Қарызын өтеуді 90 күннен артық кешіктіргендерге несие беруге тыйым салынуы мүмкін

587

Мұндай ұсынысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі елдегі несиелі азаматтардың санын азайтуды жүзеге асыру үшін білдіріп отыр. 

Қарызын өтеуді 90 күннен артық кешіктіргендерге несие беруге тыйым салынуы мүмкін Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Заң жобалау мәселесі жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында аталмыш ұсынысты қамтитын реттеу саясатының консультативтік құжаты қарастырылды, деп жазады Inbusiness.kz.

Аталмыш құжат қаржы саласындағы 4 мәселенің шешілуіне бағытталады және Мемлекет басшысының тапсырмаларына негізделеді.

Осы төрт мәселенің ішінде ең бастысы әрі өзектісі - несие алып, қарызға батқандардың қатарын қысқарту. Себебі ҚР Президентінің 2023 жылғы 10 наурыздағы "Экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту және халықтың кредиттелуін төмендету жөніндегі шаралар туралы" жарлығының 5-тармағына сәйкес, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке 2023 жылғы 30 қыркүйекке дейін мына шараларды қолға алу тапсырылды:

  • қарыздар мен микрокредиттер бойынша берешегін қайтару мерзімі күнтізбелік тоқсан күннен асып кеткен азаматтардың борыштық жүктемесінің өсуін шектеу;
  • коллекторлық агенттіктердің жеке тұлғалардың кредиттері бойынша берешекті реттеу рәсімін енгізу;
  • екінші деңгейдегі банктердің және микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың берешекті реттеу рәсімдері жүргізілмеген коллекторлық агенттіктерге жеке тұлғалардың қарыздары мен микрокредиттерін сатуын шектеу.

Агенттік өз кезегінде бүгін Заң жобалау мәселесі жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында өзінің ұсыныстарын білдіріп, қарызды төлеу мерзімін 90 күннен астам уақытқа кешіктіргендерге мүлдем қарыз бермеуді, бірақ несие беруші ұйымдарды қарыз төлеу барысын реттеуге міндеттеуге шақырды.

"Біздің агенттік, біріншіден, 90 күннен астам уақыт бойы қарызын өтемеген азаматтарға тұтынушылық несие беруге тыйым салуды ұсынады. Екіншіден, екінші деңгейдегі банктердің және микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың берешекті реттеу рәсімдері жүргізілмеген коллекторлық агенттіктерге жеке тұлғалардың қарыздары мен микрокредиттерін сатуын мүлдем тоқтату. Үшіншіден, коллекторлық агенттіктерді физикалық тұлғаларлың қарызын реттеу бойынша шара қолдануға міндеттеу талап етіледі", — деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Қизатов Олжас.

Аталмыш толықтырулар бөлек Заңнамалық жоба ретінде қарастырылар болса, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Микроқаржы қызметі туралы" және "Коллекторлық қызмет туралы" заңдарға өзгеріс енгізуге тура келеді.

Сонымен қатар, құжатта электрондық алаңдарда сауда-саттық жүргізу арқылы стресстік активтерді іске асыру тетіктерін енгізу, синдикатталған қаржыландыру тетігін енгізу, микроқаржыландыру нарығының субъектілеріне қатысты уәкілетті органның мемлекеттік бақылауы мен қадағалауын күшейту сынды мәселелер де қарастырылған.

2023 жылғы 16 маусымда құжат ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылды. Келіп түскен пікірлер қарастырылды, мысалы, ЕАЭО елдері арасында кредиттік тарих мәліметтерін алмасу бөлігінде Әділет министрлігінің ескертулері жойылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу