Кәсіпкерлер кредит пен салық төлеу мерзімін шегеруді сұрап жатыр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5074

Бизнес субьектілерінен 5 660 өтініш түсті. 

Кәсіпкерлер кредит пен салық төлеу мерзімін шегеруді сұрап жатыр

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан жедел штаб құрылды. Оған еліміздегі төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету міндеті жүктелді.

Палатаның аппарат басшысы Нұралы Бөкейхановтың баяндауынша, жедел штабқа бизнес субьектілерінен 5 660 өтініш келіп түсті. Өтініштің 85%-ы - шағын, 13%-ы - орта, 2%- ірі бизнес өкілдерінің атынан жолданды. 

"Елімізге төтенше жағдайдың енгізілуі мен шекараның жабылуы барлық кәсіп иелеріне соққы болып тиді. Үкімет оларға қолдау көрсету шараларын бастап кетті.

Ал палата жанынан құрылған жедел штабқа кәсіпкерлерден қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр болған компаниялар не істеу керек, бизнес субьектілері үшін ғимаратты, жерді жалға алу құнын төлеу мерзімі ұзартыла ма, коммуналдық қызмет ақысын төлеуге жеңілдік жасала ма деген мағынадағы сауалдар толасыз келіп жатыр", – деді Нұралы Бөкейханов.

Оның сөзінше, жедел штабқа хабарласқан азаматтардың 50%-ы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының кәсіпкерлері.

"Бізге хабарласқан бизнес субьектілерінің 60%-ы қаржылық қиындықпен бетпе-бет келіп жатқандарын жеткізді. Білім беру орталықтары оқу үдерісін  тоқтатқандарына, сұлулық салондары мен консалтингтік компаниялар клиенттерінің күрт қысқарғанына шағымданды. Кәсіпкерлер кредит пен салық төлеу мерзімін шегеру туралы өтініш білдірді. Ал кәсіпорындар еңбек ресурстарын сақтауға өтемақы төлеу мәселесін күн тәртібіне қойды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өтініштерді мемлекеттік органдарға жолдады. Нақты шара қолдану жұмысы басталып кетті", – деді Нұралы Бөкейханов.

Аппарат басшысының мәлімдеуінше, кәсіпкерлерге арнайы Call-орталық ұйымдастырылған.

"Кәсіпкерлерге 1432 нөміріне хабарласып, мәселелерімен бөлісу мүмкіндігі берілді", – деді палатаның топ-менеджері.

Төтенше жағдай кезінде қолданысқа енгізіліп жатқан шаралар форс-мажорлық шара саналады. Сондықтан оған түсінушілікпен қарау қажет. Бұл туралы ұлттық кәсіпкерлер палатасы құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры Шыңғыс Темір: "Президенттің Жарлығында елдегі төтенше жағдайға байланысты  бизнестің белгілі бір түрлері қызметін тоқтата тұруы немесе шектеуі тиіс екені нақтыланған. Мұндай жағдайда бизнес субъектілерінің өкілдері "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының еншілес компаниясы Қазақстанның сыртқы сауда палатасына хабарласып, форс-мажорлық жағдайға байланысты анықтама алуы керек. Бұл үшін кәсіпкерлер online@atameken.kz мекенжайына онлайн тапсырыс беруге тиіс. Елдегі төтенше жағдайға байланысты анықтама бұрынғыдай 15 күнде емес, 5 күнде және тегін беріледі. Ерекше атап көрсетерлігі, келісімшарт бойынша міндеттемелер бұзылмаған болса, кәсіпкерлерге анықтама қажет емес. Төтенше жағдай уақытша құбылыс екенін ескеріп, кәсіпкерлерге контрагенттермен ортақ келісімге келген тиімді болады", – деді.

Департамент директорының сөзінше, мәселе жалға алу мен жалға беруден туындаса және жалға беруші жалға алушыдан қызметі тоқтап тұрғанына қарамай жалдау ақысын талап етсе, онда тараптар жалдау ақысын бөліп төлеу мүмкіндігін қарастырулары қажет.

"Бұл жерде жалға берушінің де салық төлеуші екені назардан тыс қалмауға тиіс. Себебі оның да салық төлеуші ретінде нақты міндеттемелері бар. Мұның сыртында кредиті болу мүмкін. Осыны ескере отырып, біз кәсіпкерлерді уақытша белгілі бір салық түрлерін төлеуден босатуды ұсынамыз", – деді Шыңғыс Темір.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу