Кәсіпкерлер ЕАЭО ұсынысына қарсы

7513

Цифрлық таңбалау салдарынан тауарлар қымбаттауы мүмкін. 

Кәсіпкерлер ЕАЭО ұсынысына қарсы

Еуразиялық экономикалық одақтың ұсынысымен 2018 жылдың 2 ақпанында сәйкестендіру құралы арқылы тауарларды таңбалау туралы келісімге қол қойылған еді. Ал 2019 жылдың 29 наурызында келісім күшіне енді. Алайда Қазақстан кәсіпкерлері тауарларды таңбалауға дайын емес.

Бизнес өкілдерінің пікірінше, тауарларды жаңаша таңбалау өндіріс өнімділігін төмендетіп, бағаның өсуіне және әлеуметтік шиеленістің артуына әкеледі.

Кәсіпкер, "Қазақстанның сүт одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Дінмұхамет Айсауытов ЕАЭО аясында тауарларды таңбалау жайында пікірін білдіріп, келісімнің пайдасы мен артықшылығына тоқталды.

"Тауарларды таңбалаудағы негізгі мақсаттардың бірі – нарықты жасанды, заңсыз тауарлардың енуінен қорғау. Дегенмен, Қазақстанда азық-түлік өнімдерінің саудасы толықтай дерлік ашық жүргізіледі. Сол себепті, азық-түлік өнімдерін таңбалауды басы артық нәрсе деп есептейміз. Өйткені Қазақстанда электронды шот-фактуралар, ілеспе жүкқұжаттар тәрізді өнімдерді бақылау тетіктері бар. Яғни, азық-түлік өнімдерін цифрлық таңбалау мәселені шешпейді, керісінше, тауарлардың қымбаттауына әкеп соғады. Біздің ойымызша, цифрлық таңбалау ерікті болуға тиіс. Өндіріс иесі таңбалағысы келсе таңбаласын. Оны барлығына бірдей міндеттеу қажет емес. Цифрлық таңбалаудың көп мәселені шешетініне дәлел жоқ. Ал тауардың бағасы қымбаттап, тұтынушының қалтасы қағылады", – деді сүт одағының өкілі.

Дінмұхамет Айсауытовтың есебінше, сүт өнімін өндіретін кәсіпорын үшін жаңа цифрлық таңбалау құрылғысын орнату шамамен 780 млн теңгеге түседі.

"Бүгінгі күні таңбалау құрылғысын орнатудың нақты бағасын айту қиын. Цифрлық кодтар тегін емес. Оларды сатып алу керек болады. Ресейде бір кодтың бағасы қосымша құн салығын есептемегенде, 50 копейка тұрады. Қазақстандағы баға әлі белгісіз. Шамамен айтар болсам, сағатына 6 мың қорап өнім шығаратын желіде екі ауысыммен бір жыл бойы жұмыс істесе, құрылғы мен шығындардың құны 780 млн теңгені құрайды. Бұл сома тек бір өндіріс желісі үшін ғана. Өте қымбат. Шағын өндірушінің бұған шамасы жетпейді", – деді.

Үкімет электронды таңбалаудың Қазақстандағы бірыңғай операторы етіп "Қазақтелеком" АҚ-ны  белгіледі.

"Қазақтелеком" АҚ барлық ақпаратты жинап отырады. "Ақпарат кімнің қолында болса, әлемді сол билейді" деген сөз бар. Ол ақпарат қалай қорғалады? Ресейде 2024 жылға дейін барлық тауарларды цифрлық таңбалау жүйесі енгізілмек. Біз де сол жолмен жүрсек, тауар туралы, өндіруші жайлы коммерциялық құпия ақпаратты беруімізге тура келеді. Бұл – ұлттық қауіпсіздігіміздің мәселесі. "Қазақтелеком" ақпаратты қалай пайдаланатынын білмейміз", – деп көңіліндегі күдігін жеткізді кәсіпкер.

Еліміздің бизнес қоғамдастығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тауарларды таңбалауды енгізу мәселесіне қатысты үндеу жолдамақ.  Онда  цифрлық таңбалау алға қойылған мәселені шешпейтіні, тауарлардың қымбаттайтыны және ақпараттық қауіпсіздік туралы бүкпесіз айтылмақ.

Еске сала кетсек, бүгінгі күні былғарыдан жасалған бұйымдарды таңбалау міндетті. Ал темекі, аяқ киім, фармацевтика өнімдерін цифрлық таңбалау пилоттық режимде енгізіліп жатыр.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу