Кәсіпкерлер Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың отставкасын талап етіп отыр

2461

Бизнес үшін "таңбалау" деп аталатын талап тағдыршешті мәселеге айналып тұр. 

Кәсіпкерлер Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың отставкасын талап етіп отыр

"Халық үніне құлақ аспайтын мемлекет" бізді тыңдаудан қалды" деген кәсіпкерлер бүгін жиын өткізіп, бірі шағымын айтса, екіншісі мәлімдеме жасап, жан айқайын білдіріп жатыр. Олардың айтуынша, онсыз да тұралап тұрған шағын және орта бизнес саласын таңбалау талабы "өлтіріп тынуы мүмкін", деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Бұйрық шығарғанда Кәсіпкерлік кодексі есепке алынбайды

Жиында сөз бастаған республикалық бастамашыл кәсіпкерлер тобының мүшесі Еділ Қазақбаев темекіні таңбалауға қатысты құзырлы органдарға қаншама хат жолдағанын айтады. Әйтсе де бұл арыз-шағымға ешкім тыңдамаған көрінеді. Кәсіпкер өз әріптестері атынан Қаржы министрлігіне де, Сауда және интеграция министрлігіне де жүгінгенімен, олар сүйейсалды жауап беріпті.

"Темекіні таңбалауға қатысты қолымызда фискалды мәліметті бере алатын кассалық аппаратымыз бар. Енді біз ЕАЭО тауарларды таңбалау және бақылауына (ТТБ) – темекі өнімдерін таңбалау жүйесіне қосылуымыз керек. Біз әлі күнге дейін ол жерде нені бақылау керектігін түсінбей жүрміз. Неліктен бұл жүйе электронды шот-фактуралардың ақпараттық жүйесін қайталап тұр. Біз бұл тауарды шынын айтқанда жеке тұлғаларға ғана сатамыз. Ешқайда шығармаймыз. Осы шағымдарымыздың бәрін Қаржы министрлігіне де, Сауда және интеграция министрлігі де еститін емес. Керісінше, олар осы жүйені оқып білуге кеңес береді. Бізге "батырманы бассаңыз болды – мәселеңіз шешіледі" деп сендіргісі келеді. Бірақ біз кәсіпте жаңадан жүрген адамдар емеспіз ғой. Таңбалаудың ақыры неге апарып соғатынын өте жақсы түсініп отырмыз. Осы таңбалау артынша бізді қосымша шығындарға апарып соғады. Бізге осы жүйені үйрену үшін есепшілерді, ІТ-мамандарды жалдауға тура келеді. Ал таңбалау бойынша бұл жүйелері шынын айтқанда өте шикі", – дейді ол.

Кәсіпкер биліктегілер бір бұйрықты шығарған кезде Кәсіпкерлер кодексін есепке алмайтынына таң қалады. Кәсіпкерлер кодексінің 24- бабында шағын, орта және ірі кәсіпкерлер дегендердің кім екені тайға таңба басқандай жазылған. Ал айналып келгенде бұйрықтардың осы заңға қатысы жоқ болып шығады. Ал Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың көптігі соншалық тіпті тәжірибелі бухгалтердің өзі ол құжаттарды түсінбей қалатын көрінеді.

Әріптесінің пікірін Қазақстан майлары одағының президенті Константин Невзоров та қолдады. Ол одақ атынан Мемлекет басшысына шағым жолданғанын мәлім етті. Жалпы Президент 19 мамырда өткен Еуразиялық экономикалық одақтың отырысында таңбалауға қатысты өзінің нақты ұстанымын білдіргенін де еске салды. Яғни ол кісі шығын шығаратын шаруалардың бәрін ойлы шешім деп есептеуге болмайтынын мәлімдеген.

"Ал бірақ бүгінгі күні қандай жағдай қалыптасты? Осыған дейін таңбалауға жататын тауарлардың тізімі тек ұлғая берді. Пилотты жобалар экономикалық тиімділікті мүлде есепке алмай бастала береді. Сондай-ақ, таңбалау үшін төленетін міндетті төлемдер айналып келгенде біздің қалтамызға қосымша салық ретінде салмақ болып түседі. Мұның зардабын айналып келгенде тұтынушы тартатынын ұғыну керек. Салық бюджетке түсуге тиіс. Ал таңбалаудан түсетін қаражат жеке компанияға түсіп жатыр. Тиісінше, аталған мәселе жоғары деңгейде талқылануы керек", – дейді ол.

Константин Невзоров таңбалауға қатысты тың жүйе қазіргі есепті толығымен қайталап тұрғанын қостады. Ол жүйенің орнына есептеудің қорытынды құралы жобасы секілді отандық жобаларды қолдау керектігін айтады. Өркениетті елдердің бәріндей, таңбалаудың ерікті тәртібін жолға қою керек. Таңбалаудың қажеттілігі өндірістен бастап сатылуға дейінгі аралықта бағалануы тиіс.

"Жалпы біздің одақ пилотты жобалар өткізілетін тауарлардың тізімін ұлғайтуға қарсы. Тиісінше, қазіргі пилоттық жобалардың керек пе, жоқ па деген сұрақ та қойылуы керек. Таңбалауды тікелей енгізу талабы орташа есеппен өндірістік желіні 10 есе баяулатады", – деп кесті кәсіпкер.

"Бағаның өскеніне бізді неге кінәлай береді?"

Қазақстан ет одағының бас директоры Мақсұт Бақтыбаев болса қазіргі жағдайда бизнес тарапынан шағымның көбейіп бара жатқанын растады. Утилизациялық алымды, қосымша таңбалауды алып тастауға қатысты арыз көп.

 "Байқағанымыздай "Халық үніне құлақ аспайтын мемлекет" бізді естігенімен, тыңдамай тұр. Ал дәл осындай жағдайда азық-түліктің бағасы қымбаттап шыға келсе, антимонополиялық комитет бірден тексеруді бастап, бағаларды шектей бастайды. Біз жалпы азық-түлік бағасы ұстап тұруда нақты шешімдер бар деп есептейміз. Нарықтың заңына сәйкес, ешқандай шектеусіз-ақ оған жетуге болады. Алайда ол үшін билік бизнеспен диалогқа келуі тиіс. Азық-түлік бағасын қалай ұстап тұруға болатынын бизнестен артық ешкім білмейді. Осыған байланысты кәсіпкерлердің түрлі одақтарының шағымын қолдаймыз. Бізді бағаның өскеніне кінәлай бермей, мәселеге кешенді түрде қараса деп ойлаймыз. Техника да, дизельдік отын да қымбаттап бара жатса, біз қайда барамыз? Мәселе өте көп. Сұрақтар қордаланып қалды", – деп атап өтті Мақсұт Бақтыбаев.

Жиында Қазақстан алкогольсіз сусындарды, шырындарды өндіру қауымдастығының директоры Әлия Мамытбаева да  ойын ортаға салды. Оның айтуынша, акциздерге қатысты мәселелер айтыла-айтыла жауыр болған.

"Қазір біздің елде алкогольсіз сусындардың нарығында есепсіз мақұлдау жүріп жатыр деп есептеймін. Себебі акциздермен бірге таңбалау да енгізіліп жатыр. Бұл шаралардың бәрі орынсыз. Мақсатқа сай келе ме, жоқ па – ол жағы жіті талданып жатқан жоқ. Акциздер туралы айтар болсақ, көбі Дүниежүзілік банктің "қанты көп өнімдер Қазақстанда өте мол" деген зерттеуіне сүйеніп, шешім қабылдайды. Шынында да, бұл шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені, сандарға қарап отырсақ, елде бір адамға айналатын шырын көлемі 49 литр деген зерттеуге сүйенсек, бұл өте төмен көрсеткіш екенін байқаймыз. Ал мәселен Германияда бұл көрсеткіш 300 литр, АҚШ-та 287 литр. Біздің бағытта шешім қабылдауда халықаралық тәжірибелер есепке алынбайды. 2023 жылға қарай 20 пайыздық акцизді енгізу арқылы артынша бұл көрсеткішті 40 пайызға дейін жеткізудің өндіріске қалай әсер ететінін білесіздер ме? Біздің күтуімізше, мұндай жағдайда өндіріс 26 пайыздан 80 пайызға дейін азаяды. Бізге неліктен құрамында қанты бар өнімдер халыққа "жау" ретінде көрсетілетіні түсініксіз. Қазақстандықтардың тамақ рационында қанттың мөлшері бар-жоғы 2 пайыз ғана. Неліктен Денсаулық сақтау министрлігі қалған 98 пайыз бойынша жұмыс жүргізбейді?" - деп сұрақ қояды ол.

 Жалпы дені сау ұлт туралы айтылар болса, азық-түлікті зиянды және зиянсыз деп бөлу үрдісі байқалатын көрінеді. Жекелеген азық-түлік түрлерін шеттеу саясаты мүлде дұрыс емес.

"Мамандардың бәрі білетіндей, тіпті пайдалы өнімдерді артық тұтынудың өзі денсаулыққа зиян. Өкінішке қарай, мұндай шешімді Денсаулық сақтау министрлігі кулуарда шешеді. Қоғамдық тыңдаулар көз бояушылықпен өтеді. Министрлік тарапынан бізге келгенде ешқандай кері байланыс  жоқ" - Әлия Мамытбаева сөзін осылай деп аяқтады.

Бизнес неліктен билікке ренжулі?

Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының басшысы Жібек Әжібаева мәлімдемесі тіпті салмақтырақ болды.

 "Өзіңіз көріп отырғандай, біздің альянстың барлық мүшесі көтеріліп отырған бүгінгі мәселелерге бір ауыздан қосылады. Үкімет қазір біздің тыңдап отырған жоқ. Қағаз жүзінде берген хатымыздың да, кездесулерлеріміздің де ешқандай пайдасы жоқ. Осылайша, бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция министрліктерінің жұмысы біздің көңілімізден мүлде шықпайды. Біздің олардан күтетініміз мол. Ал Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетіне келер болсақ, біздің айтарымыз: үш жыл бойы қаржылық жүктеменің көбеюі, пилоттық жобалардың көптігінен жыл сайын шағын және орта бизнес саласында 5-8 мың кәсіпкерге дейін жоғалтып жатырмыз. Сондықтан осының бәрін тыңдап, темекі өнімдерін таңбалау барысын талдай келе айтарымыз: бұл біздің бизнесті өлтіріп тынады. Осыған байланысты мен Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының басшысы ретінде былай деп мәлімдеме жасауға мәжбүрмін: бүгінгі таңда Үкімет мүшелері, министрлер халықты да, Президентіміз де тыңдамай отыр. Мемлекет басшысы нақты "шағын және орта бизнеске жағдай жасайық" деді. Еуразиялық экономикалық одақ отырысында таңбалаудың керек еместігін ашық айтты. Бізді соқыр әрі мылқау Қаржы министрлігінен құтқарыңыздар! Біз министр Жамаубаев (Ерұлан Жамаубаев, қаржы министрі – авт.) пен мемлекеттік кірістер комитеті Сұлтанғазиевтің (Марат – авт.) отставкасын талап етеміз. Осы жиындағы қатысушылар мені бұл сұраққа келгенде қолдар деген үміттемін", - деп түйді Жібек Әжібаева.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу