Қаржылық сауаттылықты арттыруды шұғыл қолға алу керек – сарапшы

Алайда банктер де, үкімет те бұған бас қатырғысы келмейді. 

Қаржылық сауаттылықты арттыруды шұғыл қолға алу керек – сарапшы

Елімізде 2020 жылдың 1 наурызы мен 2021 жылдың 1 наурызы аралығында 287 қаржы пирамидасы тіркеліп, қазақстандықтар 8,5 млрд теңгесінен айырылған. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Kazantsev Group бас директоры Дмитрий Казанцев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

"Қазақстандықтардың мұндай көлемдегі қаражаттан айырылуына басты себеп – қаржылық сауаттылықтың төмендігі, халық  сыйақы пайызына сеніп, жарнамаға алданады. Астарына үңілмей, қаражатынан айырылуда", – дейді сарапшы.

Халық депозиттен басқа құралдарды білмейді. Оның айтуынша қаржылық сауаттылықты арттырып, көпшілікке ақшаны дұрыс сақтап, жинауды және көбейтуді үйрету керек. Алайда оны ешкім қолға алғысы келмейді. Банктер де, үкімет те үнсіз, деген маман бұған жіті көңіл бөлу керек деп отыр. 

"1,5 жыл бұрын мен Дариға Назарбаевамен кездесіп, қаржылық сауат туралы айтқан едім. Ол кезде Сенат төрағасы бұл пікірді қолдаған. Алайда 1,5 жылда бұл бағытта еш өзгеріс көрмедік. Бірен-саран депутаттың қаржы пирамидасын жарнамалаған блогерлерді жазалау туралы айтқаны болмаса мұны мәселе ретінде көтерген ешкім жоқ. Блогерлер қаржы пирамидасын, алаяқтық жолдарын жарнамалайтыны рас. Алайда олардың өздері өзі жарнамалап отырған өнімнің не екенін білмейді. Менің депутаттарға айтқым келетіні халықтың қаржылық сауатын арттыру керек", – дейді Дмитрий Казанцев. 

Маманның пікірінше халыққа әсіресе акциялар мен облигциялар туралы көбірек айту керек. 

"Банктер көп жағдайда несие мен депозиттен артық ештеңе жарнамалағысы келмейді. Ал адамдардың өздері басқа өнімдердің тәуекелі жоғары деп ойлайды. Алайда кез-келген қаржы өнімінің тәуекелі бар. Оны дұрыс түсіндіру керек. Ең қарапайымы адамдар пайыз калькуляторын білмейді. Мұны жасөспірім кезден бастап үйрету керек. Қазақстандықтарда "қауіпсіздік жастығы"деген түсінік жоқ. Әйтсе де елімізде қаржылық сауаттылыққа сұраныс артты, дәл қазір өзекті болып тұр. Егер біз гүлденген Қазақстанды көргіміз келсе, онда осы мәселеге көңіл бөлуіміз керек. Бұған әсіресе БАҚ назар аударса, қаржылық ағартуға арналған ақпаратты көбірек беру маңызды. Сондықтан қоғам болып жұмылуымыз керек", – дейді сарапшы. 

Дмитрий Казанцев соңғы күндері Алматыда жүк көлігінің үстіне жүрген бұқаға қатысты да ақпарат берді. Оның айтуынша бұл әйгілі Нью-Йорктағы "сүзеген бұқаның" көшірмесі. 

1987 жылы АҚШ-тағы Қор биржасының құлдырауынан кейін Артур Ди Мадика сүзеген бұқаны 3 айда жасап, орналастырған. Бұдан кейін қор биржасының жұмысы жанданып, бұқа қаржы саласының әрі қаланың символына айналған. Казанцевтің айтуынша мұндай мүсінді Алматыға қою қаржы саласына, әсіресе қаржылық сауаттылыққа серпіліс береді. Алматылық "сүзеген бұға" 30 маусым күнгі түнде Көктөбеге орнатылмақ. Оны 1 шілдеден бастап алматылықтар мен қала қонақтары тамашалай алады. 

Құралай Құдайберген 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу