Қашағанға құрық салынғанымен, тұсау салынбайды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4144

Еліміздің мұнай өңдеу зауыттарын жыл сайын жөндеуге жабуға тосқауыл қойылады.

Қашағанға құрық салынғанымен, тұсау салынбайды

Ғалымдардың, сарапшылардың, экономистердің, тіпті қатардағы көлік жүргізушілер мен қарапайым халықтың он жылдан бері айтып келе жатқаны үкіметтегілердің құлағына қазір жетті: ел үкіметі еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының жыл сайын жөндеу жұмыстарына жабылып қалуына тыйым салмақ.

Бүгін "ел президентінің биылғы жолдауының 2017 жылдың алғашқы 4 айында іске асырылу барысы туралы" тақырыбында баспасөз конференцияларының сериясы басталды. Бірінші серияда үкімет үйінде "халықтың көзі, құлағы һәм аузы" – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, энергетика министрі Қанат Бозымбаев, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов шығып, сөз сөйледі.

Журналистерді бәрінен бұрын бас энергетиктің не айтатыны қызықтырды. Ол да елдің көңілін қалдырмай, биылғы жылғы төрт айда жинақталып қалған бар қызығын жайып салуға тырысты.

Алғашқы жаңалығы сол, Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытын реконструкциялау жобасы қазір аяқталу сатысына шығыпты: ұзаққа созылып кеткен қайта құру "Павлодар мұнай-химия зауыты мен Атырау мұнай өңдеу зауытында биылғы жылы, ал Шымкент МӨЗ-інде 2018 жылдың ортасында түпілікті түрде тәмамдалады" деп уәде етті министр.

Айтқандай, осы уәдесін лайықты орындау және жұртшылық алдында ұятты болмау үшін министрдің өзі алда мұнай өңдеу зауыттарына сапарлауды жоспарлап отыр екен.

Тағы бір айтқан жаңалығы: министрлік мұнай өңдеу өндірісі ары қарай артуы үшін бірден үш бастаманы пысықтап жатқан көрінеді.

"Біріншісі МӨЗ-дерді "ұлғайтылған жөндеуаралық мерзімге" көшіруді қарастырады. Бұл мерзім кем дегенде үш жыл болады. Яғни, МӨЗ-дер бұрынғыдай жыл сайын емес, үш жылда бір рет жөндеуге тұратын болады. Бұл жөндеуге кететін шығыстарды қазіргіден 10 пайызға дейін қысқартады. Сонымен бірге ол мұнай өңдеу көлемін әрбір МӨЗ бойынша жыл сайын 300 мың тоннаға, тиісінше, үшеуі бойынша миллионға жуық тоннаға арттырады", – деді Қанат Бозымбаев.

Екінші бастама – 2020 жылға дейін МӨЗ-дердің энергиялық тиімділігін арттыру болады. Осының арқасында отын-энергетикалық ресурстарды жалпы тұтынуды 5-10 пайызға төмендету бойынша жиынтықты тиімділікке қол жеткізіледі.

Үшінші бастама – мұнайды ішкі нарыққа жеткізу үшін экономикалық рентабельді шарттар туғызу.

"Бұған қоса, біз "мұнай-газ-химия" жобасы бойынша өз алдымызға міндет қойдық. Бұл жоба терең өңделген мұнай-газ-химия өнімдерінің өндірісін 2016 жылғы 23 миллиард теңгеден 420 миллиард теңгеге дейін ұлғайтуға, шамамен 9 миллиард доллар инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Бұл полипропилен (қуаттылығы жылына 500 мың тонна), полиэтилен (қуаттылығы 800 мың тонна) және полиэтилфтолат (430 мың тонна) шығару өндірісін іске қосу жолымен жүзеге асырылады" деді энергетика министрі.

Тағы бір елеулі жаңалық ОПЕК-ке қатысты. Ірі мұнай өндірушілердің бұл жаһандық ұйымы үш есеге құлдыраған "қара алтын" құнын қайта көтеру үшін күресуде. Бұл реттегі ең бір пәрменді құрал – әлемдік нарықтағы шикізат ұсынысын төмендету болып табылады. Сондықтан ОПЕК-ке мүше және оған кірмейтін мұнай өндірушілер өткен жылы мұнай өндірісінің көлемін арттырмауға, мүмкіндік болса, керісінше, төмендетуге уағдаласқан. Бұл уағдаластық мерзімі биылғы жыл ортасында түгесіледі. Қазақстан бір жағынан, "қара алтын" бағасының сәл де болса, қымбаттауына әкелуі ықтимал ОПЕК бастамасын қуана қуаттайды, бірақ екінші жағынан, қазіргі дағдарысты шақта бюджеттің басты бір тірегі болып табылатын салада өндіріс көлемін азайтып, экономикалық көрсеткіштердің құлдырауына да жол бере алмайды. Оның үстіне ұзақ жыр арман мен жыр болған "жаһандық супергигант" – Қашаған кен орны биыл өндіріс биігін бағындыруға бет алады.

Министр Қанат Бозымбаев 2017 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстанның 28 млн 210 мын тонна мұнай өндіргенін мәлім етті. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, шамамен 107,5%-ға жоғары. Оның 4 млн 540 мың тоннасы өңделді, яғни бұл көрсеткіш те 107,3%-ға өсті. Еліміз жыл басынан бері 23 млн 90 мың тонна мұнай экспорттады, бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 108,6%-ға көп.

Осының бәрін көріп отырып, ОПЕК-тегілер ренішін жасыра алмаған. Сәуір айында Халықаралық энергетикалық агенттік өз есебінде Қазақстанның мұнай өндірісін тәулігіне 20 мың бөшкеге дейін қысқарту бойынша міндеттемесін бұзғанын мәлімдеді. Бұл ұйым дерегіне сенсек, еліміз қазан айынан бері өндірісті керісінше, 80 мың баррельге арттырған-мыс.

Бүгін бұл мәлімдемеге республиканың бас энергетигі келіспеушілік білдірді.

"Біздің міндеттемеміз тәулігіне 1,7 миллион баррель өндіру және оны 20 мың баррельге төмендету болған. Біз биылғы қаңтар айында бұл міндеттемемізді асыра орындадық: 37 мың баррельге төмендеттік. Ақпан айында біршама артық өндірдік және 1,7 миллионнан шамалы асырдық. Наурызда да солай болды. Сәуір көрсеткіштерін біз әр кен орны бойынша әзірге есептеп жатырмыз. Дегенмен, оның қорытындысында өз міндеттемемізді орындауға жақын боламыз деп тұспалдап отырмыз. Ағымдағы мамыр және алдағы маусым айларында мұнай өндірісі біраз төмендейді деп күтілуде. Бұған ауа райы жағдайлары, жөндеу жұмыстары ықпал етеді. Бұл жалпы алғанда, жарты жыл қорытындысы бойынша ОПЕК-пен келісімімізді орындауға мүмкіндік береді", – деді Қанат Бозымбаев.

Сонымен қатар енді ОПЕК мүшелері қазақ елінен осы жылдың жартысымен шектелмей, бұл төмендетуді ары қарай ұзартуға қолқа салып жатыр екен. Қазақстанға бұл тиімсіз екен, соған қарамастан ресми Астана үзілді-кесілді қарсылық білдірмей, екі елдің қадамына қарайлайтын болады.

"ОПЕК аясындағы мұнай өндірісін арттырмау туралы келісім мерзімін ары қарай ұзарту мәселесіне келсек, бұл жерде Сауд Арабиясы мен Ресей Федерациясының осы келісімді ұзартуға келісуі өте үлкен маңызға ие. Өйткені мысал үшін айталық, Қазақстан тәулігіне небары 1,7 миллион баррель өндірсе, осы екі елдің тәуліктік мөлшері 11 миллион баррельден асады", – деді энергетика министрі.

Оның айтуынша, өткен аптада Сауд Арабиясының энергетика министрі Халид әл-Фалихтың Қазақстанға келген және үкімет басшысымен кездесу кезінде Қазақстанның өндіріс көлемін арттырмау мерзімін ұзарту туралы уағдаластыққа кем дегенде 6 айға қосылуын сұрапты. Әйтпесе, қазір 9 айға дейін, яғни жыл аяқталғанша және келер жылдың бірінші тоқсанына дейін ұзарту талқыланып жатқан көрінеді.

"Біз басқа мұнай өндіруші елдермен бір "тренд" толқынында болуды қалаймыз. Біз үшін де мұнай бағасының әр бөшкесі үшін 50 толлардан төмен түспеуі маңызды. Себебі, бюджетіміз Brent маркалы мұнайдың әр баррелі үшін құны 50 доллар болады деген болжамға негізделіп, қабылданған. Сондықтан біз аталған келісімді ұзарту мүмкіндігі бойынша келіссөздер жүргізе береміз. Алайда техникалық тұрғыдан алғанда біз үшін сол деңгейде қалып қою өте қиын болады" – деп нықтады министр Қанат Бозымбаев.

Егер Қазақстан осы сала өндірісінің көлемін арттырмауға бармағын басса, құрықталған "Қашағанның" адымын аштырмай, аяғын тұсау салуына тура келеді. 

Өткен жылы іске қосылған Қашаған кен орны тек биылғы жылы ғана өндірістің жоғарғы қарқынына шығады. Бұл – соңғы елу жылда бүкіл әлем бойынша ашылған ең бір ірі мұнай кен орны. Қазір онда тәулігіне тек 140-150 мың баррель ғана шығарылады. Біздің ойымызша, биылғы жылдың екінші жартысында Қашағанда тәулігіне кем дегенде 200 мың баррель мұнай өндіріле бастайды. Ал жыл соңында бұл көрсеткіш 300 мың баррельге дейін жетуі ықтимал, деді ол.

Министр ұзақ жылдардан бері мұнайы сорылып жатқан "көнерген" кен орындары есебінен мұнай өндірісі көлемін кемітуге болатынын алға тартты, ол Ақтөбе және Қызылорда облыстарында осындай "егде жастағы" (зрелый) кен орындарда өндіріс кемитінін ауызға алды.

"Оларда тәуліктік өндіріс көлемі жалпы алғанда, шамамен 30 мың баррелге азаяды. Бұл азаюға әртүрлі себептер ықпал етуде". Бұл демек, осы өңірлерде мұнай өндірісінен нәпақасын тауып отырғандардың сол табысынан айырылып қалуы, жұмысшылардың қысқаруы мүмкіндігін білдірсе керек.  

Ал Қашаған бойынша мұндай қысқартуларға бара алмайтындарын үкімет өкілі ашық білдірді.

"Қашаған бойынша біздің шетелдік инвесторлар алдында "өнім бөлісу бойынша келісім" аясындағы міндеттемелеріміз бар. Оның сыртында Қазақстан "ҚазМұнайГаз" арқылы бұл кен орнына орасан зор көлемде қаржы салды. Ендеше оның өндірісіне қандай да бір кедергілер жасау заң тұрғысынан да қате болады әрі физикалық тұрғыдан да бұл мүмкін емес. Әрине ОПЕК-пен келісімді талқылауды жалғастырамыз, бірақ оның аясынан Қашаған тыс шығарылады. Сонда қалған кен орындары бойынша қандай да бір сандар туралы ойласуға болады", – деп түйді энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу