Қаржылық астананың бюджеттік процестерінде ашықтық жоқ

4408

Алматы бюджетінің ашықтық индексі артып келеді, алайда Қазақстан өңірлері арасында ақпаратты ашып көрсету деңгейінің төмендегі әлі күнге дейін байқалып отыр.  

Қаржылық астананың бюджеттік процестерінде ашықтық жоқ Фото: Максим Золотухин

Алматының билігі қоғамды өзінің қаржылық қызметі мен бюджеті туралы айтарлықтай ақпараттандырып отырған жоқ. 2017 жылы "Сорос-Қазақстан" қорының қаржылық қолдауымен Қазақстанның ұлттық бюджеттік желісіне ұйымдастырылған жергілікті бюджеттердің ашықтық индексі (ЖБАИ) зерттеуінің қорытындысы осыны көрсетті.

Биыл Алматының ЖБАИ көрсеткіші мүмкін деген 100 балдың 32 балын құрады. Бұл – қала деңгейіндегі бюджеттік процестердің жеткілікті түрде ашық емес екендігінің айғағы. Зерттеу шеңберінде Алматының көрсеткіші ашықтықтың "минимальды" деңгейін көрсетті. Салыстыру үшін 14 өңір мен республикалық маңыздағы екі қаланың ЖБАИ-дың орташа көрсеткішін мысалға келтіруге болады. Өңірлер мен қалалардың орташа көрсеткіші 40 балды құрады.

Атап өтерлігі, биылғы нәтиже өткен жылғы өлшемдермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Еске сала кетейік, 2015 жылы Алматының ЖБАИ көрсеткіші небары 22 балды құраған болатын. Осылайша қала бюджеттің ашықтық деңгейі бойынша өңірлер арасында соңғы орындардың біріне жайғасқан еді. Алайда биыл ашықтықтың өсуі Қазақстан өңірлері бөлігіндегі қала бюджетінің мөлдірлік деңгейіне екі есе нашар әсер етті. Қала небары үш сатыға жоғарылап, 12-орынды қанағат тұтты.

Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Шибұтовтың айтуынша, 2017 жылдың тамыз айына дейін оңтүстік астана бюджетінің ашықтық индексі 2015 жылғы деңгейден де төмен болған. ЖБАИ көрсеткішін жақсартуға бағытталған негізгі жұмыстар аралық сынақтан кейін қолға алынған.

Негізі оң динамика бар. Біз индексті екі ай ішінде 10 балға көтердік. Бір жылдан соң оны 50-60 балға жеткізуге тырысамыз", – деді Марат Шибұтов.

Алматы бюджетінің ашықтығы бюджет жобасын жоспарлау және әзірлеу процесінің ашықтығы, бюджеттің орындалуы, сондай-ақ бюджеттің орындалуы туралы жылдық есептің қолжетімділігі мен ашықтығы секілді параметрлер бойынша анықталды.

Мегаполистің мемлекеттік қаржысының ашықтығына мониторинг жүргізген "Құқықтық және экономикалық реформаларды қолдау орталығы"  қоғамдық бірлестігінің директоры Әсел Қырықбаеваның айтуынша, 2015 жылмен салыстырғанда "бюджеттік құжаттардың толықтығы мен ашықтығы" параметрі жақсарған.

"Бұл жергілікті органдардың бюджеттік ақпараттарды ашық орналастыруға дайын екендігін көрсетеді. Алайда толық көлемде емес. Бұл –  "орташадан төмен" деңгей", – деді сарапшы.

Сарапшының сөзінше, Алматының ЖБАИ-дағы ең нашар тұсы – қалалық мәслихат ашықтығының төмендігі. "Құқықтық және экономикалық реформаларды қолдау орталығы" қоғамдық бірлестігі оны мүмкін деген 100 балдың сегізімен бағалап отыр.

"Мәслихат өзінің хаттамаларын орналастырмайды. Тіпті ешқандай бюджеттік ақпарат жарияланбайды деуге де болады. Бюджеттің орындалуы туралы есептер, бюджет жобалар да қолжетімді емес. Дәл қазіргі уақытта мәслихатта бюджет жобасын талқылау жүріп жатыр. Жақын арада ол қабылданады. Алайда қандай бюджет жоспарланғаны туралы ақпарат сайттарда жоқ. Газеттерде қысқа хабарлар ғана берілген. Бұл халықтың сенімсіздігін тудырады. Тұрғындар мәслихат органдары мүлдем жұмыс жүргізбейді деп ойлауы да әбден мүмкін", – деді Әсел Қырықбаева.

Сондай-ақ тұрғындар мен республикалық БАҚ-тардың да қаланың бюджеттік процестеріне аса қызығушылық танытпайтындығын атап өткен жөн. Марат Шибұтовтың сөзінше, бұл – бюджет ашықтығы деңгейінің төмендігінің негізгі себептерінің бірі.

"Бюджетті талқылайтын жиындарға 20-30 бұқаралық ақпарат құралын шақырамыз. Алайда ешқайсысы келмейді. Алматыда екі миллион адам тұратындығына және бюджет көлемі 456,7 млрд теңгені құрайтындығына қарамастан, оларды бұл жайт аса қызықтырмайды. БАҚ-тың да бюджет туралы жазғысы жоқ. Тек қалалық баспасөз ғана қалам тартады. Бірақ олардың аудиториясы аса үлкен емес. Тұрғындар бюджет деген, яғни қызықсыз боп көрінетін кестелер олардың ауласына салынатын ойын алаңы, жақсы жолдар, қаланың абаттандырылуы екенін жете түсінуі керек. Ал оны түсінбейінше, бюджет ашықтығының деңгейі төмен болып қала бермек", – дейді сарапшы.

Зерттеу аясында мемлекеттік басқарудағы жергілікті органдар қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсынымдар дайындалды. Әсел Қырықбаеваның сөзінше, аталған ұсынымдар жергілікті атқарушы органдарға таныстырылмақ. 

Жергілікті бюджеттердің ашықтық индексі – аймақтық деңгейде бюджеттік процестердің ашықтығын анықтауға мүмкіндік беретін зерттеу. Сондай-ақ бұл арқылы бюджеттерді өзара салыстыруға да болады. Зерттеу аталған процеске тұрғындардың көптеп қатысуы тұрғысынан жергілікті билікті ынталандыруға тиіс.

ЖБАИ бюджеттік ақпараттардың жалпы қолжетімділік деңгейін, бюджеттік процестерге қоғамның қатысу тәжірибесін, жергілікті биліктің бюджет туралы ақпараттарды таратудағы қызметін, сондай-ақ БАҚ-тардың жергілікті биліктің қаржылық шешімдері мен ағымдағы трендтерді насихаттаудағы белсенділігін көрсетеді.

Мұндай индекс құру идеясы "Халықаралық бюджеттік серіктестік" халықаралық ұйымына тиесілі. Аталған ұйым 2006 жылдан бастап ЖБАИ-ды бағалау және арнайы әдіснамасын әзірледі. Қазақстан өңірлері бюджеттерінің ашықтығын зерттеу 2011 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Мұндай зерттеу екі жылда бір рет өткізіледі. 2011 жылы Алматы ашықтық деңгейі бойынша Қазақстан өңірлері арасында жалпы 57 балл жинап, бесінші орынды иеленді. 2013 жылы аталған көрсеткіш 29 балға дейін құлдырап, мегаполис 12-орынға бір-ақ сырғыды.

Алматы – Қазақстанның қаржылық астанасы және еліміздегі ірі қала. Шаһар аумағында банктер мен сақтандыру компанияларының, сондай-ақ Ұлттық банктің, жалпы еліміздегі көптеген қаржы ұйымдарының бас кеңселері шоғырланған.

2017 жылдың қаңтар-қазан айларында еліміздің мемлекеттік бюджетіне 5,45 трлн теңге кіріс түсті. ҚР мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, аталған соманың әрбір төртінші теңгесі (1,37 трлн теңге) Алматыға тиесілі екен.

Қалада жиналатын салықтардың тек бестен бірі ғана жергілікті деңгейде қалады. Ал қалғаны республикалық бюджетке аударылады. Бюджеттік процесс дәл осылай құрылған. Бұдан бөлек, орталық қала қазынасына түскен кірістердің тағы бір бөлігін алатынын еске сала кеткен абзал.  

Мегаполис республикалық бюджеттің ең ірі доноры болып табылады. Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жергілікті деңгейден түсетін қаржыдан алынатын көлем 72,7 млрд теңгені құрады. Аталған аралықтағы қаланың кірістілік бөлігі (трансферттерді есепке алмағанда) – 331,9 млрд теңге. 

Еркебұлан Қыздарбек, Элина Гринштейн

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу