Өткен жылы отандық кәсіпорынға тізе батырғысы келген, тіпті оны заң жүзінде дәйектеген шетелдік компаниямен дауға қарап, осылай деуге мәжбүрміз.
Сонымен мәселенің мәнін әріден байыптасақ, 2014 жылы "Қазполиметалл" тау-кен және металлургия комбинаты түрік фирмасынан қымбат құрылыс техникасының 4 данасын сатып алған. Өкінішке қарай, құрал-жабдықтың ақысын төлеу кешіктіріліп, қарызы 460 мың АҚШ долларынан асып кеткен. Төлем мерзімі бұзылғаннан кейін сатушы жақ барлық техниканы қайтарып, берешекті өндіріп алу талабымен сотқа жүгінген. Бұл дегеніңіз, 820 мыңнан астам АҚШ доллары.
Бірінші сатыдағы сот арызды жартылай қанағаттандырып, соңғы төртінші техникаға қатысты қарыз бен өсім, мемлекеттік баж салығын өндіру үкім етілген. Бірақ апелляциялық сот, бұдан бөлек машинаның өзін де қайтару керектігін ұйғарған.
"Салдарынан сот шешімімен кәсіпорыннан тек сатып алынған тауарды ғана емес, түгелімен құнын даулап алғаны жайлы теңдесі жоқ дерек қалыптасты. Жоғарғы сот істі қараудан бас тартып, "Қазполиметалл" ЖШС мүлкін қорғау өтінішімен бас прокуратура мен бизнес-омбудсменге жүгінуге мәжбүр болды. Бизнес-омбудсмен дербес ұстанымын бас прокуратураға жеткізіп, оның наразылығын жоғарғы сот қабыл алып, нәтижесінде 460 мың АҚШ доллары отандық кәсіпкерлік субъектісінде қалды", – дейді "Атамекен" палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко. Осылайша жарты млн долларға жуық көк қағаз шекара аспады.
Евгений Минаков жетекшілік ететін жалған кәсіпорын контрагенттерінің өтінішіне бас прокурор наразылық танытты.
"Біз бірнеше рет Қылмыстық кодекстен "Жалған кәсіпкерлік" бабын алып тастауды ұсындық. Себебі бұдан жалған кәсіпкер деп нұсқалған компанияның контрагенттері болып жұмыс істеген адал кәсіпкерлер зардап шегіп жатыр. Бас прокурор бұл бастамамызды қолдап, бүгінде 4 кассациялық қарсылық енгізді. Ең атышулысы, қызметіне жауапты бизнесмендерге 14,5 млрд теңгеден астам қаржы төлеу қажеттілігі жайлы салықтық ескертпелер келген Евгений Минаков ісі екені аян. Ал тиісті кәсіпкерлік субъектілері ел қазынасы алдындағы міндеттемелерін толық орындаған", – деп әңгімелейді "Атамекен" КҰП кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры.
Сарапшылардың айтуынша, кезінде қатерге іліккен бизнес иелері қазір қыруар қаржыны төлеуден босатылды.