"Банк секторын қалыпқа келтіру процесі аяқталуға жақын"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2725

Сәуір айында инфляция 0,5 пайызды құраса, жылдық инфляция 4,9 пайыз деңгейінде қалыптасты.

"Банк секторын қалыпқа келтіру процесі аяқталуға жақын" Фото: Серікжан Қобыланбаев

Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдегендей, сәуір айында инфляция 0,5 пайызды құрады. Ал жылдық инфляция 2019 жылға арналған 4-6 пайыз нысаналы дәлізінде қалыптасты. Яғни, сәуірдің қорытындысы бойынша 4,9 пайызды құрады.

Төрағаның сөзінше, инфляцияның төмендігіне азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының 6 пайызға дейін және ақылы қызметтер тарифтерінің 1,2 пайызға дейін өсуінің баяулауы ықпал еткен.

"Инфляцияның ағымдағы деңгейін және инфляциялық күтулерді ескере отырып, базалық мөлшерлеме 9 пайызға дейін төмендетілді. Инфляцияның тұрақтануы және қаржы-несие саясатының жұмсаруы кредиттердің қолжетімділігінің артуын қамтамасыз етеді. Осы жылдың наурызында бизнеске арналған кредиттер бойынша мөлшерлеме өткен жылғы наурыздағы 12,8 пайызбен салыстырғанда 12 пайызға дейін төмендеді", – деді Ерболат Досаев өз баяндамасында.

Ол ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақты екенін жеткізді.

"13 мамырдағы жағдай бойынша теңгенің айырбастау бағамы жыл басынан бері 1,2 пайызға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 379,43 теңгені құрады. Теңге бағамы іргелі факторлардың әсерімен қалыптасуда. Атап айтқанда, мұнайдың әлемдік бағасы жыл басынан бері бір баррель үшін 70,6 АҚШ долларына дейін өсті және Ресей рублі жыл басынан бері бір АҚШ доллары үшін 65,23 рубльге дейін нығайды", – деді Ерболат Досаев.

Ол Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері 2019 жылғы 1 мамырда 27,1 млрд АҚШ долларын құрағанын және сәуірде 0,2 пайызға төмендегенін атап өтті. Төмендеудің төркіні екінші деңгейлі банктердің Ұлттық банктегі валюталық шоттарындағы қалдықтарының қысқаруымен және Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсетуімен байланысты.

"Ұлттық қордың активтері 2,3 пайызға, 59,3 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды. Жалпы халықаралық резервтер 0,4 пайызға өсіп, 86,4 млрд АҚШ долларын құрады", – деп толықтырды Ұлттық банк төрағасы.

Ерболат Досаев төлем балансының жай-күйі де жақсарып келе жатқандығын жеткізді. Алдын ала бағалау бойынша, 2019 жылдың бірінші тоқсанында ағымдағы операциялар шоты 0,8 млрд АҚШ долларына тең профицитпен қалыптасқан.

"Көрсеткіштің жақсаруына сауда балансының оң сальдосының 14,4 пайызға, 7,1 млрд АҚШ долларына дейін өсуі себеп болды. Тауарлар экспорты 14,9 млрд АҚШ долларына дейін, яғни 9,9 пайызға, тауарлар импорты 7,8 млрд АҚШ долларына дейін, яғни 6,1 пайызға ұлғайды", – деп түсіндірді Ерболат Досаев.

Төрағаның сөзінше, банк секторын қалыпқа келтіру процесі аяқталуға жақын.

"Банктер жұмыс істемейтін қарыздарды тануды, сондай-ақ әлеуетті кредиттік шығындарға провизияларды ұлғайтуды жалғастыруда. Жұмыс істемейтін қарыздар жыл басында несие портфелінің 7,4 пайызын құраған еді. Ал наурыздың қорытындысы бойынша 8,6 пайызға дейін өсті. Қалыптасқан провизиялар 2,3 трлн теңгеге дейін немесе несие портфелінен 17,9 пайызға дейін өсті", – деді Ерболат Досаев.

Ол кредиттеудің белсенді түрде қалпына келіп жатқанын мәлімдеді. 2019 жылғы қаңтар-наурызда 2,9 трлн теңгеге жаңа кредиттер берілген. Көрсеткіш өткен жылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 8,5 пайызға өскен.

"Кредиттеудің өсуіне қорландыру базасының сапалы жақсаруы ықпал етуде. Ұлттық валютадағы салымдар ағымдағы жылдың басынан бастап 5,1 пайызға өсті, ал шетел валютасындағы салымдар 20,4 пайызға төмендеді. Осының салдарынан депозиттерді долларландыру соңғы 5 жылда ең аз мәнге жетіп, 41,5 пайызға дейін төмендеді", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Ерболат Досаевтың айтуынша, экономиканың басым секторларын қаржыландыру үшін банктерге ұзақ мерзімді ресурстар берілуде. Бұл ретте, 112,7 млрд теңгеге үш банктің облигациялары сатып алынған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу