Қаржы пирамидаларының сүйікті құралы – биткойн күйрей ме

4242

АҚШ, Ұлыбритания мен Австралия криптонарықты реттеуді қатайтуға бел буды. Қазақстан да осы жолға түсуі мүмкін. Ал криптовалюталар құлдырауын жалғастырды. 

Қаржы пирамидаларының сүйікті құралы – биткойн күйрей ме Фото: yandex.kz

Бір жыл бұрын, 2021 жылғы 24 желтоқсанда 1 биткойнның бағасы шарықтаған бойы 22 миллион теңгеден асты. Бұл өсім тоқтамай, өсе беретіндей көрінген. Оның үстіне 2021 жылғы 19 шілдеде халықаралық ақпарат құралдары ғалымдар, криптовалютамен байланысты қаржылық ұйымдар мен компаниялардың өкілдері кірген 42 сарапшының болжамына сілтеме жасап, Bitcoin құны 318 000 долларға дейін қымбаттайтынын хабарлады. Сұрау салынған сарапшылардың 54%-ы 2050 жылға қарай Bitcoin әлемдік қаржылық жүйедегі үстем құралға айналады деп санайтынын жеткізген. Қалған 44%-ы бұған күмәнданған.

Сол кезде осы сияқты сараптамасымақтарға сенген адамдар, соның ішінде қазақстандықтар 1 жыл ішінде әрбір биткойн данасынан 12 млн 879,3 мың теңге жоғалтты. Себебі криптовалюта ішіндегі ең мықтысы саналатын Bitcoin осы бір жыл ішінде 62,23%-ға құнсызданды.

Қазіргі кезде, 2022 жылғы 19 желтоқсандағы жағдай бойынша 1 биткойнның бағасы 7,8 миллион теңге тұрады. Бір ай ішінде 7,3 миллионға дейін де құлдырады.

Жасыратыны жоқ, көптеген пысықай жандар бұрынғы жылдары жарылыс толқынындай қарқынды өсіп, өрістеген криптовалютаны пайдаланып, төл қаржылық пирамидаларын ашты. Мысалы, халықтан ақша жинайды, оны биткоинға салып, біршама тез ұлғайтып, салымшыларының бір бөлігіне сыйақы ұсынады, қалғанына ерте келетін жаңа клиенттердің қаражаты есебінен төленеді. Алайда критонарықтағы алапат күйзеліс және биткойннен түсетін табыстың "сұйылуы" пирамидалардың көбіне соққы берді: төлем жүріп тұрғанда қыңк етпеген кейбір клиент онысы тоқтатылғанда құзырлы органдарға шағымдана бастады.

Таяуда көлемі жөнінен екінші ірі криптовалюталық биржа болған FTX күйрегенде, салымшылар миллиардтаған доллар қаражатын жоғалтқан. Осыдан кейін АҚШ, Ұлыбритания және Австралия криптовалюталық нарықты қатайту мәселесін талқылай бастады.

Мысалы, Америкада бұл мәселеге орай Конгресте тыңдау өтті. АҚШ қаржы министрінің орынбасары Уолли Адейемоның мәлімдеуінше, Багам аралдарында орын тепкен FTX күйреуі криптовалютаға арналған халықаралық қағидаларды енгізу қажеттігін көрсетті. Бұл мәселені Құрама Штаттар басқа елдермен бірлесіп, пысықтайтын болады. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Әрине, бұл қадам криптовалютаның табиғатына жат, қайшы келеді. Оны өзге валюталардан даралайтыны да осы: биткойнды және басқаларын әлемдегі бірде бір үкімет пен билік эмиссияламайды (шығармайды) және қадағалай алмайды, криптовалюта олардың бәрінен тәуелсіз әрекет етеді. Сондықтан да оны қылмыс әлемі, есірткі саудагерлері, лаңкестер өзге валюталарға қарағанда қолайлы көреді. Сондай-ақ биыл өз еліндегі қуғын-сүргіннен, мобилизациядан қашқан ресейліктер де жинақтарын криптовалютаға аудару арқылы Ресейден шетелге шығара алды.

Бірақ Адейемоның байламынша, инвесторларды, тұтынушыларды және жаһандық қаржылық тұрақтылықты қорғау үшін, сонымен бірге қылмыс әлемінің заңсыз пайдалануына тосқауыл қою мақсатында азат әрі бас бермес асау криптовалюталарды құрықтау қажет.

"Криптовалюта – жаһандық құбылыс. Ендеше оны реттеу режимін әзірлеу үшін халықаралық серіктестерімізбен тығыз ынтымақтаса отырып, қимылдауға тура келеді. Бұл криптовалюта сияқты инновацияларда әлемдік экономиканы қорғап қалуға көмектеседі", – деп АҚШ ұстанымын жариялады Уолли Адейемо.

Өз кезегінде Лондон криптоиндустрияны реттеу шараларының топтамасын әзірлеу жұмысына кіріскен. Financial Times жазуынша, Ұлыбританияның Қаржы министрлігі криптовалютаны реттеу қағидаларын түзуді аяқтап қалды. Қаржы ведомствосы патшалық аумағында шетелдік компаниялардың криптовалюта саудасымен айналысуына тыйым салуға ниетті. Бұған қоса, сала ойыншыларының жарнамасын, криптокомпанияларды жою жүйесін реттемек. Қаржылық қадағалау басқармасына (FCA) саланы реттеу бойынша мол құзыр беріледі деп жоспарланған. Ондай жағдайда FCA криптонарықтағы кез келген компанияның қызметіне араласа алатын болады.

АҚШ сияқты, Ұлыбритания да криптовалюталарды бірінші болып бағындырған елге, сол арқылы жаһандық криптохабқа айналуды көздеді.

"Ия, криптоиндустрияның болашағына қатысты түйткілдер көп. Бірақ осы жаңа технологияның әлеуетін елемеу ақымақтық болар еді", – деді Ұлыбританияның Қаржы министрлігінің өкілі Эндрю Гриффит.

Ал 14 желтоқсанда Bloomberg Австралияның да криптовалюталар провайдерлерін реттеу шараларын қабылдап жатқанын мәлім етті. Бұл континент-мемлекеттің билігі аталған шаралардың егжей-тегжейін жаңа жылдың басында талқылайды.

Мұның бәрі биткойнның және оның баламаларының еңсесін езе түсуде.

32 миллиард доллар салым айналымда болған FTX криптобиржасының банкрот болуы, оның негізін қалаған сала гуруы Сэм Бэнкман-Фридтың тұтқындалуы саланың қабырғасын қақыратып кетті. Биылғы қараша айының ортасында FTX сауда алаңы банкрот болғанын жариялады. The Wall Street Journal мәліметінше, осыдан 3 күн өткенде әлемдегі аса ірі 15 криптовалюталардың капитализациясы бірден 150 миллиард долларға құлдыраған. Криптовалюта иелерінің қанша шығынға батқанын осыдан аңғаруға болады. АҚШ Қаржы министрлігі криптонарықтың бұрынғы жұлдызы Сэм Бэнкман-Фридті инвесторларды көрінеу алдаған деп айыптап отыр.

Оның үстіне Вашингтонның мәлімдеуінше, осындай ауыр жағдайға жалғыз FTX қана емес, басқалары да таяпты. Ал Конгрестегі тыңдау кезінде демократ сенатор Брэд Шерман криптовалютаның бүкіл нарығының болашағына күмән келтірді.

"Адамдар Сэм Бэнкман-Фридті жәннат бағындағы жылан деп қабылдауы мүмкін. Бірақ шын мәнінде, криптоиндустрияның өзі – жылан толы бақ болып табылады", – деп көркем сөзбен түйді ол.

Бұрын биткойн мен басқасының қарқынына қайран қалып, тамсанып келген халықаралық іскерлік басылымдар бұл индустрияны көбірек сынай бастады. Financial Times Financial басылымы Technology&Cybersecurity Center директоры Томас Вартанянның мақаласын жариялады. Онда ол билікті криптонарықты реттеуді қатайтуға шақырды. Өйткені бұл нарық қаншама адамның әл-ауқатын нашарлатып, қайыршыландырды. Оның пайымдауынша, "криптовалюта иелерін, сөзсіз, ауыр жол және көптеген жағымсыз тосынсыйлар күтіп тұр". Криптоиндустрия нарық сенімін қалпына келтіру үшін реттеуге ұмтылуы шарт. Сарапшы биткоинды казиномен салыстырып, оның одан нашар екеніне назар аудартты: казинолар ең құрығанда, заң аясында жұмыс істейді.

Алайда криптовалютаның болашағына сенетін сарапшылар да жетерлік, олар бұл құралға сұраныс барын, индустрияның өз әлеуетін әзірге толық пайдаланбағанын алға тартады.

Дегенмен, жаһандық державалардың қатаң реттеуге талпынуы, Қытайдың және бірқатар басқа елдердің өз аумағында криптовалютаның айналымына толық тыйым салуы биткойн мен сол тектестердің құнының өсуін тежеп тұр.

Күлкілі естілуі мүмкін, бірақ Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) да криптохабқа айналу амбициясын жариялап жүр. Мысалы, биылғы тамызда әлемдегі ірі Binance криптобиржасы Қазақстанда цифрлық активтер платформасын басқаруға, АХҚО-да кастодиандық қызметтер көрсетуге АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінен (AFSA-дан) мақұлдау алғаны мәлім.

"Binance өзінің бай тәжірибесі, технологиялары және мүмкіндіктері арқасында Қазақстанда цифрлық активтер нарығын дамытуға ықпал етеді және елімізді өңірдің криптохабы ретінде бекітуге үлкен серпін береді", – деп мәлімдеді АХҚО.

Яғни, Қазақстан Орталық Азияда криптовалютаны қабылдау мен реттеудегі алғашқы қадамын жасауға талаптануда. Одан не шығатыны әзірге белгісіз.

Қазақстанның криптохабқа айналатынын 2022 жылғы 29 маусымда сол кездегі Цифрлық даму министрінің бірінші орынбасары Жаслан Мәдиев мәлімдеген еді.

"Қазір министрлік Мәжіліс депутаттарының бастамашылығымен әзірленген "Цифрлық активтер туралы" заң жобасымен жұмыс істеп жатыр. Бұл заң жобасы пилоттық жобаның барлық артықшылықтары мен кемшіліктерін ескеріп, цифрлық экожүйені кешенді дамыту үшін оны қолайлы реттеуге жағдай жасамақ. Біздің елде осы бағыттағы адами капитал өте қарқынды дамып келеді. Біз сонымен қатар блокчейн технологияларды белсенді түрде тартудамыз. Қазір мемлекеттік қызмет көрсету саласына блокчейнді енгізіп жатырмыз", – деді Жаслан Мәдиев.

Биылғы қаңтарда ғана Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары лауазымынан Бағдат Мусиннің бірінші орынбасары креслосына ауысып келген Жаслан осы мәлімдемеден соң, ізінше Үкімет қаулысымен қызметінен босатылды. Мадиев Binance Kazakhstan компаниясының басшылығына ауыса қойды.

Криптохаб идеясынан ақырында не шығары әзірге белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу