Табысы аз, қарызы көп адамдар несиеден бас тартпай отыр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3225

Ірі көлемде қарыз алған адамдар 2-3 жылдан соң қарыз қайтарудан қажиды.

Табысы аз, қарызы көп адамдар несиеден бас тартпай отыр

Еліміздегі несие портфелінің 27 %-ын тұтыну несиесі құрайды. Бұл қаржы нарығы үшін оң көрсеткіш емес.

"Қазақстан Халық банкі" АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың мәлімдеуінше, бұған дейін мұндай көрсеткіш болған емес.

"Халықтың табатын табысы мен алатын қарызы арасында үлкен алшақтық бар. Бұл банк секторы үшін жағымсыз жайт. Уақыт өте келе қаржы институттары немесе тұтас банк секторы дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Жекелеген банктер қаржылық қиындыққа тап болса, оның салқыны тұтас жүйеге тиеді", – деді Үміт Шаяхметова.

Оның сөзінше, Ұлттық банк былтырдан бері мәселені шешу амалдарын қолданып жатыр.

"Несие портфелінің ұлғаюына шектеу қойылды. Бірақ мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Бұдан былай тұтынушы несиесін рәсімдейтін екінші деңгейлі банктердің капиталы ерекше назарға алынады. Банктің қалауы мен мүмкіндігі қаржылық жағдайына сай болған жағдайда ғана адамдарға қарыз беру құқығын ұсыну қажет деп есептеймін", – деді "Қазақстан Халық банкі" АҚ басқарма төрағасы.

Тәуелсіз экономист-сарапшы Александр Юрин қаржы реттеушісінің дерегін алға тарта отырып, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында жеке тұлғаларды несиелендіру көлемі 1,1 трлн теңгені құрағанын, жалпы есепте бұл сома 5,4 трлн теңгеге жеткенін айтты.

"Дамыған елдермен салыстыратын болсақ, қазақстандықтар қарыз қамытын киіп жүр деу әсіресілтегендік болады. Алайда Батыста несие шарты бізден бөлек. Бұған қоса олардың табысы несиені уақытында, қиналмай жабуға  жетеді. Бізде несие рәсімдеген адамдар өлместің күнін кешіп жүреді.Кейбір адамдар үшін несиеге өмір сүру, қарыздан құтыла алмау әдетке айналып кеткен. Еліміздегі экономикалық ахуал өзгеретін болса, мұндай адамдардың әлеуметтік жағдайы мүлде қиындайды", – деді маман.

Оның ойынша, қарыз қамыты, оның ішінде несие адамдарды діңкелетіп тастайды.

"Ірі көлемде қарыз алған адамдар 2-3 жылдан соң қарыз қайтарудан қажи бастайды. Борышкер несиесін өтеу үшін көп нәрседен шектеледі. Қарыз қайтарудан бір немесе бірнеше адам емес, тұтас халық шаршаған кезде әлеуметтік жағдай ушығады. Бұған осыдан бірнеше жыл бұрын болған ипотекалық борышкерлердің жанайқайы дәлел", – деді Александр Юрин.

Маманның мәлімдеуінше, Ұлттық банк несие нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға тырысуда.  Алайда адамдар шама-шарықтарына қарамай, қарызға белшелерінен батуларын жалғастырып жатыр.

"Қазір несиелендіру шарты бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жақсы әрі тиімді. Бірақ бұл жаппай несие алу керек деген сөз емес", – деді экономист.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшылар орталығының өкілі Рамазан Досов бүгінгі таңда жеке тұлғалардың жалпы экономикадағы несиелік қарызы 43,6%-ды құрайтынын алға тартты. Оның мәлімдеуінше, 2019 жылдың I тоқсанында тұтынушылық несиеге деген сұраныс 2,7%-ға өсіп, 3,4 трлн теңгені құраған.

"Орта есеппен алғанда еліміздің экономикалық белсенді әр азаматы 384,6 мың теңге тұтынушылық несие қарызын арқалап жүр. Жалпы, қандай болсын қарыз жақсы емес. Ол адамның жүйкесін жұқартады және мүмкіндігін шектейді", – деді Рамазан Досов.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу