өсуде: 2022 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша несие портфелінің 9,74%-ның мерзімі өткен, бұл жалпы деңгейден 3%-ға жоғары. Мұндай несиелердің көлемі биылғы жылдың алғашқы 2 айында 74,8 млрд теңгеге немесе 42%-ға ұлғайып, 252,2 млрд теңгеден асады.
"Аталған қаржы институты көбіне халыққа тұтынушылық несиелер беретінін ескерсек, бұл ел азаматтарының берешекті өтеудегі проблемаларын көрсетуі мүмкін. Мұның тағы бір тұсы бар. Мәселен, мемлекет басшысы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң әзірлеуді тапсырғаннан бастап кешіктірулер көбейді. Осыған байланысты еріксіз борышкерлер Президент жарлығымен барлық қарыздары кешіріледі деп үміттеніп, қарыздарын қайтармай отыр ма деген ой келуге болады", – деп жазылған бюроның Телеграм арнасында.
Халық банкінде мерзімі өткен несиелер көлемі де өсуде (2 айда 47,6%-ға) және олардың жалпы портфельдегі жалпы үлесі де артты. Дегенмен әзірге жағдай 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына қарағанда жақсы екенін атап өткен жөн.
Ал сатылуы мүмкін банктерге келер болсақ, 11 сәуірде Альфа-банктің қазақстандық еншілес ұйымы иесін ауыстыруы мүмкін екені белгілі болды. Басқарушы директор Андрей Тимченконың айтуынша, қазір бірқатар әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде – олардың саны оннан асады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша Альфа-Банктің қазақстандық еншілес ұйымының активтері 908,6 млрд теңге болғанына қарамастан, қаржы ұйымының несиелік портфелінің сапасы нарықтағыдан жоғары. 2022 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша онда мерзімі өткен несиелердің көлемі 26,5 млрд теңгені құрайды, жалпы портфельдің 4,7%-ы, бұл банк жүйесі бойынша жалпы көрсеткіштен айтарлықтай жақсырақ.
90 немесе одан да көп күн кешіктірілген несиелер бойынша да көрсеткіш ұқсас. Альфа-Банктің несиелік қаражатындағы үлесі 1,47%. Бірақ бұл жерде мынаны атап өткен жөн. Соңғы 16 айдың 12-сінде мерзімі өткен берешек көлемі артып отыр. 2022 жылдың басынан бастап NPL 90+ көлемі де өсуде. Дегенмен өсім салыстырмалы түрде шағын ғана және өсіп келе жатқан несие портфелімен өтеледі. Бірақ несиелеу көлемінің төмендеуі жағдайында бұл көрсеткіш айтарлықтай нашарлауы мүмкін. Ал банкке қойылған барлық шектеулерді ескерсек, мұны жоққа шығара да алмаймыз.
Құралай Құдайберген