Кредит кешірілді
Биыл еліміздің қаржы саласында бұрын-соңды болмаған оқиғалар орын алды. Соның бірі – қазақстандықтардың кредиттерінің кешірілуі. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылды.
Биылғы коронавирус пандемиясына байланысты тұрақты жұмыстарынан уақытша айырылып қалған ел тұрғындарының банктерден алған несиелерін дер кезінде өтей алмауы өзекті проблемаға айналды. Осылайша, ел Президенті
тұтынушылық мақсатқа кепілсіз несие алған тұрғындардың қарыздық жүктемесін азайту үшін арнайы Жарлық шығарды. Жарлыққа сәйкес, бірқатар қазақстандықтардың негізгі қарызы, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығарылды. Кейін Үкімет бұл тапсырманы екі негізгі бағыт бойынша іске асыру тетігін әзірледі.
Бірінші бағыттың көздеген негізгі мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған қарыз алушыларға тікелей және атаулы қаржылық көмек көрсету еді. Мемлекет әрбір қарыз алушының 300 мың теңгеден аспайтын негізгі берешегін және сол бойынша есептелген сыйақыны төлеп берді. Көпбалалы, асыраушысынан айырылған, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар, мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар және тағы да басқалары аталған бағыттың игілігін көрді.
Екінші бағыт банктер мен микроқаржы ұйымдарының қазақстандықтарға салған айыппұлдары мен өсімпұлдарды есептен шығаруды көздеді.
Қаржы министрлігінің дерегінше, бірінші бағытты жүзеге асыруға бюджеттен 105 млрд теңге бөлінді. Ол банктер мен микроқаржы ұйымдарына бағытталды. Аталған қолдау шараларының нәтижесінде 629 мыңнан астам қарыз алушы төлем қабілеттілігін қалпына келтірді.
Екінші бағыт бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдары 1,4 млн азаматтың өсімпұлы мен айыппұлы кешірді. Жалпы 33 млрд теңге есептен шығарылды. Оның 30 пайызын, яғни 10 млрд теңгесін мемлекет өтеп берді.
Жалпы, Президент Жарлығының нәтижесінде қазақстандықтардың орташа қарыздық жүктемесі 40 пайызға төмендеді. Бұл ретте бірқатар азаматтардың банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы қарыздары толықтай өтелді.
"Tengri Bank" теңселген жыл
Биыл Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Tengri Bank" АҚ-ның банкілік және басқа да операциялар жүргізу лицензиясынан айырды. Tengri Bank-тің қаржылық жағдайының қиындап кеткені несие портфелі сапасының төмендігімен байланысты. Қайтарылмаған несиелердің көлемі 83 пайызға жеткені қаржы институтының жалпы активтерінің сапасына кері әсер еткен.
Проблемалық несиелердің басым бөлігі 2015-2017 жылдар аралығында банктің акционерлерімен байланысты тұлғаларға беріліпті. Мұндай несиелердің үлесі банктің несие портфелінің 58 пайызына тең.
Биылғы жылдың басынан Tengri Bank төлем мен ақша аударымдарына қатысты міндеттемелерін толық көлемде орындай алмаған. Тиімді корпоративтік басқарудың жоқтығы, мажоритарлық және миноритарлық акционерлердің арасындағы ішкі корпоративтік даулар қаржылық жағдайдың одан әрі нашарлауына соқтырды. Соның нәтижесінде Агенттік банкке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы 36 хаттама толтырған. Наурыз айында банктің ірі акционеріне 30 сәуірге дейін қаржы институтының капиталын 23 млрд теңгеге жеткізу туралы талап қойған. Алайда бұл талаптар орындалмады.
Жалпы, Tengri Bank елімізде жабылған банктердің алғашқысы емес, соңғысы да болмайтыны анық. Мәселен, кейінгі 2-3 жылдың ішінде ғана "Астана Банкі" АҚ, Qazaq Banki мен Эксимбанк жабылып қалды.
"Отбасы банк" ортаға қосылды
Биыл "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" атауын өзгертті. Енді ол "Отбасы банк" деп аталады. Қаржы ұйымының толық ресми атауы – "Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ банкi" акционерлiк қоғамы, қысқартып айтсақ, "Отбасы банк" АҚ.
Банктің аты өзгергенмен, заты өзгерген жоқ. Әдеттегідей оның жалғыз акционері бар. Ол "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ. Банктің 100 пайыздық акциясы осы холдингке тиесілі.
2021 жылы "Отбасы банк" баспанаға мұқтаж жандарды тіркеу, есепке алу, тұрғын үйлерді үлестіру жұмыстарын бір орталықтан жүзеге асыратын толыққанды даму және қолдау институтына айналуды көздеп отыр. Бұл міндеттерді іске асыру үшін кезекке қою жүйесін әкімдіктерден "Отбасы банкке" тапсырып, тұрғын үйге мұқтаждар үшін "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істейтін "Баспанамен қамтамасыз ету орталығын" құру жоспарланған. Ендігі жерде тұрғындарға баспанаға мұқтаж екенін растау үшін бірнеше мекемеге жүгініп, кезекте тұрып, ізінше несие алу үшін банкке келіп әуре-сарсаңға салынбай, мәселесін бір орталықтан шешу мүмкіндігі туады.
"Банк 1,7 миллионнан астам салымшы мен 181 мыңға жуық қарыз алушыларға қызмет көрсетуін жалғастыра отырып, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберіндегі өзінің негізгі қызметінен таңбайды", – деді "Отбасы банктің" басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Бүгінде банктің депозиттік портфелі 976 млрд теңгеге тең. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеге дейін жетеді деп жоспарлануда.
"Jýsan"-ға жұтылған "АТФБанк"
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мақұлдауын алғаннан кейін Jýsan Bank "АТФБанк" акцияларының 99,76 пайызын сатып алды. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
"АТФБанктің" 124 млрд теңге мөлшеріндегі меншікті капиталы қосымша провизиялар құру үшін пайдаланылды. Қолданыстағы акционер шығындарды жапқаннан кейін, Jýsan Bank реттеушінің талаптарына сәйкес меншікті капиталдың жеткілікті деңгейін қалыптастыра отырып, "АТВБанктің" 97 млрд теңге сомасына үстеме капиталдандыруды жүзеге асырды.
"АТФбанкті" сатып алу нәтижесінде Jýsan тобына кіретін екі банк активтерінің жалпы көлемі шамамен 3 трлн теңгені немесе Қазақстанның банк секторы активтерінің шамамен 10%-ын құрайды. Екі банктің өтімділігі жоғары активтерінің жиынтық мөлшері 1,3 трлн теңгеден асады. Бұл Қазақстан нарығындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады.
Jýsan тобына банктерден бөлек, сақтандыру, брокерлік қызмет көрсету және инвестициялық портфельді басқару бойынша қызметтердің кең спектрін ұсынатын қаржы компаниялары кіреді.
Санжар Беркінбай