Қаржы нарығындағы сауда көлемі 2, 2 трлн теңгеге төмендеді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
14880

Теріс көрсеткішке іскерлік белсенділіктің бәсеңдеуі себеп болды. 

Қаржы нарығындағы сауда көлемі 2, 2 трлн теңгеге төмендеді

"Қазақстан қор биржасы" АҚ (KASE) қаңтар-сәуір айлары аралығында атқарылған жұмысын қорытындылап, өткен айдағы сауда-саттықтың нәтижесін жариялады. Белгілі болғандай, сәуір айында сауда-саттықтың жиынтық көлемі 40 762,1 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1% немесе 9 137,7 млрд теңгеге кем көрсеткіш.

Акция нарығын қаржыландыру жыл басынан бері 1,2 % немесе 202,8 млрд теңгеге төмендеген. Ал KASE индексінің мәні 3,8 % азайған. Есесіне саудаланған корпоративтік қарыз көлемі соңғы 4 айда 12,7 % артып, 1 540,1 млрд теңгеден 13,7 трлн теңгеге өскен.

Акция нарығының жағдайы көңіл көншітпеген. Капитализация 202,8 млрд теңгеден 17,1 трлн теңгеге құлдыраған. Бұған акция бағасының арзандауы себеп болған.

KASE басқарма төрағасы Алина Алдамбергеннің айтуынша, сәуір айының соңында қор биржасына 123 эмитенттің 139 акциясы орналастырылған. Оның 3 шығарылымы листингтік емес бағалы қағаздар секторында айналымға жіберілген.

"Сәуір айында сауда-саттық көрсеткішінің көлемі 15,1 млрд теңгені құрап, наурыз айындағы мәнінен 4 есе жоғары болды. Жыл басынан бері 40,5 млрд теңгенің акциясы сатылды. Балама көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 22,9 % немесе 7,6 млрд теңгеге өсті", – деді басқарма төрағасы.

Корпоративтік облигация нарығындағы сауда-саттық көрсеткіші 4 айда 13,7 трлн теңгеге жеткен. Мамыр айының алғашқы күніндегі мәлімет бойынша, KASE сауда-саттық тізімінде 72 эмитенттің корпоративтік облигациясының 263 шығарылымы болған.

"Сәуір айында биржадағы корпоративтік облигация нарығының жиынтық көлемі наурыз айымен салыстырғанда 32,6 % өсіп, 260,2 млрд теңгені құрады. Төрт айда жиынтық көлем 549,6 млрд теңгеге жетті. Қайталама нарықтағы облигацияның сауда-саттық көлемі наурыздағы нәтижеден

5 есе артық болды. Төрт айдың қосындысында сауда-саттық көлемі 56,3 % немесе 309,1 млрд теңгеге төмендеді", – деді Алина Алдамберген.

Мемлекеттік бағалы қағаздар саудасының жиынтық көлемі 1 454,4 млрд теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе өсім көрсеткен. Төрт айдағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 18,2 млрд теңге болған.

"Мемлекеттік бағалы қағаздардың қайталама нарығы саудасының көлемі үш есе ұлғайып, 297,8 млрд теңгені құрады. Қайталама нарықтағы инвесторлардың негізгі санаттары бойынша екінші деңгейлі банктердің  үлесі – 43,7 %, брокер-дилерлердің үлесі – 0,6 %, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі  – 52,2 %, өзге заңды тұлғалардың үлесі 3,5 %, жеке тұлғалардың үлесі – 0,02 %, ал резидент еместердің үлесі – 1,7 % болды", – деді KASE басқарма төрағасы.

Есептік кезеңде биржаның халықаралық қаржы ұйымдары облигацияларының сауда-саттық тізіміне Азиялық даму банкінің, Еуразиялық даму банкінің, Еуропалық қайта құрылымдау және даму банкінің, Еуропалық инвестициялық банктің, Халықаралық қаржы корпорациясының 31 шығарылымы енді.

"Бұл сектордағы сауда-саттықтың жиынтық көлемі 13,3 млрд теңгені құрады", – деді Алина Алдамберген.

Жария етілгендей, наурыз, сәуір айларында іскерлік белсенділік бәсеңдеген. Салдарынан сәуірдегі сауда көлемі наурызбен салыстырғанда 31,8 % қысқарып, 7 096,2 млрд теңгені құраған. Ал жыл басынан санағанда қаржы нарығындағы сауда көлемі 6 % немесе 2,2 трлн теңгеге төмендеп, 34 788,5 млрд теңге азайған.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу