Қаржы академиясы арзандатылса да өтпеді

11331

Кезінде Қазақстандағы беделді оқу орындарының бірі саналған елордалық қаржы академиясы ешкімге қажетсіз болып қалды.

Қаржы академиясы арзандатылса да өтпеді

Қаржы академиясы тікелей қаржы министрлігінің бастамасымен, 2009 жылы ашылған, мамандандырылған ғылым ордасы болып табылады. Ол еліміздің бас қаржылық ведомствосының қоластындағы кедендік бақылау, салық және басқа да "майлы да жайлы" органдар үшін мамандар даярлайтын. Әрине, олармен шектелмейді, бұларға қоса, экономистер, есепші-бухгалтерлер, менеджерлер, қаржыгерлер, аудиторлар, бағдарламашылар мен ай-ти мамандарын дайындаумен шұғылданады.

Академия құрамына колледж де кіреді, ол 9-шы және 11-сынып базасында мектеп бітіргісі келмеген, үлкен өмірге асыққан шәкірттерді қабылдап, оларға арнайы орта білім алу және кейіннен оқытудың қысқартылған нысанында жоғарғы білім алу мүмкіндігін ұсынатын. 

Онжылдық белесіне көтерілген бұл ЖОО-ны қаржы министрлігі ақыры жекенің қолына тапсыруға шешім қабылдады. Алайда бизнес те, инвесторлар да оны алуға ынта-ықылас танытпай отыр. Талап бойынша енді келесі саудада қаржы академиясын ешкім сатып алмаса, үкімет басшысының бірінші орынбасары әрі еліміздің бас қаржыгері Әлихан Смайыловқа бұл ЖОО-ны жауып, таратуға тура келмек.

Қазіргі кезде сенімді басқаруға беру бойынша академияның бағасы бастапқы бағасынан 41,6%-ға дейін арзандап кетті.

Соған қарамастан, кейінгі сатып алу құқығымен сенімді басқаруға да өтпей қалды. Өйткені саудаға небары жалғыз қатысушы ғана тіркелген.

Сауда 29 наурыз, жұма күні gosreestr.kz порталы арқылы өткізілді.

Онда қаржы академиясының бастапқы бағасы 2,1 миллиард теңге болып жарияланды. Бұл ретте оны сатып алуға тілек білдіруші жеке тұлғалар, инвесторлар немесе компаниялар 75,7 миллион теңге кепілдікті жарна енгізуге тиіс болатын.

Салыстыру үшін айтсақ, бұдан бұрын, әу баста мемлекет қаржы академиясын 3,6 миллиард теңгеге бағалаған-тын. Былтыр үкімет оны дәл осы бағасынан шамалы болса да қымбатырақ сатудан дәмелі болған. Сәйкесінше, саудаға қатысушылардан 540,5 миллион кепілдікті жарна енгізу талап етілді.  

Алайда енді сол бағаның өзі керісінше, елу пайыздайға төмендеп отыр.

Бүгінде академияның акцияларының 100%-ы қаржы министрлігіне тиесілі.

Сауда шарты бойынша ЖОО-ны сенімді басқаруға алу мерзімі 5 жылдан аспауға тиіс. Сол уақыт ішінде жаңа қожайын оның құнын төлеп, толығымен сатып алуға міндетті.

Осы орайда жаңа иесінен сенімді басқару кезеңінде академияның негізгі қызмет бағытын және персоналының санын сақтау талап етіледі. 

Бұдан бөлек, сатып алушы бес жыл бойы қашықтықтан оқытуды сақтауы және дамытуы қажет.

Мұның сыртында ол желілік білім беру бойынша академияның халықаралық ынтымақтастығын ары қарай өркендетуі тиіс болады.

"Сенімді басқару кезінде Қазақстанның қаржы министрлігімен келіспей, бекітілген келісімшарттар бойынша оқу ақысын көтеруге жол берілмейді", – деп жазылған тендерлік шартта.

Бағалау туралы есепте келтірілген мәліметтерге жүгінсек, қаржы академиясының меншігіндегі ғимараттар негізінен Целиноград тұсында бой көтерген көрінеді. Мәселен, академияның бес қабатты әкімшілік ғимараты бертінде күрделі "еуроремонт" жасалғанымен, шынында 1967 жылғы нысан болып табылады.

"Гаражы мен оған жапсарлас қойма 1966 жылы тұрғызылған. Олардың ауданы 520,6 шаршы метр. Қаржы академиясының оқу корпусы 1966 жылы, ал жанама ғимарат – 2003 жылы салынған. Олардың ауданы – 4 мың 610 шаршы метр. Жатақханасының бес қабатты, 1969 жылғы ғимаратының көлемі – 5 мың 127 шаршы метр. Тағы бір бес қабатты әкімшілік ғимараты 1979 жылы іске қосылған, оның ауданы – 4 мың 919 шаршы метр", – делінген бағалау туралы есепте.

Сондай-ақ академияның еншісінде қымбат 6 автокөлік бар екен, алайда олар көнеріп, сәннен қала бастаған: 1998−2008 жылдар аралығында шығарылған.

Бұған қоса, академияның бір тракторы бар болып шықты.

Қазіргі талабы тым жоғары талапкерлер отандық ЖОО-ларға ақылы негізде түсуді аз таңдауда. Бұған қазақстандық ғылым ордаларының оқыту ақысының шетелдік университеттермен теңесе бастауы ықпал етсе керек: тиісінше, жастар жергілікті университетті таңдағанша, дәл сол ақыға көрші ресейлік, қытайлық не алыс шетелдік баламасын бітіргенді жөн көреді. Себебі, жұмыс берушілер шетелдік дипломы бар кадрларды қадір тұтады.

Соның бір салқыны болса керек, 2017 жылы қаржы академиясы табысты болудан қалып, шығынға отырды. Оның шығыны өткен жылы 189,1 миллион теңгеден асып кеткен. Ал 2016 жылды шамалы болса да, 16,6 миллион теңге табыспен аяқтаған болатын.

Айтқандай, қаржы академиясын Наталья Коржова басқарғаны белгілі, ол тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қаржы министрі болған алғашқы әйел екендігімен танымал. Коржова ханым еліміз ҚазКСР аталған сонау 1979 жылдан бертінге, 2017 жылға дейін қаржы министрлігінде  әртүрлі лауазымдарда жұмыс жасаған. 2017 жылы қаржы академиясының президенті лауазымына тағайындалды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу